Тар дәліз, ағаш терезе, ескірген сыныптар...
Жақында 52 жыл бұрын бой көтерген ескі ғимаратта отырған Жаңа Бұқтырма ауылындағы жалғыз қазақ мектебінің жай-күйін өз көзімізбен көріп, мұғалімдермен, ата-аналармен пікірлесіп қайттық. «Көріп қайттық» дегеннен гөрі «көңіліміз түсіп қайтты» дегеніміз дұрыс болатын шығар. Әдетте мектеп десе, балалар оңды-солды жүгірген кең дәліз, жарқыраған сыныптар көз алдымызға елестеуші еді. Ал мына ғимаратқа кіргенімізде оқушылар білім алатын мектепке емес, шахтаға түскен кеншілердей қысылып-қымтырылып, еңсеміздің езіліп, көңіліміздің түсіп шыққаны рас. Ені бір метрден сәл ғана асатын әрі ұзын, әрі тар дәлізден өткен соң жамалып-жасқалған ескі ағаш терезелі, еденінде кеңес заманын айшықтайтын әртүрлі сурет бейнеленген сыныптарды араладық. Бірнеше сыныптың қабырғаларының жарықшақтанып, төбеден аққан судың ізі қалғанын, ал акт залының терезелерінің маңы мен бұрыштарының (мұндағы орындықтардың ескіргені өз алдына) көгеріп, дымданып кеткенін байқадық. Кейбір сыныпта атам заманғы қоңыр тақталардың әлі де қолданылып жүргенін көзіміз шалды. Оқушылардың киім ілетін бөлмесі өте тар әрі суық екен. «Ішін дұрыстап көрейік» деп едік, күзетші жарығын қоса алмай, дал болды. Ал мектептің сырты, әсіресе арт жағы адам көргісіз күйге түсіпті. Кейбір жерлерінің кірпіштері үгітіліп түсе бастапты, ғимараттың бір жақ қабырғасына қызыл ала лента тартылғанын да аңғардық. «Жүруге қауіпті» деген белгі болса керек. Бізге ғимараттың іші-сыртын аралатып, көрсеткен осы білім ордасының мұғалімі Анаргүл Дүрімханқызы сыныптардың суық әрі қараңғы, мектептің асханасының да тар екенін, оқушыларға бір мезетте тамақ ішуге мүмкіндік болмаған соң әр сағатқа бөліп тастағанын айтты. Бәрінен де қиыны, оқушылар денешынықтыру сабағы үшін жолдың арғы бетіндегі спорт мектебіне барады екен. «Мектептің іші-сыртын көрдіңіз ғой. Әбден тозып тұр. Бұл балабақшаға арнап салынған ғимарат қой негізі. Жарамдылық мерзімі – 30 жыл. Бірақ пайдалану мерзімінен 22 жыл асып кетсе де, ғимарат апатты жағдайда болса да, қазақ балалары амалсыз осында оқып жатыр. Ата-аналар министрге де хат жазды. Нәтиже болмады. Бердібек Сапарбаев облыс әкімі болып тұрғанда мектептің жағдайын көріп, жаңа мектеп салуға көмектесетінін айтқан. Көп өтпей, жобалық-сметалық құжат та жасалған. «2015 жылы мектеп салынады» деп қуанып едік. Алайда ол кісі кеткен соң бұл мәселе жайына қалды. Қазіргі облыс әкімі мектептің мұндай күйде екенін білмейтін секілді, білсе, жаңа мектеп салуға көмектесер еді. Жақында облыс әкімінің орынбасары келіп, мектепті көріп кеткен. Бірақ нақты ештеңе айтпады. Алтай аудандық әкімдігі «мектепті жөндеуге ақша бөлеміз», – деді. Бірақ біз оған келіспедік. Ескі ғимаратты мың жерден жөндегенімен, пайда жоқ. Бізге жаңа мектеп керек», – дейді осы мектепте еңбек еткеніне 20 жылға жуықтаған мұғалім Анаргүл Дүрімханқызы.Оқушылар орыс мектебіне ауысып жатыр
