Халқымыздың қастерлі мерекесі Ұлыстың ұлы күні – жыл басы ғана емес, жақсылықтың бастауы. Тіршілікке жан бітіріп, жаңару мен рухани тазару айы болған қастерлі мейрамды қалай тойлатып жүрміз? Ырыс пен ынтымақтың басы саналған бұл күнді қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін күн ретінде ғана қабылдау қаншалықты дұрыс?
Қыстан аман шыққан жұрт әз-Наурызда бір-бірімен қауышып амандасып, көңілдерінде қатып қалған кірбің болса, кешірім сұрап, табысады. Жұрт үйлерінің айналасын қоқыстан тазалап, ыдыстардың сынғанын лақтырып, артық заттан арылады. Жыл басын осылайша жаңарып, жасанып, жаңа киім киіп қарсы алған. Өйткені ықылым заманнан бастап қазақ мейірім мен шапағат молынан төгілетін осы айда келетін ұлттық мерекемізді ынтымақ пен ырыстың мейрамы деп есептеді. Осылайша, бұл мерекеде қазақ халқының асыл қасиеттері паш етіліп, ертеден келе жатқан салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз кеңінен насихатталады. Алты ай қыстан аман шыққан жұрт жаңа жылдан мол ырыздық нәсіп етіп, бір қазаннан дәм татуды да күні бүгінге дейін үзген жоқ. Ес білгелі әжелеріміз мерекені тойлауды ақпан айының аяғынан бастап, әр үйде көл-көсір дастарқан жайылып, көже пісірілетін. Қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрлер қазір де Ұлыстың ұлы күніне арналған ресми іс-шаралар мен әр ұжымда насихатталып жатыр. Ол да дұрыс шығар. Дегенмен жыл бастауы әз-Наурызды қазір салт-дәстүрді дәріптейтін күнге айналдырып, бастапқы мағынасынан ауытқып кеткен жоқпыз ба?
Кезекті іс-шара болып барады
Наурызға қатысты дәстүрлердің көпшілігі әлі орындалмай келеді. Бұл Ұлыстың ұлы күнін мейрам ретінде тойлауға жалпыхалықтық ынта-ықыластың әлі де жоқ екенін аңғартады. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары әз-наурыз айдың 22-де тойланады. Негізінен, наурызға дайындықты одан ертерек бастау керек. Елдегі этнографтар мен тарихшылар Ұлыстың ұлы күні Көрісу дәстүрінен басталады дегенді айтады. Кейбір жерлерде «Амал» деп атайды. Күн мен түннің теңелуіне бір апта қалғанда ағайын-туыс аман-есен наурызға жеткеніне қуанып, қол алысып, төс қағыстырады. Ал жасы кішілер үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Этнограф, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кейбір деректеріне сүйенсек, ерте уақытта бәйбішелер жаздыгүні қарын-қарын май жинап, жент, құрт жинап, «Наурызда ашамын» деп ырым қылған. Наурызға дейін женті тас қайрақтай болып қатып жатады. Ал наурызда «Самарқанның көк тасы жібігенде» әжелердің женті де жібиді. Қыста жент сұраған немересіне әжелері «Наурыз келсін, сол кезде қарынға қолды салып, жібіген жентті жейміз» деп ынтықтырып қояды. Бұл ынтықтырудың артында наурызды күттіру жатыр. Себебі кез келген мейрамды халық асыға күтеді. Ұлық мереке саналатын әз-Наурыздың ерекшелігі де сол. Ұлыстың ұлы күні келе жатқанын үлкен мен кіші де тағатсыздана күтпесе, мейрам саналмайды. Өкінішке қарай, қазіргі жыл басы саналатын мейрамымыз әкімшілік тарапынан жасалған кезекті іс-шара ретінде өтеді. Жыл сайынғы киіз үй тігіп, көже таратылады. Ары кетсе әр ұлттың ұлттық киімі көрсетіліп, қазақтың салт-дәстүрі паш етіледі. Құдды наурыз қазақтың дәстүр-салтын есіне түсіретін этнографиялық тойына айналып кеткендей. Шындығында, Ұлыстың ұлы күні ұлттық жаңғыру мен ұлт құндылықтарына көзқарасымыз бен ұлтжандылығымыздың ұрпаққа үлгі ететін ұлық мерекесіне айналуы керек емес пе?
Қазақтың өз көжесі бар, ол – денсаулық көжесі
Жазушы-этнограф Төрехан Майбастың айтуынша, Ұлыс мейрамы күнтізбеміздің бірінші айы – Наурыз. «Бұл айды халық ежелден көрісуден бастайды. Дұрыс. Сосын киіз үйден тұтастай қала тігеді. Аста-төк қайысқан дастарқанды жасап, наурызкөже береді. Бұл көжені күні бүгінге дейін төрге шығарып, әспеттеп келеміз. Біздің Наурыз мейрамының басты ұстыны – наурызкөже. Бұл – дұрыс емес», – дейді ол.
