Петропавл қаласында Наурыз мейрамы қарсаңында опырылып құлаған мұржаның жыры әлі таусылар емес. Таусылмақ түгіл ең «қызығы» енді басталғандай. Сол күні құрылған комиссия әлі жұмысын аяқтамаса да, бірқатар кемшіліктің беті ашылып жатыр. Күдікті ретінде қамауға алынған жылу электр орталығының директоры мен бас инженері бұл қызметтерінде бір жыл да жұмыс істеп үлгермепті: директор тағайындалғалы 9-ақ ай өтсе, бас инженер бір ай ғана жұмыс істеген. Акционерлер құлаған мұржаны жөндеуге 18 миллиард теңге қаражат қажет деп отыр. Бұл қаржыны кім бөлетіні тағы белгісіз. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ басшылығы журналистерді жинап, кәсіпорынға пресс-тур ұйымдастыруды сәнге айналдырғалы қай заман. Сонда қазандықтар мен турбиналар, басқа да қондырғылар жаңартылды, жылу электр орталығының ешқандай қиындығы жоқ деп жар салатын. Мұның бәрі Потемкин ауылдарының кері екен. Мұржа құлағаннан кейін жүргізілген сараптама нәтижесінде кәсіпорын құрал-жабдығының 80 пайызы әбден тозып, қаусап тұрғаны белгілі болды. Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ильясовтың айтуынша, жылу электр орталығының негізгі жабдығы 1961 жылы пайдалануға берілген. Соңғы 20 жыл ішінде қазір жұмыс істеп тұрған қазандықтардың үшеуі ғана жаңартылыпты. «Кәсіпорын жабдығының тозу деңгейі шамамен 60 пайызды құрайды. Жекелеген қазандық агрегаттары бойынша – 70-73 пайыз, турбоагрегаттар бойынша 78-82 пайызға дейін. Бүгінде қалған-құтқан ресурсы станса жабдығының апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмайды. Мәселен, өткен жылу беру маусымында 13 технологиялық апат болса, биыл жылу беру маусымы басталғалы 39 технологиялық бұзушылық тіркелді. Соның салдарынан жылу және электр энергиясын беру сапасы нашарлап, шектелді. Қыс бойы 12 қазандықтың екеуі не бесеуі ғана жұмыс істеген күндер болды. Тұрғындарға жылу төмен параметрлермен берілді», – дейді басқарма басшысы. Ал қысы қытымыр солтүстік өңір тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін кем дегенде 9 қазандық пен 6 турбина жұмыс істеп тұруы тиіс. Өкінішке қарай, ондай күндер көзден бұлбұл ұшқан сыңайлы. Қыс бойы кәсіпорын қызылжарлықтарды жылуға жарытпады. Күз бен қыс мезгілінде барлық қазандығы 3 реттен 11 ретке дейін тоқтатылып, жөнделді. Ал қағаз жүзінде барлық жоспарлы жұмысы уақытылы «жүргізілген». Бірақ сол жөндеу жұмыстарының сапасын тексеруге келгенде түсініксіз түйткіл көп. Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Николай Борзиловтың айтуынша, жұмыс қорытындысын қабылдауға департамент мамандары қатыспайды. «Атқарылған жұмыс сапасын техникалық қадағалау мамандары тексереді. Бұл – жекеменшік ұйымдар. Заң бойынша, біздің жұмыс сапасын тексеруге хақымыз жоқ», – деп түсіндірді Николай Павлович. Дайындық паспортын Энергетика министрлігі бергенімен, бұл шаруаға да департаменттің қатысы жоқ болып шықты. Қазан айында дайындық паспорты бекітілгенімен, қарашада алғашқы апат тіркелген. Жергілікті атқарушы органдар, соның ішінде облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы №2 жылу электр орталығы сияқты жекеменшік кәсіпорынның табалдырығын рұқсатсыз аттап та баса алмайды. Бақылауға да, қадағалауға да құқығы жоқ. Қызмет ұсынушының жұмысына бақылау жоғын билік өкілдері мойындады. Сорақысы сол, Николай Борзилов түсіндіргендей, технологиялық апаттың себеп-салдарын зерттеу үшін құрылған комиссия құрамына енгізілген сарапшыларды Энергетика министрлігімен келісуге акционердің өзі ұсыныпты. Мұның себебін департамент басшысы сарапшылар қызметінің ақысы қандай көздерден қаржыландырылатыны белгісіз болғанына байланысты деп түсіндірді. Облыстық мәслихат депутаты Қанат Асқаров акционер сарапшылармен ауыз жаласуы мүмкін деген жорамалын айтады. «Бұған дейін барлық жөндеу жұмысын сол сарапшылар көз жұмып қабылдап келген болса, осы жолы да дәл солай болып шықпасына кім кепіл? Комиссия құрамына шын мәнісінде тәуелсіз сарапшылар енгізілуі тиіс. Сонда ғана барлық кемшіліктің беті ашылады. Бұл жерде қызмет беруші сарапшыларды өзі жалдап отыр. Күрделі жөндеуден өткізілді деген қазандықтар қазір 80-100 пайызға тозған болып шықты. Бұл комиссияның жұмысы нәтижесінде де осындай қорытындыға келуіміз ғажап емес», – деді депутат.
ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ҚЫСҚАРТЫЛЫП, ЖҮКТЕМЕ КӨБЕЙДІ
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, құлаған мұржа биыл қалпына келтіріліп, кейін шамамен 2023 жылға қарай жаңасының құрылысы жоспарланбақ. Әзірге қазандықтар қалған екі мұржаға қосылмақ. Бірақ сол мұржалардың жағдайы да күмән туғызып отыр. Оларды да тексерген адам жоқ. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттары биыл жаңа мұржа салынатынына шүбә келтірді, ескілерін тексеру керек десті. Акционердің айтқанына сеніп, бас шұлғи бермей, әрбір санды тексеру, уақытылы тексерістер тағайындау туралы бастама көтеру, инвестициялық бағдарламалардың қаншалықты орындалып жатқанына сараптама жүргізу, жауапты бір ғана өкілетті органды белгілеу, стратегиялық нысанды мемлекет меншігіне қайтару керек екені туралы ұсыныс айтты. Тіпті, акционерлерді инвестор деп атауға болмайтынын айтты. «Ол өндіріске қандай инвестиция құйды? Мәселен, кез келген үйдің мұржасы құласа, бұл оқиға қожайыны үшін масқара болып саналады. Мұржасы құласа, пешінің жағдайы тіпті сорақы деген сөз. Ол өз мұржасын өзі жөндейді. Тіпті, үйінің шатырынан сүңгі мұз қауіп төндірсе де, өзі жауап береді. Ал акционердің жекеменшігінің мұржасы құласа, неліктен мемлекет пен тұтынушы жауап беруі тиіс?» – деп таңданысын жасырмады облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев. «Орталық Азия Электрэнергетикалық корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов бұл апат күтпеген жерден болды деп қатты желді «кінәлағанымен», орталық қызметкерлері мен сол маңайда жүрген адамдар мұржадан қауіп бар екенін баяғыда-ақ сезген екен. Бұған жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгені себеп болуы мүмкін. Былтыр осындағы апат салдарынан бір жігіт мерт болғаннан кейін жұмысшылар қауіп бар екенін сезіп, топ-тобымен жұмыстан кеткен. Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ильясов түсіндіргеніндей, кәсіпорын жабдығының осыншалықты тозуы инвестициялық бағдарламаның жеткіліксіз қаржыландырылуына байланысты. Акционердің бөлген қаржысы жылдан-жылға азайып бара жатқан көрінеді. Сондай-ақ Бақыт Ильясовтың айтуынша, күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарының уақытылы жүргізілмегеніне 2018 жылдан бастап тарифті тежеу себеп болған көрінеді. «Севказэнерго» АҚ инвестициялық бағдарламасы аясында 2019-2021 жылдары жөндеу, қайта құру және жаңғыртуға 3,1 млрд теңге бағытталды. Инвестициялық бағдарламаның көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы 30 пайыздан астамға, 2022 жылы 15 пайызға қысқарды», – деді Бақыт Ильясов.ЖЫЛУ ТАПШЫ
Жуырда ғана Петропавл қаласының бас жоспары қабылданды. Онда «2035 жылға дейін №2 жылу электр орталығы облыс пен қаладағы жылу мен электр энергиясының жалғыз сенімді жеткізушісі болып қала береді» делінген. Алайда алдағы уақытта салынатын үйлердің жылуға қосылуы неғайбіл. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның бұған дейінгі басшылығы 2025 жылға қарай Петропавлда жылу ғана емес, электр қуатының да тапшылығы болатынын болжаған еді. Апат салдарынан бұл мерзім қысқара түсті. Қазірдің өзінде жылу тапшылығы көрсеткіші – сағатына 52,5 Гкал. 2025-2026 жылдардан бастап №2 жылу электр орталығы Петропавл қаласын қажетті көлемде жылу энергиясымен қамтамасыз ете алмайтынын билік өкілдері ашық айтты. Сондықтан Солтүстік Қазақстан облысына жаңа жылу электр орталығын немесе газ-электр стансасын салу қажеттілігі туындап отыр. Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, қоғамдық кеңес мүшесі Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, бұл мәселе 80-жылдары көтерілгенімен, аяқсыз қалған. «Қала аумағы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Көпқабатты үйлер, өндіріс орындары салынып жатыр. Басқа жылу электр орталығының құрылысы туралы бастама көтеретін кез келді. Ескісімен алысқа бара алмаймыз», – деді Асқар Жоламанұлы. Бұл ұсынысты мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері де қолдап отыр. Алайда бұл – ұзақ уақытты қажет ететін жұмыс, жобалаудың өзіне 3 жыл қажет. Ал Петропавл қаласында биылғы жылыту маусымы аяқталмағаны өз алдына, келесісінің басталуына бес-ақ ай уақыт қалды. Оған дейін акционердің 18 миллиард теңге қаржы құятыны неғайбіл. Солтүстік Қазақстан облысына жылу және электр қуатының балама көзі қажет екені анық. Ал биыл «кәрі құданы» петропавлдықтар қалай қарсы алатыны бір Аллаға аян.Солтүстік Қазақстан облысы