Күнтізбе бойынша 22 наурыз күн мен түннің теңесу кезіне тап келеді. Бұл күн – түркітілдес халықтар үшін ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қызығы, дәл осы күнге әлемнің бірқатар елдері де айрықша мән беріп, өздерінше атап өтеді. «Әулие Патрик күні», «Хиган», «комоедица», «холи». Атауы басқа болғанмен біздің Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келетін мерекелердің мәні неде?
Айжан Данабекова – Ирландияның Дублин қаласында тұратын отандасымыз. 2017 жылы білім қуып барып, тұрақтап қалған. Қазір TikTok компаниясының белді қызметкері. Жыл сайын шетте жүрген қазақтар дәстүрден жаңылмай әз-Наурызды атап өтеді екен. Қазы-қарта, құрт, ірімшік, қымыз табылмаса да, бауырсақ пісіріп, өзара жеті шелпек таратуды әдетке айналдырған. Дегенмен бұл күн ирландиялықтар үшін де айтулы дата деп отыр.
«Ирландиялықтардың бізбен ұқсас тұсы көп. Ою-өрнегіміз ұқсайды, олар да үлкеннен бата алады. Бізде Жаңа жыл болса, оларда Әулие Патрик күні. Бұл – бесінші ғасырда Ирландияға христиан дінін әкелген Санкт-Патрик құрметіне арналған діни мереке. 17 наурызда басталады. Түбінде тау-тасқа табынғаннан шыққан. Ньюгрейндж қабіріне күн мен түннің теңесуін тамашалаған. Түрлі фестивальдер ұйымдастырылып, карнавалдар өтеді. Ән айтып, би билейді», – дейді ол.
Бұл орынды жол салушылардың XVII ғасырда ескерткішті ойда-жоқта тауып алғанына қарамастан, зерттеу жұмыстары үш ғасырдан кейін ғана басталды. Қазба жұмыстарының нәтижесінде дөп-дөңгелек, диаметрі өте үлкен және мысыр пирамидаларынан ертеректе салынған қорған ашылды. Археологтар оның қақ ортасынан ежелгі мүрдені тапты. Күн тоқырауында тұрған кезде нағыз астраномиялық құбылысты байқауға болады – күн сәулесі камераны біртіндеп жабады. Ирландықтардың сенімі бойынша бұл жер – эльфтер мен перизаттардың еліне апаратын есік.
«Аруақтар қолдасын деп жүреді. Ал айырмашылығы бұл халықтың сеніміне кіру үшін ұзақ уақыт керек. Қазақ қонақжай болса, олар ара-қатынаста белгілі-бір шекараны сақтайды. Мәселен, осы елде танысқан құрбым 4 жыл дегенде 1-ақ рет үйіне қонаққа шақырды. Дегенмен ашық-жарқын халық», – дейді А.Данабекова.
Ал жапондықтардың түсінігінде 20 немесе 21 наурыз көктемгі тепе-теңдік күні. Хиган деп аталатын мереке екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ресми сипатқа ие болды. Бұл күні жергілікті халық шіркеуге барып, туыстарының рухына арнап дұға оқиды. Иә, өмірден өткен жақындарыңды еске алатын бірден-бір мереке. Жапондықтардың күн мен түннің теңесу мерекесінің күллі түркі әлемі тойлайтын Наурызбен ұқсастығы көп. Өйткені әрбір отбасы мейрамға барын салып дайындалады. Әр үйде мол дастарқан жайылып, келер күннен жақсылық күтеді. Ата-бабасының рухына тағзым ету тәтті-дәмділерін алып, қабір басына барып қайтады.
Қызығы, жаңа жылдың қалай өтеріне қатысты наным-сенімдері де бар. Яғни, әйелдер күн бастқанда тәтті тоқаштар әзірлеп жатып, ішіне әртүрлі кішігірім заттар жасырып салған. Мәселен, сізге сақинасы бар бәліш түссе, тойдың жақындап қалғанын білдіреді. Ал моншақ тауып алса, сәбилі болады деген сөз. Тоқаш арасынан кілт шықса, мұра күтіп тұр. Теңге тауып алса, ат басындай алтынға ие болып, бай болып шыға келеді деп сенеді. Тәттісінің арасынан сырға шыққан қыз жаңа жылда ақ боз атты ханзадасының кезігетінін болжап білген.
