Тағы да допинг дауы. Қазақстандық ауыр атлет Ниджат Рахимов допингке қарсы ережені бұзғаны үшін сегіз жылға спорттан шеттетіліп, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының алтын медалінен айырылды. Спорттық арбитраждық сот (CAS) күні кеше осындай шешім шығарды. Былтыр 18 қаңтарда да Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) мен Халықаралық допинг сынағы агенттігі (ITA) Ниджат Рахимовке 2016 жылдың ішінде антидопинг ережесін бұзып, «несеп анализін ауыстырған» деген айып таққан. Осыдан соң Рахимов бірден жарыстардан шеттетілді. Бұған қарсылық білдірген спортшы IWF Спорттық арбитраж сотына шағым түсіріп, желіге видеолар жариялап, барлық айыпты жоққа шығарып келген болатын. Ниджат бұл шешіммен келіспегендіктен, іс CAS допингке қарсы бөліміне жіберілген. Ақыр соңында сот төрешісі зілтеміршіні төрт сынама үлгісін ауыстырғаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл IWF допингке қарсы ережелерінің 2.2-бабын бұзу болып саналады және Рахимовты 2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап сегіз жыл мерзімге жарыстардан шеттету туралы шешім қабылданды. Осылайша Ниджаттың 2016 жылғы 15 наурыздан 2021 жылғы 18 қаңтарға дейінгі барлық нәтижелері жойылды. Спортшы 77 келіге дейінгі салмақта Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы Олимпиаданың алтын медалінен айырылды. Енді алтынды қытайлық Лу Сяоцзюнь, күмісті мысырлық Мұхаммед Ахмед Махмуд, қоланы Чатупхум Чиннавонг (Таиланд) алатын болды. 28 жастағы Рахимов Қазақстанға келмес бұрын Әзербайжан құрамасында өнер көрсетіп, 2015 жылы әлем чемпионы атанғанын да айта кетейік. Ол бұған дейін де допинг дауына ілінген. IWF Рахимовті «рұқсат етілмеген препарат қолданды» деп айыптап, екі жылға – 2013 жылы маусымынан 2015 жылдың маусымына дейін жарыстардан шеттеткен. 2014 жылы Рахимов Әзербайжан ауыр атлетика құрамасының бапкерлерімен жанжалдасып, кейін Қазақстан азаматтығын қабылдады. Ниджатты 2016 жылы Рио Олимпиадасына Қазақстан құрамасы атынан қатысып алтын алғанда батыс басылымдары оның жеңісіне күмән келтірген еді. Сол кезде Рионың қола жүлдегері мысырлық ауыр атлет Мұхамед Ахмед Махмудтың «көреміз, бірнеше жылдан кейін қола медалім күміске алмасса таңғалмаймын» деген сөзі бүгінде шындыққа айналды. Құрамамыз осымен ауыр атлетикадан жеңіп алған алтыншы алтынын қайтарып отыр. Қазақстанның «алтыннан» айырылуы еліміздің 2016 жылғы Олимпиаданың медальдық есептегі жағдайына тікелей әсер етті. Әлемдік жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан үш алтын, бес күміс және тоғыз қола медальмен 22-орынға тұрақтаған. Ал қазір екі алтынмен 30-орынға түсіп қалды. 2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиаданың допинг сынамаларын қайта тексерген. Бұл тексеру кезінде 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. «Қайта тексеру» кезінде Бейжің және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлеттер допинг қолданды деп айыпталып, жүлделерін қайтарып берді. Нақты айтқанда, Илья Ильин 2008 жылғы Бейжің және 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының алтынын қайтарды. Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова Лондон Олимпиадасының алтынынан айырылды. Мария Грабовецкая да Бейжің Олимпиадасының қоласын қайтарып берді. Сол жылғы сынамадан соң Бейжің мен Лондон Олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те допинг қолданды деп айыпталды. IWF шешімімен Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға спорттан шеттетілді. Төртеуінің де жазасы 2016 жылдың маусымынан басталып есептелді. 2018 жылы жаза уақыты аяқталған соң Ильин мен Чиншанло спортқа оралған. Бірақ Ильин 2020 жылы Токио Олимпиадасы пандемияға байланысты кейінге шегерілген соң спорттан кететінін жариялады. Чиншанло Токио Олимпиадасына қатысып, қола медаль иеленді. Негізі, ұлттық құрамадағы допинг дауының көбі Алексей Ни бас бапкер болған тұста болды. Сарапшылар мен жанкүйерлер спортшылардың допинг дауына ілінгеніне осы маманды айыптайды. Сонымен қатар олар Олимпиадада алтын алған атлеттер бір кездері мемлекеттен 250 мың доллар сыйақы, пәтер, автокөлік алғанын айтып, ендігі кезекте сол спортшылардан ақшаны қайтарып алуды талап етуде. Бірақ билік допингпен ұсталған спортшылардың сыйақысын сол күйі өздерінде қалдырды. Федерациядағылар да Ниджаттың Олимпиададан алған сыйақысын қайтарып алуға қатысты ешқандай сөз қозғамады. Одан бөлек жуырда ғана Олимпиадада алған алтынын қайтарып беретін Ниджаттың ісіне қатысты жаңа дерек шықты. Рахимов 2016 жылы үш рет допинг сынамасын тапсырғанда үшеуінде де басқа біреудің «несеп анализін» өткізгені анықталды. Соған қарамастан Қазақстан ауыр атлетика федерациясы САS-қа апелляциялық шағым түсіретінін айтты. – Мұндай шешім шығарылады деп ойлаған жоқпыз. Өйткені тыңдау барысында Н.Рахимовтың адвокаттарының дәлелдері сенімді болды және тыңдау сәтінен бастап, бұл алты айдан астам уақыт, спортшының атына да, федерацияға да қосымша сұраулар мен түсініктемелер түскен жоқ. Айта кету керек, бұл үкім бірінші инстанцияның шешімі, тыңдау бір төрешінің қатысуымен CAS допингке қарсы департаменті деңгейінде өтті. ҚР ААФ допингтің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады, алайда бұл жағдайда халықаралық федерация мен сол кезде допинг бақылауды жүзеге асырған органдарға да қатысты бірқатар сұрақтар бар. Федерация CAS допингке қарсы департаментінің шешімін аппеляциялауға және біздің спортшымызды қолдауға одан әрі көмек көрсетуге дайын, – деді ҚР ААФ Бас хатшысы Алдияр Нұралинов. Бір қызығы, спортшының кінәсі толығымен дәлелденсе де Қазақстан ауыр атлетика федерациясы спортшыға қолдау көрсететінін, шығарылған шешімге қарсы аппеляциялық шағым түсіретінін айтып отыр. Алайда федерациядағылардың бұл әрекетінен ештеңе шешіле қоймайтын сыңайлы. Ең өкініштісі, бұл спорт түрінен сынға түсетін ауыр атлеттердің жүлдесіне қуанбақ түгілі, оларға сенуден қалдық. Өйткені алты бірдей зілтеміршіміздің Олимпиададағы «алтыны» жалған болып шықты. Осыдан кейін ауыр атлеттердің де, аталған спорт түрінің де қадірі қашып барады.