Бүгінде 125 оқушы білім алып жатқан қазақ мектебі балабақшаның ескі ғимаратына 1997 жылы көшірілген екен. Кім өз баласының ескі әрі тар ғимаратта оқығанын қалайды? Кейбір қазақ ата-аналар балаларын амалсыз орыс мектептеріне беріп жатқан көрінеді. Солардың бірі – Эльмира Қажымұратқызы. «Қазақ мектебінде екі балам оқиды. Тәрбие мен білімді жақсы береді. Өнерлі бала көп. Ұйымдастырған концерттерін көргіміз келеді, барайық десек, орын жоқ. Мысалы, орыс мектебінде екі спортзал бар, қазақ мектебі болса, бір спортзалға жарымаған. Осының бәрін көріп жүрген соң үшінші баламды орыс мектебіне бердім. Амалдың жоғынан. Бұл – менің ғана сөзім емес, осы мектептің ата-аналарының жанайқайы. Қазақстанда тұрғанымызбен, қазақ мектебінің кейпі мынау. Тыңғылықты қарап, жоқтан бар жасап отырған соң ғана мектеп тұр. Терезесі тең, қабырғасы кең, шаңырағы биік мектеп болса, орысшаға баратын балалардың жартысы қазақ мектебінің табалдырығын аттар еді», – дейді ол. [caption id="attachment_189665" align="alignleft" width="1200"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Тар мектеп, ескі ғимаратта оқып жатыр демесеңіз, мұндағы оқушылардың үлгерімі жақсы. 2018 жылы екі оқушы «Алтын белгімен» тәмамдап, екеуі де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне грантқа түсіпті. 2019 жылы бір оқушы «Алтын белгі» иегері атаныпты. Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа нәтижесі 113 балл болса, жоғарысы – 130 балл. Оқушылардың жанына бататыны бір-ақ нәрсе – мектептің ескілігі. «Республикалық байқауларға қатысып жүргендіктен, басқа мектептерді көреміз, қызығамыз. Мектебіміздің қандай күйде екенін көріп отырсыздар. Қыста дірдек қағып шығамыз. Бөлмелер суық. Кейде ауырып та қаламыз. Бір сыныпта 15 бала отырсақ, тақтаға жазған жазуға көз жетпейді. Тақталарына дейін тозған. Мұғалім жасаған көрнекіліктерін көрсету үшін компьютер, интерактивті тақта болса ғой. Киім ілетін жеріміз де жоқ. Асханадан тамақ ішейік десек, шағын ғана бөлме. Арманымыз жаңа мектеп», – дейді 9-сынып оқушысы Диана Домай. Бұл мектепте Жаңа Бұқтырма ауылының балалары ғана оқымайды, елді мекенге іргелес Бұқтырма стансасы, Березовка, Октябрск, Селезновка, Сажаевка ауылдарынан келіп оқитын оқушылар да бар. Сонымен, Жаңа Бұқтырма ауылына жаңа қазақ мектебі салына ма? Бұл сауалымызға Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы: «1970 жылы қолданысқа берілген балабақша ғимаратында халыққа қызмет көрсету орталығы, кент әкімдігі мен музыка мектебі де отыр. Ғимарат пайдалануға берілген жылдан бастап күрделі жөндеу жасалмаған. Ал 130 орындық қазақ мектебін салу 2011-2020 жылдар аралығындағы жоспарда болған. Құрылыс жүргізуге жер актісі де алынған. Облыстық Құрылыс басқармасы 2015 жылы тапсырыс беруші ретінде қаржы бөлу жөнінде өтініш жасағанымен, қаржы бөлінбеді. 2016 жылы жобалық-сметалық құжаттың пайдалану мерзімі өтіп кетті. Біз өз тарапымыздан облыстық Білім басқармасына ұсынысымызды жеткіздік. Былтырдан бастап барлық білім беру бөлімі облысқа қарайды, бюджет соларда. Енді солар шешім қабылдайды» деп жауап берді.ТҮЙІН:
Айтпақшы, жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов биыл Ұранқай, Жыланды, Қапай батыр және Жолнұсқау ауылдарында, кейін Кеңтарлау, Шеңгелді және Малақ ауылдарында жаңа, заманауи мектептер салынатынын өзінің Facebook парақшасында жазды. Алайда Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма ауылындағы ескі балабақшада отырған қазақ мектебі бұл тізімге неге енбегені түсініксіз. Соған қарағанда мектеп мұғалімдері де айтып өткендей, аймақ басшысы бұл мектептің мәселесінен бейхабар секілді...
Шығыс Қазақстан облысы Суретті түсірген автор