Жауын шымкенттіктерді әбігерге салды
Жауын шымкенттіктерді әбігерге салды
Шымкенттіктер көктемнің алғашқы айын жаңбырмен қарсы алды. Міне, айдың жартысы болса да, жаңбыр бір күн де толастаған емес. Кеше тағы да қатты жаңбыр жауып, найзағай күтілетінін, екпіні 15-20 м/с болатын желдің оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатыны туралы хабарлама келді. Синоптиктердің мұндай ескерту хабарламасы жиі келіп тұр. Ауа райының бұл тосын мінезі шаруаларға да, тұрғындарға да жайсыздық туғызып отыр. Әсіресе, Шымкент қаласының жаңа шағынаудандары табиғаттың мұндай тосын мінезіне дайын емес. Жаңа деген аты болмаса, кейінгі салынған үйлердің көпшілігі құрылысы сапасыз салынған соң тұрғындар зардап шегуде. Одан бөлек, қала күннен-күнге кеңейіп, шеткі аймақтардағы инфра­құры­лымның шикіліктері де тұрғындардың жанына батып-ақ жүр. Жел үп етсе, жарық өшіп, жаңбыр жауса, төбеден су сорғалап, көпқабатты үй тұрғындарын әбігерге салады. «Өткен аптада Шымкент қаласында болған бір күнгі жаңбырдың мөлшері 1 айлық нормадан асып, 28 мм құрады. Синоптиктердің айтуынша, айлық көрсеткіш 26 мм екен. Су басу қаупі бар аумақтардағы жаңбыр суын сору жұмыстарын үйлестіру үшін әкімдік, Төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық қызметтердің мамандары енген жедел штаб құрылды. Сонымен бірге әр ауданнан арнайы кезекші бригадалар ұйымдастырылды», – деп хабарлады әкімдік. Алайда мөлшерден тыс жауған жауынның салдарынан қаладағы бірқатар көшелерді су басты. Көлік қозғалысына кедергі болып, жаяу жүргіншілердің жүруі қиындады. Жерасты жолдары мен аулалар суға толды. Ал үнемі проблемадан көз ашпайтын Нұрсәт шағынауданындағы көпқабатты «көк үйлер» тағы да қиындықпен бетпе-бет келді. Толассыз жауын көпқабатты үйдің қуыс-қуысынан кіріп, үйлерге өтті. Айта кетейік, бүгінде ел ішінде «көк үйлер» аталып кеткен көк түсті осынау жаңа үйлердің қашаннан бері жылуынан, газынан, суынан, жарығынан да мәселе көп. Тіпті, бүгінде баспана іздейтіндер қаншалықты құны төмен бағада болса да «көк үйлерден» айналып өтетін жағдайға жеткен. Кезінде жылдар бойы кезекте тұрып, қол жеткізген үйлерінен бүгінде тұрғындар да азарда-безер. №38 тұрғын үй алабының төрайымы Севра Миночкина жаңбыр жауған сайын осылай қиналатынын жеткізді. «Нөсер жауын көпқабатты үйдің ішін көл қылды» дейді ол. – Су сақтайтын құбырлар арқылы жаңбырдың суы көшеге шығуы керек. Бізде керісінше көшеге шықпай, пәтерлердің ішіне кіріп жатыр. Өйткені құбырлар бір-бірімен дұрыс жалғанбаған. Жауын суынан пәтер қабырғалары көгеріп кеткен. Сондықтан тұр­ғын­дар бітелген құбырды өздері тазалап әлекке түсуде, – дейді Севара Миночкина. Ал Тұран шағынауданындағы «Адия» тұрғын үй кешеніндегі 160 отбасының жыры мүлдем бөлек. Олар бір айлық мөлшерде жаңбыр жауған түнді көз ілмей өткізген. Кәріз құбырларына да жауын суы толып, қолқаны қапқан қолаңса иістен дем ала алмай қиналған. Сыртқа шығудың өзі мүмкін емес. Соған қарамастан тұрғын үйдің белсенді мүшелері сыртқа шығып, күрекпен өздері тазалауға кіріскен. Кейіннен арнайы мамандар келіп, таңға дейін су сору шараларын атқарған. Сонда да қолаңса иіс үйдің ішінен де әлі күнге дейін кетпей отыр екен. Тіпті, одан бергі күнде де әр жауған жаңбыр сайын кәріз суға толып, атқылайды. «Самұрық-Қазына» констракшн салған бұл үй де мемлекеттік бағдарламамен тұрғындардың жылдар бойы кезекте тұрып қол жеткізген басапанасы екен. Тұрғын үй кешенінің тұрғыны Айгүл Мырзаева мұнда өзекті мәселенің көп екенін айтады. «Арендалық үйді 13 жылға бөліп төлеуге келісімшартқа отырғанбыз. Алайда бала-шағамыздың аузынан жырып ай сайын 130 мың теңге көлемінде төлеп отырған үйіміз 13 жылда құлап бітетін шығар деп қауіптенеміз. Дұрыс орнатылмаған кәріз жүйесінің салдарынан кәріз жарылып, лас су үйдің алдын алып кетті. Барлық кәріз құдықтары атқылап, есіктің алдына шыға алмай қалдық. Иісі жер дүниені алып барады. Әлі күнге дейін сасып жатыр», – дейді ол. Ал Жазира Байсалова ирригация жүйесінің о баста дұрыс салынбағанын жеткізді. «Лоток деген салынып, ол бір арнаға ағып кету керек қой» деді ашынған тұрғын. Тұрғындар әр жауын жауған сайын үйіміз бір күні құлап қалмай ма деген қауіпте отыр. Онсызда көп­қабатты үйдің әр жері ойылып, жарықшақ пайда болған. Қабырғалары да түсіп жатыр. Билік болса, жеке компаниялар есебінен салынған бұл үй Тұрғын үй басқармасының теңгеріміне енді ғана өткенін айтып ақталды. Шымкент қалалық Құрылыс бас­қар­масының басшысы Әбілсейіт Рабаев: Адия» тұрғын үй кешенінің құрылысын «Самұрық-Қазына» констракшн мен жеке инвестор «Адия груп Тұран» ЖШС салған. Бұл жерде жауапкершілік солардан сұратылуы керек деп есептеймін» деген қысқа жауап қайырды. Осылайша, табиғаттың тосын мінезі шымкенттіктердің сапасыз құрылысын судың бетіне шығарып беріп жатыр. Бірақ оған мойын бұрып мойындай қоятын билік қайда? Іштей «Құрылысты қабылдап алған адам бүгінде жұмысын ауыстырып кеткен, біз кінәлі емеспіз» деп отыра береді. Міне, билік басындағылардың жиі ауысатынының бір салдары осы... Ал мегаполисте алдағы апталарда да жауын-шашынның көп болатынын синоптиктер ескертіп отыр.

Шымкент қаласы