Ізгі тілектерін жолдады
Ізгі тілектерін жолдады
437
оқылды
Наурыз мерекесіне орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің бас­шы­ларынан, халықаралық ұйымдардың же­тек­­шілерінен құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр. Бұл туралы Ақорданың бас­пасөз қызметі хабарлады. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров өз құттықтауында ортақ мұрамыз әрі жыл басы саналатын Наурыз мейрамын бабаларымыз­дың ізгі ниетпен және үлкен үмітпен тойлағанын жазған. – Көктемнің осынау мерекесі бауырлас екі ха­лық­тың дамып, өркендеуіне ақжолтай болсын. Қыр­­ғызстан мен Қазақстан арасындағы ортақ руха­ни құн­дылықтарға, достыққа және стратегиялық се­рік­тестікке негізделген көпжақты қатынастарды одан әрі дамыту үшін Сізбен ынтымақтастықта жұ­мыс істейміз деп үміттенемін, – делінген жедел­хатта. Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов те Мемлекет басшысы мен бауырлас Қазақстан халқына өзінің құттықтауы мен ізгі тілегін жолдады. – Наурыз мейрамы ежелден табиғаттың, тірші­лік­тің қайта түлеп, көктемнің келгенін білдіреді. Бұл ме­реке қонақжайлық, бейбітшілік, тату көршілік және гуманизмнің биік қағидаттарына негізделген дәстүрді ұштастырады. Сондықтан оның халықтар арасындағы бірлік пен достықты нығайтудағы маңы­зы ерекше. Осынау бірегей мейрам Сізге, барша Қазақстан халқына қуаныш, амандық, бақ-береке әкелсін, – деп жазған Түрікменстан Президенті. Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси құттықтау жеделхатында Наурыз мей­рамы азаматтарымыздың жүректеріне қуаныш сый­лап, аймақтағы барлық халыққа бейбітшілік пен ын­ты­мақ алып келсін деп жүрекжарды тілегін жаз­ған. Сонымен қатар өздерінің құттықтау жеделхат­тарын Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңе­сінің төрағасы Бинали Йылдырым, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының бас хатшысы Мехмет Сурея Эр, ТҮРІКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Еуразиялық экономикалық ко­миссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Станислав Зась, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Қайрат Абдрахманов, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының атқарушы дирек­торы Қайрат Сарыбай, Татарстан Президенті Рустам Минниханов және басқалар жолдады.