Мыңға жуық шетелдік жауапкершілікке тартылды
Мыңға жуық шетелдік жауапкершілікке тартылды
301
оқылды
Алматыда мыңға жуық шетелдік Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған. Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды. 10-17 наурыз аралығында Алматы қаласында заңсыз жүрген адамдарды анықтау, сондай-ақ криминогендік жағдайды жақсарту мақсатында қала аумағында «Мигрант» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. – Іс-шараның төрт күнінде ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 1 263 адам анықталды және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 101 шетелдік, оның ішінде жеті адам азаматтық сот ісін жүргізу арқылы елден шығарылды. Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін 951 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 282 қабылдаушы тарап жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 30 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырудың 6 дерегі анықталды және тіркелді, – деді Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов. Құқық бұзушылардың арасында қолына емізулі сәбиін ұстап, базарда қайыршылықпен айналысқан 26 жастағы Өзбекстан азаматы да бар. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ол ҚР ӘҚбК-нің 449-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әкімшілік айыппұл түрінде өндіріп алынды. Сондай-ақ 2017 жылдан бері Қазақстан Республикасының аумағында жеке басын куәландыратын құжатсыз және тұрақты тұрғылықты жері жоқ болып жүрген 50 жастағы Өзбекстан азаматына қатысты әкімшілік шара қолданылды. Сот шешімімен ер адам Қазақстаннан шығарылды. Көші-қон қызметінің қызметкерлері Өзбекстан Республикасына қайту үшін анықтама алуға көмек көрсетті.