Этнограф бабаларымыз атаулы тойларға тек жылқы малын жаратқан. Сондықтан көженің қазақ баласының басты тойында берілуі, одан қалса оны әспеттеу дұрыс емес. Көже болса, оның сойыс малы сиыр да емес, түйе де емес, жылқы да емес, қой болу керек. Екіншісі – наурызым торғайы. Осы құс көрінгенде халық бір-бірінен сүйінші сұрайды. Ел олардың су ішкенін аңдиды. Өйткені олар су ішкен күні күнтізбеге Наурыз кіреді. Үшінші – наурыздың бірінен бастап қасаттана бастаған қарға қой құмалағын тастайды. Оның шамамен бой жасыратын кезі наурыздың 14-не келеді.Сол күннен бастап әр үйде қазан көтеріліп, мейрам суы келтіріледі екен. Қазақ бұл мейрамда ел-жұрт болып бұлақ көзін ашады. Наурызкөженің суы бұлақтан алынады. «Наурыз мейрамының басты атрибуты қызыр да, қымыз да, қазы да, қарта да, құрт та, жент те, шапан да, камзол да, сәукеле де, домбыра да, қобыз да, киіз үй де емес. Бұл – бұлақтың суы мен қой етінен жасалған көже. Оның құрамында қатық пен сықпа құрт, тұз, қойдың еті, қойдың құйрық майы, бидай, арпа. Бұл – денсаулық көжесі. Өйткені көктемге жұрт қалжырап жетеді, ал денсаулық қосатын бірден-бір дәм – қойдың майы. Қазіргі көжені біз қойыртпақ жасадық. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауды көжені танудан басталу керек. Одан кейін жыл басы келгенін көрсету. Оны қалай насихаттаймыз? Қазіргідей тұсау кесіп, шілдехана жасау емес. Бұлақтың көзін ашып, тіршілік жанданғанын жұртқа көрсету», – дейді тарихшы.
Мейрамды тойлаудың тұжырымдамасы керек
Ғалым, фольклортанушы Ақеділ Тойшанұлы «Ұлыс мейрамы – салт-дәстүрді насихаттаушы құралға айналып барады», – дейді. Тіпті, бұл мәселе айтыла-айтыла жауыр болуға айналғанын айтып отыр. Оның сөзінше, Наурыз құшақтасып көрісіп, бір жаспен құттықтаудан басталған. «Бұрын қазақ бір жасқа келгенін де осы аймен байланыстырған. Ешкім қазіргідей жеке туған күндерін атап өтпеген», – дейді ол. Мейрамның тағы бір ерекшелігі – тазалану. Бітеліп қалған бұлақтың көзін ашып, ағаш егу, қораларды қопсытудан басталу керек. Сондықтан мереке жаппай халық болып той тойлатудан бұрын көшет отырғызып, бұлақтың көзін ашудан басталғаны дұрыс. Осылай деген Ақеділ Тойшанұлы: «Салт-дәстүрді дәріптеу де артық емес. Дәл сол уақытта бала аяғын тәй-тәй басса, тұсауын кесу артық болмайды. Екі жас бас қосып, отау құруға шешім қабылдаса, дәл сол мерекеде рәсімін жасау ағаттыққа жатпайды. Дегенмен қазіргідей халықтық мерекеден мемлекеттік деңгейде тойлатуды қолға алу үшін мейрамды тойлаудың мемлекеттік деңгейде тұжырымдамасы бекітілуі керек. Бұл Президенттің Ұлыстың ұлы күнінде халыққа жыл басының келуімен құттықтап бейнеүндеу жолдауынан басталса құба-құп. Ұлыс мейрамы – халықаралық мереке. Сосын мамырда ұйымдастырып жүрген қазақша күрестен республикалық сайыс пен айтысты осы мерекемен байланыстыру керек. Бұл мектептен бастап республикалық деңгейде өткізілсе, балалар да наурызды асыға күтер еді. Мерекелік көңіл күймен дайындалатын болады. Сосын ұлтымыздың жаңғыруына үлес қосқан жандарға беретін марапаттарды осы айда табыстап, жыл адамдарын жыл басында анықтаған дұрыс», – деп отыр.
Шындығы сол, жыл сайын Президент шыршасын айнала билеп, сыйлық күтеді. Сол секілді балаларға салт-дәстүрді дәріптеуден бұрын мерекенің мәнін көрсетіп, жылдың келгенін санасына сыйлық беріп сіңіртуден бастау жөн-ақ. Жыл келген сезінгенде ғана мерекенің мәні болар еді. Оның сыртында талайдан бері тарихшылар айтып жүрген студенттердің демалысын да осы айға көшіру керек-ақ. Бұл да осы мерекеде туған жеріне барып, отбасымен бірге бұлақ көзін ашып, туған топырағында көшет отырғызатын тіршілік айының келгенін түсінуге септігін тигізер еді.