Бір жылға жуық тергеу жүргізіліп, пандемия кезінде қомақты қаражат жымқырғандар сотталды, – деп жазады 24.kz.
Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты.
Сот облыстың бұрынғы бас дәрігерін «Өзіне сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі мүлікті иеленді» деген айып тағып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.
Осы іске қатысы бар жекеменшік клиника мен медициналық аппараттарды сататын компания директоры да осындай мерзімге сотталды. «Ұйымдасқан қылмыстық топ» 2020 жылы пандемия кезінде тыныс алу аппараттарын сатып алуға бөлінген мемлекет қаржысын жымқырған.
Ал ауруханаға ескі аппараттар мен медициналық төсек-жабдықтар алынған. Сол кезде аурухананың бас дәрігері болған Қасымжан Тәшметов сот шешімі бойынша амнистияға ілігіп, жазадан босатылды. Дегенмен ол 25 млн теңге шығынды өтеуге міндетті.
«Ілиясов пен Молдантаева ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бап 4-тармағы бойынша айыпты деп танылып, екеуі де 8 жылға бас бостандығынан айрылсын. Жаза орташа дәрежедегі түзету мекемелерінде өтеледі. Сондай-ақ олардан 86 млн теңге мемлекетке келтірілген шығын алынсын. Молдантаеваның жасырын жолмен тапқан ақшасына сатып алынған Lexus автокөлігі де тәркіленсін», – деді қалалық соттың судьясы Әтімбек Жұмабеков.