Ресейге салған санкциялар ресейліктердің түрлі себептермен өзге елдерге көшу үрдісін жеделдеткен тәрізді. Ғаламтордағы ақпаратқа сүйенсек, олар көбіне көп Грузия, Армения, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз елдерін таңдайды екен. Ендеше, ертеңгі күні геосаяси жағдай ушыға түсіп, ресейліктер жаппай көшіп келе бастаса, бұл еліміздегі еңбек нарығы, үй бағасы мен қызмет көрсету бағасына кері әсер етуі мүмкін бе?
Telegram – әлемге ашық терезе
Жалпы бұған дейін Қазақстанның жыл сайын шетелге тұрақты тұруға қоныс аударып кететін «бұрынғы» қазақстандықтардың саны орташа есеппен 30-35 мың адам болатын болса, оның 80%-дайын ресейліктер құрайтын. Мәселен, былтыр олардың саны 28 мың адамға жеткен. Ал жалпы 2000-2021 жылдар арасында елімізден кеткен орыс ұлтының өкілдері 584 000 адамды құраған. Енді ақпан айында Ресейде басталған әскери қимылдар мен санкциялық шектеулердің салдарынан бұл процесс кері жүріп жатқан секілді.
Ресейдің интернеттен ажыратылуы, шетелдік әлеуметтік желілердің бұғатталуы, есеп айырысудың қиындығы, әскери қимылдарды қолдамау, оған өздері де шақыртылуы мүмкін деген қорқыныш сынды көптеген себептердің жетегімен ресейліктер елден кетуде. Кейбір ақпарат көздерінде олардың саны мыңдап саналады. Ал кетпегендері ғаламтордағы әлеуметтік желілерде белсенді түрде «барлау» жүргізуде. Мұнда әлемге ашық қалған жалғыз ғана терезе ресейлік Telegram мессенджері болып отыр. Қазір әлеуметтік желіде осы тақырыптағы көптеген чаттар мен топтарды кездестіруге болады. Солардың бірі – біздің елімізге арналған ҚАЗАҚСТАН чат-форумы. Бүгінде 2 500 адам қызу әңгіме жүргізіп жатқан бұл әңгіме алаңында ресейден көшіп келгендер құжат рәсімдеудегі қиыншылықтарымен бөлісіп, ақыл сұраса, келгісі келетіндері ақша аудару жолдарын білгісі келеді, шекараның қашан ашылатынын сұрайды. Айтуларынша, құрлық шекарасы 1 сәуірге дейін жабық екен. Ал жергілікті тұрғындардың кейбіреуі әсіре көңілмен тіл үйреніп келуге үндегені болмаса, көмектесуге әзір.
«Мен қазір Ресейдемін. Бірақ қалыптасып отырған жағдайға байланысты бойымда қорқыныш пен мазасыздық бар. Өзімді бейне бір торда қамалғандай сезініп жүрмін. Мұнда бәрінің де бастан кешіп жатқан сезімдері осындай. Өзім суретші-фрилансермін, шетелдік клиенттермен жұмыс істеймін, сондықтан шектеулер маған ауыр тиіп тұр. Сондықтан да Қазақстанға кетіп қалғым келеді. Қазақстанда бұған дейін сан рет болғанмын. Павлодарда туыстарым бар. Олар өмір бойы сонда тұрады. Менің салам интернет болғандықтан, шетелдегі клиенттеріммен бәрібір байланысқа шығуым керек. Ал төлқұжатым Ресейдікі болғандықтан, онымен интернетте еш қай жерде тіркеле алмайсың, саған ешкім ақша төлей алмайды. Сондықтан да туыстарыма салмақ салатын болармын. Қалай болғанда да Қазақстанда туыстарым бары мен үшін өте жақсы болып тұр. Кетіп қала аламын, көмек сұрай аламын. Әйтпесе, енді болмағанда ақшасыз және жұмыссыз қалатын түрім бар», – дейді Александра фамилиясын да, тұрған өңірін де атаудан бас тартып.
Чаттағылардың арасында Қазақстанға көшіп келгендері де бар. Бүгінде Алматы қаласына келгеніне бір апта ғана болған Сергей мен Жанна Дрофеевтер (есімдері өзгертіліп алынды) отбасы кішкене қызымен таныстарының үйінде тұрып жатқанын айтады. Пәтер жалдауға ыңғайлы үй таба алмай, қаланың сыртындағы Мұхамеджан Түймебаев ауылынан қатынап жүр екен. Бір жағы жұмыс іздестіруде.
Нарық тарлық етпей ме?
Ғаламтордағы ақпарат көздерінен, ресейліктердің көп ретте Кавказ елдерін таңдайтынын көруге болады. Мәселен, наурыз айының алғашқы аптасында Грузияға 26 мыңға жуық ресейлік келіпті. Әйтсе де, грузиндер орыстарға оң қабақ танытып отырған жоқ. Ал Арменияда керісінше, мұнда жұмысқа тұрған шетелдікке елде тұруға ықтиярхат беріледі. Сондықтан да соңғы айда ресейліктер қатты көбейіп кеткен. Соған сәйкес, үй жалдау, такси және көпшілік тұтынатын бірқатар азық-түліктер мен тауарлар қымбаттай бастаған. Ал еліміздегі мамандар бұл мәселенің екі жағы бар деп отыр.
«Бұл біріншіден экономикалық жағынан жақсы. Өйткені ол жақтан кетуге мәжбүр болған компаниялар бізге көшіп келсе, салық төлейді, жұмыс орындарын ашады. Ал екіншіден бұл ұлттық қауіпсіздік жағынан күрделі болуы мүмкін. Себебі олар өздерінің мамандарын ала келсе, бұл жергілікті еңбек нарығына әсер етеді. Өзге елдермен салыстырғанда бізде олардың еңбек күшіне квота қойылмайды. Бұл жұмыссыздық мәселесіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан да мемлекеттік органдар осы тұрғыда түрлі шектеулер мен квоталар ойлап тауып, алдын алғаны жөн», – дейді әлеуметтанушы Айдар Хамит.
Пәтер жалдау бағасында мамандар тікелей байланыс көріп отырмағанын айтады.
«Қазақстанға келер болсақ, бұл миграция да тұрғын үй нарығына әсер ете қоймайды. Ондай болжам жоқ. Себебі біріншіден оқу мерзімінің аяқталу кезеңі жақындап келеді. Естеріңізде болса, былтыр қыркүйек айында пәтер жалдау бағасы қатты өскен болатын. Қазір көптеген студенттер өздерінің ауылдарына қайтады, сәйкесінше пәтерлер босай бастайды. Осы кезеңде бағаны көтеру қисынға келмейді», – дейді экономист Асылбек Күздеубаев.
«Иә, қазірден бастап пәтер қымбаттап жатқанын байқап отырмыз. Бірақ мұның бәрі инфляцияның салдарынан деп білемін. Әрине, шетелден көшіп келушілер мұнда аз да болса үлесін қосуы мүмкін. Бірақ негізгі рөлді ойнамайды. Керісінше, жазда пәтер бағасы арзандайды деп күтілуде», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.
Дегенмен азды-көпті ресейліктер елдерінен қашып жатқанымен, ол әлі жаппай сипат ала қойған жоқ, сондықтан да біздің нарыққа әсер етерліктей сындарлы межеге жетпеді. Сонымен қатар Ресейде жалақы жоғары екенін ескерсек, Қазақстандағы аз айлыққа келе қоюы да екіталай.