«Өкпесі» уланған өңірлер
«Өкпесі» уланған өңірлер
506
оқылды
Қазақстанда ауа сапасының нашарлығынан нақты қанша адамның зардап шеккені, ауру-сырқау болғаны туралы дерек жоқ. Дегенмен тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, ауаның, судың және топырақтың ластануы салдарынан кейбір аймақтарда аллергия, онкология, тыныс жолдары және жүрек-қан тамырлары аурулары 40 пайызға артқан. Қазақстанда Кеңес одағы  зама­ны­нан қордаланып қалған жә­не жа­ңадан туындап жатқан эко­ло­гиялық проблемалар аз емес. Соның ең қа­уіптісі – ауада түзіліп қалған ра­диоактивті қалдықтар. Қазақ да­ла­сында қырық жыл бойы ядролық қарудың сыналуы із-түзсіз кеткен жоқ. Соның кесірінен полигонға жақын аймақтарда өмір сүретін халықтың арасында әлі күнге дейін онкологиялық дерт асқынып тұр. Екінші қасірет – Аралдың тартылуы. Оған негізінен көрші мемлекеттің Сырдария мен Әмудариядан шама­дан тыс су алуы себеп болған. Бұл өз кезегінде тағы бір проблеманы ту­­дырды: жел эро­зиясы күшейіп, то­пырақтың құнары қашты, сөйтіп көпшілік жерлер ештеңе өнбейтін сортаңға айналды. Сондай-ақ газ-мұнай өндірісінің әсерінен Каспий теңізінің экожүйесі зақымданып, ол да экологиялық зардаптарға ұрын­дырғалы тұр. Одан бөлек, респуб­лика аумағында тіркелген 3,9 млн автомобильдің 2,5 миллионы (64%) 10 жыл және одан да көп уақыт қол­даныста болғандықтан, қоршаған ортаға көлік құралдарынан келетін зиян өз алдына бір төбе. Осы түрлі залалдар Қазақстанды әлемдегі эко­логиялық жағдай ушыққан мем­ле­кеттің біріне айналдырды.

