Сарапшы: Қазақстандықтар Қытай көліктеріне ақырындап сене бастады
Сарапшы: Қазақстандықтар Қытай көліктеріне ақырындап сене бастады
Сурет: elan-motors.ru
220
оқылды

Қазақстанның автонарығын Қытай көліктері жаулауы мүмкін. Автосарапшылар осындай пікірде. Олардың сөзінше, Ресейге салынып жатқан санкциялардың кесірінен көрші мемлекеттегі автозауыттар жұмысын тоқтатқан. Қытайлық көлік өндірушілер дәл осы сәтті ұтымды пайдаланып, елімізге жаңа брендтерін кіргізуі ықтимал, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Елде Қытайдың тұтынушылық тауарларынан бөлек, көліктері де саңырауқұлақтай қаптап кетуі мүмкін. Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, Ресейдегі фольксваген, лада, рено сияқты маркалы көліктерді шығаратын зауыттар жұмысын тоқтатқаннан кейін көрші мемлекеттің азаматтары Қазақстандағы автоларды сатып алып жатыр. Ал бұл жағдайды Қытайдың көлік зауыттары барынша ұтымды пайдалануға тырысады. Өйткені олар тапшылық туындаған көлік нарығына өз өнімдерін жеткізуді көздейді дейді маман.
"Қазіргі Ресейдегі жағдайды білесіздер. Соның кесірінен Қазақстанда көлік тапшылығы болып жатыр. Менің ойымша елдегі көлік нарығында Қытай машиналары жақын арада пайда болады. Олар осында құрастырылып, отандық өнім болып тұтынушыға ұсынылуы мүмкін", - деді автосарапшы.
Сондай-ақ, мамандар егер Қытай көліктері Қазақстан нарығында көбейсе, ол темір тұлпарлар көпшіліктің сұранысына ие болады деп топшылайды. Оның өзіндік себебі бар екен.
"Қазақстандағы тұтынушылар Қытай көліктеріне ақырындап сене бастады. Менің ойымша, Қытай долларға бағынышты емес. Сондықтан, олар бағаны жиі көтере бермейді. Арзан әрі қолжетімді өнімді неге алмасқа?" - деді автожурналист Роман Масленников.
Ал, тұтынушылардың көпшілігі Қазақстанда жиналған темір тұлпарларға қарағанда, жапон мен неміс көліктерін таңдаймыз, дейді. Сарапшылардың пайымынша, әлемдегі автоөндіріс мәселесі толығымен шешілген жоқ. Сондықтан, көлікті құрастыруға қажетті компоненттердің жетіспеушілігі әлі де байқалады. Кем дегенде осы жылдың соңына дейін созылуы мүмкін екен.