Мейіржан Төребаев 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Мейіржан Төребаев 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
©sputnik.kz
375
оқылды

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу шаралары аяқталуға жақын екенін айтты. Қазір заңға сай жапа шеккендер мен айыпталушы тараптар іс материалдарымен толық танысып жатыр.

«Ол іс бойынша 14 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде 6 адам қамауда, тағы бірнешеуі үйқамақта. Тағы екеуі кепілдікпен босатылған. Тағы бірнешеуі ешқайда кетпеу туралы қолхат берген. Ешкім жауапкершіліктен босатылмайды. Сол себепті кішкене шыдамдылық танытып, тергеудің нәтижесін күтіңіздер», – дейді Марат Қожаев. Вице-министрдің айтуынша, алаяқтардың құрбанына айналған адамдар түрлі психофизиологиялық қысымға ұшырады. Кейбіреуі сондай қысымға шыдамаған. Соның бірі – сәуірдің 11-і күні Нұр-Сұлтанда Ішкі істер министрлігі ғимаратының жанында өз-өзін өртеп жіберген әйел. Ол Mudarabah Capital қаржы пирамидасына 20 миллион теңге салып, алданып қалған. Жәбірленуші аман қалды, бірақ қазір ауруханада ауыр халде жатыр. Бұған дейін Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Азимжан Саидбаев сияқты танымал вайнерлер қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді. 2021 жылы вайнерлер Mudarabah Capital компаниясын жарнамалай бастаған. Үшеуі де компанияның құрылтайшысы болған. Жарнамаға жүздеген адам сеніп, ақшаларын компанияға салды: біреу көлік сатты немесе соңғы жинаған ақшасын берді. Нәтижесінде, салымшылар ақшасыз қалды. Компания қаржылық пирамида деп танылды, ұйымдастырушылар ұсталды. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Төребаев компанияны жарнамалап қана қоймай, ортақ меншік иесі ретінде үнемі табыс алып отырған. Қылмыстық бап бойынша ол 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, Мейіржан Төребаев пен оның достары Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және басқару») бойынша күдікті.