Қазақстан қалаларының ауасы неге лас?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауаның ластануынан әлемде жыл сайын 7 миллионнан астам адам­ның мезгілсіз қайтыс болаты­нын, өлім-жітімнің 70 % Орталық және Оңтүстік Азияға тиесілі екенін мәлімдеді. Бірақ оның ішінде Қа­зақ­станның үлесі қандай екені бел­гісіз. Дегенмен швейцариялық IQAir бақылау тобының 2021 жылғы ауаның ластануы бойынша рей­­тингісінде біздің ел әлемде 23-орын­да тұр. «Қара тізімнің» басында, 1-орын­да – Бангладеш, 2-орында – Чад, 3-орында – Пәкістан. Алғашқы ондыққа Тәжікстан, Үндістан, Оман, Қырғыз Республикасы, Бах­рейн, Ирак және Непал енген. Ең ластанған астаналар рейтингінде Нұр-Сұлтан 35-орында орналасқан. Айта кетейік, 2020 жылы атмос­фераға шығарылатын зиянды заттар мөлшері 2019 жылмен салыстыр­ғанда 84 %-ға төмендеді. Оған пан­демияға байланысты карантин шектеулерінің септігі тиді. Алайда 2021 жы­лы экономикалық белсен­ділік қай­тадан жандана бастағанда қор­шаған ортаға келетін зардап бұрын­ғысынша үдей түсті. Экологиялық реттеу және ба­қылау комитетінің төрағасы Зул­фукар Жолдасовтың айтуынша, 2021 жылы өндірістен ауаға тарай­тын зиянды тозаңдардың көлемі 2,4 миллион тонна болды. Бұл көр­сет­кіш жыл сайын орташа алғанда 100 мың тоннаға ұлғайып отырады. Егер осы қалпымен кете беретін болса, онда 2030 жылға қарай зиянды шы­ғарындылардың көлемі 3,6 млн тоннаға жетуі мүмкін. Сондай-ақ 4,2 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар түзілген. Ал қолданыстағы 3007 полигонының 80%-ы экологиялық және санитар­лық нормаларға сай болмай шық­қан. Әсіресе, Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шым­кент қалаларының атмосфе­ралық ауасы қатты ластанған. Кей­бір қалаларда ауа сапасының на­шарлауы рұқсат етілген нормадан 8-10 есе асып кеткен. «Жалпы, қоршаған ортаны қор­ғауға қатысты әр өңірдің өзіне тән проблемасы бар. Мәселен, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ауаның ластануының негізгі себеп­тері – жылу көздері (ЖЭО, қазан­дықтар), автокөлік және жеке сек­тор. Өскемен және Теміртау қала­ла­рында – өнеркәсіп. Ал Ақтөбе және Атырау қалаларында кәріз-тазарту құрылыстары ескірген», – дейді З.Жолдасов. Атмосфераны ластаушы эле­мент­тердің 79,5%-ы газ тәрізді жә­не сұйық заттар, 20,5 %-ы қатты заттар. Өңірлер бойынша ауаға шығарылған зиян заттардың жартысынан көбі Павлодар (723 мың тонна) мен Қа­рағанды (627,7 мың тонна) облыс­тарына тиесілі. Одан кейін зиянды кәсіпорындар Атырау (154), Ақтөбе (135,1), Шығыс Қазақстан (127,2) және Қостанай (123,4 мың тонна) облыстарында тіркелген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Физикалық-химиялық зерттеу және талдау орталығының аға ғылыми қызметкері Айымгүл Ке­рімрай жағдайдың дәл бұлай қа­лыптасуына республикада отыз жыл бойы экологиялық проблемалардың жүйелі шешілмей келе жатқанын айыптайды: «Қазақстанда экологиялық зерттеулер сирек жүргізіледі, тіпті жүргізілген күннің өзінде оған қар­жы аз бөлінеді. Жоғарғы оқу орын­дарында сала бойынша мамандар даярлау ісі көңілден шықпайды. Ауа­ны ластаушы нысандарға жеткі­лікті деңгейде бақылау қойылмайды және оларға қатаң шара қолданыл­майды, тағы-тағысын келеңсіздік­тер көп»,– дейді эколог. Оның айтуынша, бізде қала ішін­де жасыл желек отырғызуды эко­логиялық шараға жатқызады, бірақ ол абаттандыру ісіне көбірек келетін көрінеді. Ал енді Үкімет тал-дарақ отығызумен бірге қор­шаған ортаны ластаушы кәсіпорын­дардың мұржаларына заманауи сүзгі орнаттыруды міндеттесе, оның ауа сапасының сауығуына септігі ана­ғұрлым көп екенін айтады. Сондай-ақ қалалардың орталықтандырыл­ған жылумен қамтамасыз ету жү­йесін көмірден газға көшірмей, бұл істе елеулі жетістіктерге жете қоюы­мыз неғайбіл. Өйткені Қазақстан­да ЖЭО-лар да, жекеменшік үйлер де көмірді көп пайдаланады. Не­гізінен ауа сапасын бүлдіріп жатқан да солар.

Экологияны жақсартатын жобалар керек

Әлбетте, мемлекет ауаны сауық­тыру бағытында айтарлықтай ша­ралар атқарып жатыр. Осы мақсатта 2025 жылға дейін республика бо­йынша 485 жобаны қамтитын 17 Жол картасы бекітілді. Оларды іске асыру қалалардағы атмосфе­ра­ның ластану индексін төмендетуге мүм­кіндік береді. Атап айтқанда, Алматы қала­сында ЖЭО-ны жетілдіру арқылы 2025 жылдың соңына дейін шы­ғарылатын зиянды қалдықтардың мөлшерін 37 мың тоннадан 6 мыңға дейін (83%) қысқарту қарасты­рыл­ған. Ал Нұр-Сұлтанда кейінгі жыл­дары ЖЭО – 1,2 су жылыту қазан­дықтары газға ауыстырылуына бай­ланысты ауаға шығарылатын қалдықтар 20 мың тоннаға дейін (25 %) азайған. Қарағанды облысында «Арсе­лорМиттал Теміртау» АҚ жаңа электр сүзгілерінің құрылысын бас­тады, бұл эмиссияны 2025 жылға дейін 31,6%-ға төмендетуге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ Теміртау қаласының маңайына 500 мың тал егуді міндетіне алды. Ақтөбе қаласында «Қазхром» ТҰК»АҚ 1 және 2 электр сүзгілерін жетілдіріп жатыр. Қазіргі кезде ферроқорытпа зауытында цехтарды қайта құру жобасын іске асыру бас­талды. Нәтижесінде, 2022 жылдың соңына қарай шығарындылар 30 %-ға төмендейді деп межеленген. Қазірдің өзінде қаланың кәріз-та­зарту құрылғыларында күкір­тсу­тегінің шығарындыларын сүзетін арнайы катализатор қолданылады. Атырау қаласы бойынша АМӨЗ-де мұнай шламдарын сусыз­дандыру қондырғысы орнатылды. Қаланың сол жағалауындағы күл­төк­пені қайта жасақтау аяқталды. Ал 2023 жылы одан басқа тағы бір ескі полигон жаңартылып, 2024 жы­лы «Квадрат» буландырғыш тоғаны тазартылатын болды. Бұдан бөлек, «Жасыл Қазақ­стан» ұлттық жобасы бойынша республиканың 16 ірі өнеркәсіптік объектісі эмиссияны 20%-дан 30 %-ға дейін төмендетуге міндеттеме алды. Ол үшін озық үлгідегі техно­логиялар енгізілетін болды. Қазірдің өзінде төрт кәсіпорынға 2022 жылға Ұлттық жоспардың нормативтеріне сәйкес эмиссияға рұқсат берілді. Мысалы, Балқаш мыс қорыту за­уыты күкірт қышқылы цехының екінші желісін салу арқылы күкірт диоксиді шығарындыларын 2,3 есеге, яғни 61 мың тоннадан 26 тон­наға дейін төмендетпекші.

