Жамбыл облысында қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бөтеннің мүлкін ұрлады деген күдікпен бес азамат ұсталды, - деп хабарлайды 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы.
Күдіктілер мөлтек аудандардың бірінде орналасқан дүкенді бұзып кіріп, ұялы телефон мен Smart-сағатты қолды қылды деп айыпталып отыр.
Қылмыс қаңтардың бесінен алтысына қараған түні жасалған. Полицейлердің мәліметінше, олар құны 188 мың 500 теңге болатын смартфон мен сағатты ұрлаған. Ал олардың бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түскен.
Бейнежазбадан қара киім киген екі азаматтың дүкенге кірген сәті анық көрінеді. Кейін жол бойына тоқтаған ақ түсті көліктен тағы бір азамат түсіп, дүкен жаққа барады.
Құзырлы орган мәліметінше, қазір күдікке ілінген бес азамат ұсталып, тергеліп жатыр. Бұл дерекке қатысты «Ұрлық» бабы бойынша соталды тергеу басталды. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.