Ежелгі славяндар болса, бұл күндері «комоедица» мерекесін тойлайтын. Айрықша датаны күн мен түннің теңесуінен 2 апта бұрын және одан кейін де атап өткен. Олар сыпырғыдан жасалған қарақышыны өртеп, көктемді шақырған. Бұрын рәсімнің арты той-думанға ұласса, кейін жай ғана ат үстіндегі серуенге өзгерген. Славяндар христиан дінін қабылдағаннан кейін бұл мерекеге бүгінгі «масленницаға» айналды.
Үнділерде «Холи» мерекесі бар. Аңыздарда «холи» сөзінің «холика» деген әзәзілдің атына байланысты шыққаны айтылады. «Холи» үнділердің дiни фестивалі. Бұл күні үнділер бір-біріне түрлі-түсті ұнтақтар лақтырып ойнап, наурыз айының басында үш күн тойлайды екен. Холика періні жеңдік деп бір-біріне бояу шашады. Осылайша, бұл рәсім Үндістанда қыстың аяқталғанын және көктемнің келгенін білдіреді.
АПАТТАР ЗАҢДЫЛЫҚТЫ АТТАУДАН БА?
Ал Мексикада тойлаушылар майя өркениетінің бұрынғы астанасы –Чичен Иццаға ағылады. Жыл сайын Мексиканың Юкатан штатындағы Чичен Ицца археологиялық аймағында көктемгі күн мен түннің теңесуі сирек кездесетін табиғи құбылыс байқалады. Күндізгі сағат 3-те күн сәулелері Кукулкан пирамидасының (Эль-Кастильо) бойымен жылжиды. Жарық пен көлеңкелерді ойнау 34 метрлік алып жылан пирамидадан оның басына қарай баяу өтіп бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл екі сағаттық қойылымды көру үшін әртүрлі елдерден жүздеген адамдар Чичен Итцуға келеді. Бұл күндері Чичен Итцада түрлі мәдени шаралар өтеді. Былтыр көктемде күн мен түннің теңесуі болатын апта ішінде Чичен Ицуға 50 мыңға дейін адам барған. Иә, мая күнтізбесінде бұл күндер жаңа жылды білдіреді. Осы орайда ежелгі мая өркениетін зерттеп жүрген белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметовты сөзге тартып, маялықтардың түсінігіндегі күн мен түннің теңелер күнін сұрап білдік.
«Мен бұл тақырыпты 30 жыл зерттедім. Мая тайпасының арғы тегі осыдан 40 мың жыл бұрын Алтайдан кеткен түріктер. Өркениеті өте жоғары болды. 17 күнтізбесі болды. Маялардың ең керемет күнтізбесі – 364 күндігі. Жылына 13 ай бар, әрқайсысы 28 күннен тұрады. Қазіргі қолданыстағы күнтізбе жалған. Бірінші ай наурыздан басталады. Григориан күнтізбесіндегі айларды алып қарасақ, «сентябрь» сөзі латынның septem сөзінен шығады, 7 деген мағынаны береді. Ал қолданыстағы күнтізбемізде тоғызыншы айды білдіреді. Басқа айлар да солай. Атына заты сай келмейді. Нәтижесінде адам мен табиғат арасындағы байланыс үзілді», – дейді Ә.Ахметов.
Жер жылына күнді 12 рет емес, 13 рет айналады. «Он үште – отау иесі» деген ұғым бар бізде. Халқымыз ай туғанда атынан түсіп, «Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп тәу еткенін ескерсек, біз қашанда табиғатпен байланыста болғанбыз. Бірақ қазір экологияға келер залалдың негізгі себепкері адами факторлардан екені белгілі. Жердің асты-үстін қопарып, табиғатты аялаудың орнына керісінше залады дүниелер істейтініміз ащы шындық. «Маялықтардың күнтізбесін қабылдап, табиғат заңымен жүргенде табиғи апаттардың бірі де болмас па еді» деген ғалымның сөзі әр адамды жаңаруға, өзгеріске үндегендей.