Әкімдерге басымдық берілді

Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес кәсіпорындар 2025 жылдан бастап қоршаған ортаға неғұрлым зиян келтірмейтін озық техноло­гия­ларға көшуі тиіс. Бүгінде ол бойын­ша технологиялық аудит жүргізіліп жатыр. Екі жыл ішінде ірі 82 ком­пания аудиттен өтіп үлгерді. Бірінші кезекте ауаға зиянды қалдықтарды неғұрлым көп шығаратын ТОП-50 кәсіпорынға залалсыз технологияға енгізілуі тиіс. Олардың қатарында жылу энергетикасының, мұнай-газ саласының және химия өнеркә­сі­бінің нысандары бар. Екінші ке­зекте I санатты 2,5 мың кәсіпорын бел­гіленген. Егер кәсіпорындар өн­­ді­ріске залалсыз технологияны ен­гіз­бейтін болса, эмиссия төлемі бір­неше есе қымбаттатылатын болады. Сондай-ақ қала көшелерін ав­томобиль түтінінен арылту үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында электрмен қуаттандыратын 100 стан­са салынды. Жыл ішінде облыс­ара­лық күрежолдардың бойында тұр­ған ірі қалаларда электрмен қуат­тандыратын тағы 46 жаңа стан­са орналастыру көзделген. Одан бөлек, Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша, рес­публика аумағында 2021-2025 жыл­дар аралығында 2 млрд ағаш отыр­ғызу жоспарланған. Ал 2021-2030 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған түбіне, шамамен 1,1 млн га аумаққа сексеуіл отырғызу қарас­тырылған. Сонымен қатар Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегінен ары­лу жоспары бар. Көміртектік бей­тараптыққа қол жеткізу – көмір энергетикасынан түпкілікті бас тарту дегенді білдірмейді. Көмір ге­нерациясының үлесі сақталады. Тек қоршаған ортаға шығатын зиян­ды қалдықтар көміртекті ұстау тех­нологиясын (CCUS) енгізу есебінен азайтылатын болады. Сарапшылардың айтуынша, CCUS технологиясын қолдану CO2 шығарындыларын жылу энерге­ти­ка­сында –107,6 Мт-ке, өнеркәсіп­те – 13,07 Мт-ке, болат өндірісінде – 60%-ға, алюминий өндірісінде – 35%-ға, цемент өндірісінде 48%-ға қысқартуға мүмкіндік беретін кө­рінеді. ЭЫДҰ Қазақстанның қор­шаған ортаны қорғау шараларына қолдау көрсетуге, әсіресе CCUS жо­балары үшін инвестиция салуға әзірлігін білдірді. Бұл бастаманы Азия даму банкі де, Еуропалық қай­та құру және даму банкі де қолдады. Ең бастысы, Экологиялық ко­дексте жергілікті атқарушы биліктің құзыреті анағұрлым кеңейтілген. Әкімдіктер қоршаған ортаны қорғау сапасы бойынша әр бес жыл сайын мақсатты көрсеткіштерді бекітіп тұ­ратын болды. Сондай-ақ әкімдік­тер ауа райы бұзылған кезде, тіпті метеорологиялық жағдай нашарла­ғанда (мысалы, желсіз күні-авт.) көлік құралдарының қалаға кіруіне шектеу қоюға да құқылы. Яғни, әр әкім өз өңіріндегі халықтың әлеу­меттік-экономикалық жағдайына ғана емес, сонымен қатар ауаның са­пасына да жауап беретін болды. Ал оның экологиялық ахуалды са­уықтыруға қаншалықты септігі тие­тінін уақыт көрсетер.