Балалар білім көрмесін тамашалады
Балалар білім көрмесін тамашалады
641
оқылды
Елордада «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен «Білім және денсаулық-2022» көрмесі өтті. Жастардың білімге ынталандыру үшін ұйымдастырылған іс-шараның салтанатты ашыл­уына Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мен «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ президенті Дархан Өте қатысты. Көрменің ашылуында алғаш болып сөз алған вице-министр Шолпан Каринова  мемлекеттің балаларды қолдауға әр кез дайын екенін айтты. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны баршаға аян. Осы мақсатта оқушылардың тың бастамаларын қолдауға дайынбыз. Жалпы, балалардың ғылымға, білімге, жаңашылдыққа құштарлығы бізді қуантады. Бүгін осы көрмеге жиналған оқушылардың әр жұмысы үлкен жетістік, – деді ол. Ал «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ президенті Дархан Өте «Жастардың бұл алғашқы қадамы әлемдік ірі ғылыми жобаның ашылуына сеп болады. Осындай талапты жастың білімін жетілдірген ұстаздар қауымына алғыс айтамыз» деп ризашылығын білдірді. Көрмені тамашалауға келген жұрттың қарасы көп болды. Әсі­ресе, балалардың ғылыми жобаларына қызығушылық танытқан қала тұрғындары мен қонақтары әр стендті ынтасымен тыңдап, суретке түсірді. Көрмеге бірқатар мектеп-лицей оқушыларының жұмысы қойылды. Соңғы уақытта ұлттың саулығы – өте өзекті тақырып. Дүние елдері ұрпақтың білімді һәм дені сау болуына басты назарды аударып отыр. Көрмеде де оқушылар замандастарына зиянды әрекеттен аулақ болуды, салауатты өмір салтын ұстануды, бастамаға үн қосуды өз жобалары арқылы көрсетті. Көрме соңында технологиялар бойынша түрлі инновациялық жобаларды құрастырып, уақыты мен білімін арнаған оқушылардың еңбегі көпшіліктің көңілінен шықты.