Наурыз мейрамы қарсаңында Петропавл қаласында апат болып, №2 жылу-электр стансасының мұржасы құлады. Апат салдарынан бір әйел қаза тапты. Оның артында 15 жасар баласы мен осы кәсіпорында жұмыс істейтін жолдасы қалды. Қызылжарлықтар мереке күндері жылусыз, ыстық сусыз дірдеңдеп, тоңып отыруға мәжбүр болды. Былтырдан бері бұл кәсіпорында бірнеше рет ірілі-ұсақты апат тіркелген. Қақаған қыста монополист компания петропавлдықтарды жылуға жарытпады.
20 наурыз күні кешкісін Петропавл жылу-электр стансасының 150 метрлік №1 мұржасының 60 метрі опырылып құлады. Үйінділердің астынан кәсіпорынның машинист-қараушысы 1984 жылы туған Наталья Чефонованың мүрдесі табылды. Оны іздестіру екі тәуліктен астам уақыт бойы жүргізілді. Жергілікті мамандарға кинологтер мен нұрсұлтандық құтқарушылар көмекке келді. «СЕВКАЗЭНЕРГО» басшылығы марқұмды жерлеу шығындарын өз мойнына алды. Сондай-ақ отбасына тұрғын үймен қамтамасыз етіп, 5 жылдық еңбекақысы мөлшерінде материалдық көмек көрсететін болды әрі баласын оқыту ақысын да жұмыс беруші төлемек.
Бұл мұржа 1961 жылы пайдалануға берілген. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, мұржа 2017 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Талап бойынша, мұржаның жағдайы 5 жылда бір тексерілетін көрінеді. Апат себептері әлі белгісіз.
№2 жылу-электр стансасының бұдан басқа тағы екі мұржасы бар. №2-шісі 1965 жылы, №3-шісі 1977 жылы пайдаалануға берілген. Олар соңғы рет 2018 жылы тексеріліпті. Кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметінше, олардан төніп тұрған қауіп жоқ.
Апат болған күні Петропавл қаласы жылусыз және ыстық сусыз қалды. Мәселені ел Президенті мен облыс әкімі өз бақылауына алып, тез арада қаланы жылумен қамтуды тапсырған болатын. Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазір бес қазандық жұмыс істеп тұр.
Апаттың себеп-салдарын зерттеу үшін облыстық әкімдіктің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, басқа да құзырлы ведомстволардың қызметкерлері және энергетика саласының жобалаушылары мен мамандарынан жұмыс комиссиясы құрылды. Оқиға орнында энергетика вице-министрі бастаған комиссия жұмыс істеп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы №2 жылу-электр орталығының директоры мен бас инженеріне қатысты «Міндеттеріне адал қарамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер Петропавл қалалық Полиция басқармасының тергеу изоляторына қамалды. Тергеу барысы облыс прокуроры мен Полиция департаменті бастығының бақылауында. Облыстық прокуратура бақылаушы органдардың қызметіне талдау жүргізіп, оның нәтижелері бойынша жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне баға бермек.
Оқиға орнына келіп жеткен «Орталық Азия Электрэнергетикалық корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов петропавлдықтардан кешірім сұрап, бұл апат күтпеген жерден болды деді. Тіпті, мұржаның құлауына қатты жел себеп болуы мүмкін дегенді де айтты. Айта кету керек, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО», «АСТАНАЭНЕРГОСБЫТ» және «Ақмола электр желісін үлестіру компаниясы» АҚ секілді «СЕВКАЗЭНЕРГО» да «ОАЭК» АҚ компаниялар тобына кіреді. Акцияларының 47 пайызы Александр Клебановқа, тағы 47 пайызы Сергей Канға, қалған 5-6 пайыздайы «Бәйтерек ҰБХ» АҚ-ына тиесілі.