Дуальді білім туралы айтып келе жатқанымызға 10 жыл толды. Әу баста ерекше серпінмен басталған жоба уақыт өте келе олқылықтарын да көрсетті. Орта білім саласындағы мәселелер толығымен шешімін тапқан жоқ. Әлі де техникалық бағытта білікті маман тапшы, ал дипломы бар жастың жолында кедергі көп.
Дуальді оқыту жүйесі 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Соңғы 2 жарым жылда бағдарлама бойынша білім алатын колледж студенттерінің саны екі есе өскен. Мысалы, 2021 жылы бұл көрсеткіш 206 мың студентке жетті. Жоба арқылы студенттер бір мезетте колледжде теорияны оқып, өндірісте практикалық білім алады. Яғни, оқу орны кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатады. Оқытудың бұл форматы практикалық жұмыс тәжірибесі бар білікті және сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздегі 536 колледж аталған бағдарлама бойынша білім береді. Және де 166 мамандық бойынша маман даярланады. Олардың ішінде металлургия, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс және монтаждау, сервис, экономика, көлік және тағы басқа мамандықтар бар. Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанованың айтуынша, дуальді оқыту жүйесі білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытудың 40%-ын және өндірістегі оқу тәжірибесінің кемінде 60%-ын қамтиды.
– Кейбір кәсіпорындар студенттерге өндірістік тәжірибеден өту кезінде жалақы төлейді. Мысалы, Петропавл машина жасау және көлік колледжі студенттерінің 60%-дан астамы дуальді оқыту аясында нақты орындаған жұмыстары үшін жалақы алады. 2021 жылы студенттердің орташа жалақысы 58 000 теңге болды, – дейді Насымжан Оспанова.
Сарапшылардың пікірінше, дуальді оқытуға көшкелі бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі артқан. Себебі студент практикада жүріп жақсы жұмыс істесе, кәсіпорын басшыларының көзіне түседі. Психологиялық жағынан да болашақ маман жаңа ортаға тез бейімделеді. Сондай-ақ студент өндірісте жүрген кезде колледждің бюджеттік шығындары да азаяды екен.
Жобаға серпін керек
Алайда дуальді оқытумен білім алған студент кедергісіз жұмысқа орналасып, толыққанды білікті маман болады деу қате пікір. Өйткені бағдарлама аясында оқу орны да, жұмыс беруші мен студент те бірдей жауапкершілік танытуы тиіс. Ал көп жағдайда кәсіпорындар тәжірибеден өтуге барған жас маманға оң қабақ танытпайды. Өйткені мамандығынан толыққанды хабары жоқ студентке бәрін басынан бастап үйрету, оларды өндіріс орындарындағы құралдармен тегін қамтамасыз ету жұмыс берушілерге тиімсіз. Осылайша, студенттің тәжірибеден өтетін уақыты босқа кетеді. Мұндай кемшіліктің алдын алу тікелей оқу орындарына байланысты.
– Дуальді оқу аясында кәсіпорындарға барған әр студентке жеке тәлімгерлер бекітіледі. Ал тәлімгерлікке бір студент үшін төленетін қаржы көлемі аз. Студенттерді практикадан өткізгені үшін қаржы сұрайтындар да бар. Сондықтан кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтуге арнайы нормативтік акт қажет, – дейді Тараз сервис және технология колледжінің директоры Бекболат Маймышев.
Жақында қабылданған жаңа ережеге сай енді жұмыс берушілердің дуальді оқытуға жұмсайтын шығындары өтелетін болды. Бірақ бұл да мәселені толыққанды шешпейді. Болашақ бағдарламасының түлегі Ақерке Абылайханның айтуынша, дуальді оқытудың кәсіпорындарға бірден-бір пайдасы – студенттерді арзан жұмыс күші ретінде пайдалана отырып, өздеріне білікті маман дайындауы.
– Кейбір жұмыс берушілер студент келіп тәжірибеден өтсе, технологиям бұзылып қалады деп қорқады. Ал шетелде студенттерді практикалық оқыту ірі кәсіпорындардың есебінен жүзеге асады. Бізде керісінше, мемлекет білім беруі үшін колледжге, практикадан өтуі үшін кәсіпорынға қаржы бөледі, – дейді Ақерке Абылайхан.
