Оңтүстік астанадағы Махатма Ганди саябағында мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғауға арналған рұқсат етілген акция өтіп жатыр.
Олар негізінен билікке, мүгедек жандарға жеңілдіктерді көбейту, мүгедектердің құқықтарын бұзуды тоқтату, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жүріп-тұруына жағдай жасау, әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлықпен күресу сынды төрт түрлі талап қоюда.
Митингке қатысушылар әлеуметтік жағдайларының төмендеп кеткендігін айтуда. Олардың айтуынша, мемлекеттен мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы отбасын асырауға жетпейді. Берілген ақша тек дәрі-дәрмекке кетеді. Көпшілігі ыңғайлы жұмысқа орналаса алмай жүргендерін айтты.
Митингіге қатысушылар мүгедектерге берілетін жәрдемақыны инфляция деңгейіне дейін индексациялауды, мүгедектердің құқықтарын бұзуды тоқтатуды, сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсету тәсілдерін қайта қарауды талап етуде.
Олардың арасында мүгедектер арбасына таңылғандар да көп. Өздерінің айтуынша, алматылықтар қала көшелерінен мүгедектер арбасына таңылған адамдарды сирек көреді. Өйткені, бұл санаттағы адамдар үшін қалада еркін жүріп тұруға қажетті жағдай жасалмаған.
Өз сөздерінше мегаполисте мүгедектер арбасына таңылғандар үшін қолжетімді қоғамдық көліктің жоқтығын айтуда. Олар үшін түрлі қоғамдық орындардағы қолжетімсіздік жиі кездесетінін мәлімдеді.
Митингіде айтылған негізгі талаптардың қатарында жәрдемақыны көбейтуге қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Талап қоюшылар бірінші топтағы мүгедектерге берілетін жәрдемақы 100 мың теңгеге жуық, екінші топтағы мүгедектерге 50 мың теңгені құрайтынын айтады. Осы қаражаттың көлемін екі есеге дейін көтеруді сұрады.
Жиналғандар көтерген өзекті мәселелердің қатарында aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталының жұмысына сын айтылды. Минтингке шыққандар аталған порталдың қызмет көрсету сапасы тым төмен екеніне шағымданды. Айтуларынша керек кезінде қажетті сауалдарға жауап алу айтарлықтай қиындап кеткен.
Сондай-ақ митингке жиналғандардың бір тобы «Қазақ соқырлар қоғамының» жұмысына көңілі толмайтынын айтуда. Олар қолдарына осы ұйымның жемқорлыққа белшесінен батқандығы жазылған парақшалар ұстап шықты.