Азаматтық авиация ақсап тұр
Азаматтық авиация ақсап тұр
454
оқылды
Отандық авиация қыз­метінің сапасына бақы­лау­дың тиісті деңгейде жүр­гі­зілмеуі талай жылдан бері айтылып, жауыр бо­луға ай­налды. Оның дәлелі – жиі-жиі болып жатқан әуе кемелерінің апаты. Соңы адам өлімімен аяқта­лып жатқан ұшақ апатынан неге сабақ алмай отыр­мыз? Он екі жыл бұрын дәл осы айда Шығыс Қазақстан облысында Ми-8 тікұшағы құлап, 8 адам қапыда қаза тапты. Оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды, артынша сол кездегі Премьер-Министр санитарлық авиация паркін жаңалауды және алғашқы медициналық көмек көрсететін мобильді бөлімшелерді құруды тапсырған. Сөйтіп бір жылдан соң Санитарлық авиация жөніндегі республикалық үйлестіру орталы­ғы ашылды. Әйтсе де, үйлестіру орталығының қаншалықты қажет­ке жарап жатқаны түсініксіз. Өйт­кені әлі де сол. Әуе апаттарының саны көбеймесе, азайған жоқ. Ал апатты жағдайда қонған және құлаған авиациялық тікұ­шақ­тар­дың көбісі санавиациялық қыз­метке тиесілі.

Ескірген бөлшектер ұшуға кедергі келтірмеген

Есте болса 2012 жылы Шым­кентте құлаған, Ан-72 ұшағынан 27 адам қаза тапты. Сол жылы тек бір ғана 2012 жылдың қыркүйегіне дейінгі мәліметтер бойынша АН-28-ге ұқсас ұшақтардың 25 апатқа ұшырағаны белгілі болған. Елді есеңгіреткен осы оқыс оқиғадан кейін бір жыл өткенде Алматы әуежайына жақын Қызылту ауы­лының тұсына Көкшетаудан Алма­тыға жолаушы әкеле жатқан Scat компаниясының CRJ-200 ұшағы құлап, 21 адам көз жұмды. Тағы бір жылдан соң Жамбыл облысында бортында экипаж мүшелерімен қосқанда жеті адам болған Ан-2 ұшағы құлады. Әуе апатынан бес адам қаза тапты. Ал 2016 жылы Алматы облысында Алакөл ауда­нынан Талдықорған қаласындағы ауруханаға науқас баланы апара жатқан UP-MD 600-N тікұшағы құлап, тағы бес адам мерт болды. Осы жантүршігерлік оқиғадан ке­йін де сани-тарлық авиацияны жан-жақты тексеруге тапсырма бе­рілді. Прокуратура осы қызмет­тегі тікұшақтарды түгел қарап, бюд­­жеттен бөлінген әр тиынның есебін алу керек болған. Өйткені апатқа ұшыраған тікұшақ бір ай бұрын ғана дәрігерлердің пайда­лануына беріліпті. Сұмдығы сол көкке бар болғаны екінші рет кө­терілгенде апатқа ұшыраған әуе көлігі 86 млн теңгеге сақтан­ды­рылған. Өкінішке қарай, үйлестіру орталығы құрылып, құзырлы орын­дардың тексерісі қатаңда­тыл­ғанымен, әуе апаты азайған жоқ. 2017 жылдың қазан айында Алма­тыдан Шымкентке бағыт алған Ан-28 әуе кемесі апатқа ұшырады. Бес адам қайтыс болды. Оның екеуі ұшқыш, борт технигі және екі дәрігер. 2019 жылы Ақмола облы­сы­ның Целиноград ауданына қа­расты Родина ауылында АН-2 ұша­ғы апатқа ұшырап, бір ұшқыш қаза тауып, 2 экипаж мүшесі жара­қат пен күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Артынша Ақтаудан Шым­кентке ұшып бара жатқан Ми-8 тікұшағы құлап, бортта бол­ған 13 адамның бәрі бақилық бол­ды. Сол жылы Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Bek Air әуекомпаниясының Fokker-100 ұшағы да әуежай маңында құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен экипаж­дың бес мүшесі болған. Апаттан тағы 13 адам қаза тапты. Әуе апа­тын тексерген мамандар сол жылы әуекомпаниясы мен авиация сала­сын былық жай-лағанын әшке­ре­леді. Сөйтсе компания қаржыны үнемдеп істен шыққан ұшақтардың ескі бөлшектері мен жабдығын ұшып жүрген ұшақтарға ауысты­рып салыпты. Осылайша, ескірген ұшақтың қосалқы бөлшегімен-ақ аспанға көтерілуге еш қиындықсыз рұқсат алып келген. 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарба­ғатай ауданы, Ақсуат ауылындағы 4 айлық нәрестені облыс орта­лығына жеткізу үшін шыққан ұшақ қалың қарға құлап, абырой бол­ғанда адам шығыны болмаған. Был­тыр да Өскеменнен Зайсан ауданына бағыт алған АН 2 сани­тарлық авиация ұшағының қоз­ғалт­қышы істен шығып, шұғыл қо­нуға мәжбүр болды. Бұл облыс­тағы АН-2 санитарлық ұшақтары­ның қатысуымен болған бірінші жағдай емес. Мұндай әуе ұшақта­рының апаты бұған дейін де об­лыс­та екі рет болған. Ал жақында Қызылорда облысында сана­виа­ция­ға тиесілі АН-2 тікұшағы тағы да құлады. Тікұшақ толығымен жа­нып кетті.