Нормативтік-құқықтық актілерге былтыр енгізілген өзгеріс бойынша студенттің өндірістік тәжірибеден өткен уақыты оның еңбек өтіліне есептеледі. Орташа алғанда, бұл 6 айдан 1,5 жылға дейін. Осылайша, түлектер бұрыннан бар жұмыс тәжірибесімен жұмысқа еш кедергісіз орналасуы керек еді. Алайда Talap коммерциялық емес АҚ президентінің кеңесшісі Қадырбек Бөрікбековтің айтуынша, 3 жыл оқыған студентте мұндай еңбек өтілінің болуы мүмкін емес. Өйткені әр мамандықтың оқу бағдарламасына сай орташа есеппен өндіріске кететін уақыт 3-4 айдан аспайды.
– Бізде дуальді оқыту жүйесінің аты бар. Бірақ жүйесі қалыптаспаған. Дуальді оқытуды 90 пайызға енгіздік. Ал кәсіптік-техникалық бағыт бойынша оқитын студенттердің саны – 600 мың. Осыншама баланы дуальді оқытуға біздің кәсіпорындар жетпейді. Дуальді жүйе тек қана жұмысшы мамандықтарға арналған. Біздікілер жүйе бойынша 90-100 пайыз жұмысқа орналасты деп есеп береді. Бұл мүмкін емес, – дейді Қадырбек Бөрікбеков.
Шыны керек, түлектердің жартысынан көбі тәжірибеден өткен кәсіпорындарға барып жұмыс істемейді. Өйткені бізде өндіріс орындары аз. BTS-Education консультанты Бауыржан Әбуов өңірлерде болашақ мамандарды даярлау белгілі бір аймақтардың қажеттіліктеріне сәйкес жүргізілу қажеттігін жеткізді. Мысалы, Қызылорда қаласына сантехниктер қажет болса, бірінші кезекте оларды дәл сол жерде оқыту керек және осы тәжірибені өңірлер бойынша қолдану керек деп есептейді.
– Оқыту жүйесі еңбек нарығының сұраныстарынан тыс қалып жатыр және қалыптасқан жүйе адамды іс жүзінде жұмысқа дайындамайды. Дуальді білім беру жүйесін жақсарту үшін, ең алдымен оқытуды еңбек нарығына байланыстыру қажет, – дейді Бауыржан Әбуов.
Әлемдік тәжірибе
Дуальді оқыту – шет мемлекеттерде, оның ішінде Германия, Аустралия, Швейцария елдерінде кең таралған. Немістерде жұмыс күшінің нарығы дуальді оқыту түлектері арқылы қалыптасады екен. Мәселен, Германияда колледждерде екі күн оқыса, қалған уақытын кәсіпорында өткізеді. Яғни, оқушының жұмыс істеуіне де, кәсібі бойынша білім алуына да тиімді. Әрі бұл мемлекетте дуальді оқыту бағдарламалары 340 кәсіп бойынша оқытылады. Ол үшін студент кәсіпорынға барып, келісімшартқа отырады. Жұмыс беруші тарап оның колледжде оқитын оқу ақысын төлеп береді. Демек, колледж бен кәсіпорын арасында ортақ байланыс бар деген сөз. Бұдан оқу орны да, жұмыс беруші де ұтылмайды. Әрі студенттің жалақысынан бөлек медициналық сақтандыруы мен көлікте жүруге жеңілдігі тағы бар.
Кез келген компания үшін дуальді оқытудың тиімді тұсы көп. Әуелі мықты кадрларды дайындауға қол жеткізе алады. Сөйтіп, өз фирмасына талантты кадрларды жинақтайды. Бұл – бір жағы. Екіншіден, түлектер де оқу бітірген соң кәсіпорында жұмысқа тұруға мүмкіндік алады. АҚШ, Германия, Швейцария, Ұлыбритания дуальді оқыту жүйесінен ұтпаса, ұтылған жоқ. Табыс екі тарапқа да ортақ. Бір жағынан кәсіпорын қаржысы үнемделеді, екінші жағынан қажетті маманды өзі тәрбиелеп алады. АҚШ-та 16 жасқа толған жастарды техникалық мамандықтарға оқытатын арнайы бағдарлама бар. Ол арқылы оқушы Солтүстік Каролинада жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Тегін білім алумен қатар, оның қосымша табыс табуына да болады.
Қазақстанда 2025 жылға қарай техникалық-кәсіптік мамандықтар бойынша студенттердің 100%-ын дуальді оқытумен, ал жұмыс орындарында мемлекеттік тапсырыс аясында студенттердің 50%-ын қамту жоспарланып отыр. Дегенмен дуальді оқытуды жаппай енгіземіз деп маман даярлау ісінің сапасын түсіріп алмауымыз да қажет.