Санавиация сапаға көңіл бөлмеген бе?

Апатқа жиі ұшырайтын сана­виация мәселесі тарифтен баста­лады екен. Саладағы салғырттық­тың салдарынан 2017-2021 жыл­дары медициналық көмек көрсету барысында әуе кемелерінің тех­никалық ақауларына байланысты 14 әуе көлік оқиғасы болыпты. Санитарлық авиация қызметінің өз ұшақтары жоқ. Сол үшін олар тиісті мекемелермен келісімшартқа отырып, ұшақты жалға алады. «Са­навиациядағы көлік тасымалдау және медициналық қызмет тарифі 2014 жылдан кейін өзгертілмеген. Былтыр ұшақ құлағанда депутаттар осы мәселені көтеріп, қосымша қаражат сұраттық. Өйткені ескі тариф көштен қалған ұшақтардың қызметін алуға ғана мүмкіндік бе­ріп келген еді. Ал заманауи тез ұша­тын, қауіпсіздігі жоғары ұшақ­тардың бір сағатқа төленетін та­риф­тері өте жоғары. Алайда қақсап жүріп алдырған қаражат та апаттың алдын ала алмаған. Тағы сол 20-25 жылдық жұмыс өтілі бар ескі ұшақ­тарды қолданып жүрміз. Мы­салы, кешегі Аралда апатқа ұшыра­ған ұшақтың да жұмыс өтілі 24 жыл екен. 2021 жылы берілген 21 млрд теңге қаражат неге дұрыс игерілмей қалып тұр? Соның ішінде санавиа­циядағы игерілмей тұрған 700 мил­лион теңге қаражаттың есебі берілу керек», – дейді сенатор Ақ­марал Әлназарова. Оның сөзінше осы салада қызмет көрсететін АН-2, Як-40, Ан-24 ұшақтары ескірген. Орташа қызмет ету мерзімі шама­мен 40-45 жылға жеткен. Олардың ұшу-техникалық, санитариялық-экологиялық сипаттамалары (шуыл, діріл, салондағы темпе­ра­туралық режим) халықаралық стандарттарға мүлдем сәйкес келмейді. Бұдан бөлек еліміздегі медициналық авиация паркі соң­ғы рет 2013 жылы жаңартылған көрінеді.

Әлемдік тәжірибе әбден керек

Азаматтық авиацияға тиесілі ұшақтардың көбісі ескіргенін инженерлер де үнемі айтып келеді. Бірақ естір құлақ болса, қанеки. Былтыр Qazaq Air ұшақтарының шассиі екі рет жарылды. Ақауы табылған ұшақтардың техникалық қауіпсіздігін тексерген мамандар жарамдылық мерзімі өткен ұшақ­тардың шассилері тозғанын айтты. Онда да әуе-компаниясы ұшақ­тардан ақша үнемдегенге ұқсайды. Айтпақшы екі жыл бұрын Азамат­тық авиация комитеті «Қазақ­станның авиациялық әкімші­лі­гімен» бірлесіп, әуекомпания­лар­дың қызметіне жоспардан тыс аудит жүргізген болатын. Тексеру кезінде сарапшылар ұшақтардың көбісі 20 жылдан асып кеткенін жариялады. Бес жыл бұрын сенатор Талғат Мұсабаев ұшақтар мен ұшқыш­тардың көкке көтерілуіне рұқсат беру мен қауіпсіздікті қадағалау ісімен бөлек мекеме айналысуы қажет екенін айтқан болатын. Өйт­кені әлемдік тәжірибеге сүйен­сек, авиакомпанияларға сертифи­кат беретін ұйым мен оны тексе­ретін мекеме бөлек. Ал бізде ешкім қатаң қадағалауда болғысы кел­мейді екен. Қазір еліміздегі әуе­ком­паниялар мен ұшқыштарға сертификат беретін де, олардың жұмысын тексеретін де Азаматтық авиация комитеті. Тәуелсіз қада­ғалау болмаса бұл тексерістен қай­ран жоғын айтқан сенатор былтыр тағы мәселе көтерді. Оның ай­туын­ша, «Қазақстанның авиация­лық әкімшілігі» АҚ мен Азаматтық авиация комитетінің міндетін рет­теу керек.