Жетімнің күйін кешкен жеңіл өнеркәсіп
Жетімнің күйін кешкен жеңіл өнеркәсіп
© коллаж: Елдар Қаба
464
оқылды
Нарықтың қыж-қыж қай­­наған базарында өзбек пен түріктің тауар өндірушілері асыр салып жүр. Билік­те­гілер «өнеркәсіп өркендеуін тоқтатар емес» деп сенді­реді. Шын мәнінде, қазақ­стан­дықтардың кигені әлі өзгенің киімі. Ел Үкіметі на­­рықты сақтап қалуға ниет­­­ті ме, әлде шетелдік өн­­дірушілерге босатып бе­ру­ге құлықты ма? Көр­ші­лер­ге қол жая бермей, отан­­­­дық киім-кешек және аяқкиім өндірісін қашан жолға қоямыз? Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ішкі жалпы өнімнің 4,4 пайызға өскенін мәлімдеді. Ел экономикасының өсуіне негізінен өңдеуші өнеркәсіп салалары әсер етті. «Былғары өнімдерін шығару 29 пайызға, киім-кешек өндірісі 13 пайызға өсті», – дейді Премьер-Ми­нистр статистикаға сүйеніп. Бөркімізді аспанға ата алмаймыз. Себебі бұл көлге тамған тамшыдай-ақ. Жеңіл өнеркәсіпті жолға қою керек деп ұрандатып келе жатқа­нымызға отыз жыл болды. Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркия импорт­тың 95%-ын жаулап алған. 2021 жылы елімізге 110,6 млн долларға ерлерге арналған костюм, шалбар мен пиджак импортталған. Соның ішінде 41 млн доллары Қы­тайдың, 27,3 млн доллары Түр­кия­ның, 21,4 млн доллары Ресейдің, 4,7 млн доллары Бангладештің, 4 млн доллары Италияның және 3,6 млн доллары Өзбекстан өніміне тиесілі. Әйелдер киіміне тоқталсақ, 2021 жылы 114,4 млн доллардың тауарын алдыртқан. Ең көп қай елден келді десеңіз, тағы да Түркия. Екінші орында Ресей, үшінші Қытайдың көйлектерін киіп жүр­міз. Іш киімнің өзінде шетелге қол жайып отырғанымыз өкінішті. Бірінші – Түркия, екінші – Ресей, үшінші Өзбекстанға тиесілі. 55,9 млн долларға іш киім мен тоқыма өнімдері импортталған. Спорт киімдері де біздікі емес. Былтыр 30, 8 млн долларға Ресей, Қытай, Түркиядан сатып алған. Бұл киім нарығының бәсеке былай тұрсын, деңгейіне де жете алмай отырғанымызды көрсетеді. Де­ген­мен отандық өндірушілер шама-шарқынша саланың дамуына ай­тарлықтай үлес қосып отыр. Ыстамбұлда тұратын отан­дасымыз Фатима Аманжолқызы 13 жылдан бері осы саланы зерттеумен айналысады. Өз брендін қалып­тастыруды мақсат еткен ол әуелі алыпсатарлықтан бастаған. Бү­гінде Қазақстанда және Түркияда қос-қостан киім дүкені бар. «Өз елі­мізде киім тігуді неге қолға ал­ма­дыңыз?» деген сауал қойдық, «Тым құрығанда ине-жіп шығара алмай отырғанда Қазақстанда киім өндірісімен айналысу шығынын да ақтамайды», – деп ашығын айтты. «Біз екі алпауыт елдің көршісі болып отырмыз. Олармен ешқа­шан бәсекелесе алмаймыз. Ішкі өндірісті дамыта алмауымыздың бір себебі – осы. Шикізатты шет­ел­ден алуға мәжбүрміз. Қазақ­стан­да киім тіктіру тиімді емес. Өйткені техника шетелден келеді, мата, жіпке дейін шетелден аламыз. Оны тігіп, нарыққа ұсынар болсақ, арзан бағада сата алмаймыз. Сон­дықтан да отандық кәсіпкерлер қиналады», – дейді ол. Алыпсатарлар Түркиядан 10 мың теңгенің киімін Қазақстанға әкеліп, 30 мың теңгеге сатады. 3-4 мың теңгелік көйлектер елімізде 16-17 мың теңгеден сатылып жат­қаны ащы болса да шындық. Ай­лығы шайлығынан артылмай отыр­ғанда халық шетелдің арзан­қол киімін 3 есе бағада алуға мәж­бүр болуы – жығылғанның үстіне жұдырық. Сала шынымен шарықтап кет­кен болса, ешкім де базына айтып бас қатырмас еді. Елімізде House of Raya бренді 8 жылдан бері на­рықта. Бүгінде республика бо­йын­ша 5 сауда орны бар. Ауыл-ай­мақ­тар үшін жеткізу қарастырылған. Негізін қалаушы Райхан Жарыл­ға­сованың айтуынша, отандық тауарлар қымбат сауда үйлерінің сөресіне түспейді. Өйткені жоғары санаттағы ғимараттардың жалдау құны тым қымбат. «Бізде италиялық матадан ті­гілген дизайнерлік көйлектер ба­ғасы 15 мың теңгеден басталып, 45 мың теңгеге дейін барады. Кіші­гірім сән үйлері метріне қарай тө­лейді. Сәйкесінше бағасы да қым­бат­қа түседі. Ал біз ірі көлемде шет­ел­дерден алдыртамыз. Елор­дада EXPO-2017 көрмесінен кейін қаншама ғимарат қалды. Өз брен­дін қалыптастырған отандық киім өндірушілерге тұрақты орын берсе, едәуір көмек болар еді. Оның өзін­де сүт, құрт, ірімшікпен қатар қою­дың қажеті жоқ. Жеңілдетілген не­­­сиелер туралы айтпай-ақ қоя­йын. Себебі оған қолжеткізу өте қиын», – дейді кәсіпкер Р.Жарыл­ғасова.

«ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ АСЫРА» ДЕЙДІ

Жеңіл өнеркәсіп саласындағы тағы бір түйткіл – аяқкиім өндірісі. Бізде аяқкиім фабрикалары бар. Барлығы бірігіп, ішкі нарықтың 3 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. «Тараз былғары аяқкиім» кәсіпорнының бас директоры Ер­кебұлан Ералы Үкіметтен реформа болса ғана, тұралаған отандық өндіріс алға жылжиды деп отыр. «Үкіметтік қолдау керек. Қа­зақстанның аяқкиім өндірісіндегі әлеуеті өте жоғары. Өйткені біз де мал шаруашылығы жолға қойыл­ған. Ал Өзбекстанда керісінше тері тапшы. Өкініштісі, әлеуетіміз жоғары болса да, аяқкиім бойынша ішкі сұранысты өтей алмай отыр­мыз. Ал сол Өзбекстан шетелден аяқкиім импорттамайды. Қайта біз импорттап отырмыз. Бұл – өте ұят. Бұл салаға жеңілдетілген несие қажет. Қазір 7 пайызбен береді. Ал негізі оның өзі тауар өндірушілерге көп. 2-3 пайызбен берсе де, Үкімет ұтылмайды», – дейді ол. Тері неге дұрыс өңделмейді? Се­бебі бүгінде сұраныс жоқ. Өйт­кені аяқкиім фабрикалары қарқын­мен жұмыс істеп жатқан жоқ. Егер біз аяқкиімді кең ауқым­да шығар­сақ, теріге сұраныс арта­тын еді. Сұраныс жақсы болса, сапалы тері де болар еді. Бүгінде аталмыш кә­сіпорын еліміздегі үздік үштікке кіреді. Кәсіпорын жылына 200 мың жұп аяқкиім шығарып отыр. Об­лыста халық саны – 1043,6 млн. Сон­да жылына тек Жамбыл облы­сына ғана 3 мил­лион аяқкиім ке­рек. Бұл – дамушы елдердің дең­гейі. Үздік үштікке кіретін кәсіп­орын осылай шы­ғарса, отандық компаниялардың үлесі өте аз. Қазақстанда жасалған аяқкиімдерді кез келген сауда орындарынан көре бермеуіміздің себебі – осы. «10 фабрика ашсақ та, об­лыс­тың сұранысын қанағаттан­дыра алмаймыз. 19 миллион халыққа жылына 50 миллион жұп аяқкиім өндіруіміз керек. 50 миллионның 3 пайызы ғана Қазақстанда шы­ғарылады. Шикізатты Ресей мен Түркиядан алдыртамыз. Аяқкиім­нің сырмасын да шетелден сатып алудан басқа амал жоқ. Біздің аяқкиім 15 мың теңге тұрса, Қы­тай­дан елге әкелінгені 12 мың тең­генің төңірегінде болады. Міне, ұтылып жатқанымыздың көріні­сі», – деп қынжылды «Тараз был­ғары аяқкиім» кәсіпорнының бас ди­ректоры Еркебұлан Ералы.

ӨЗБЕКСТАН ҚАЛАЙ ӨНДІРУШІ ЕЛГЕ АЙНАЛДЫ?

Алысқа бармай-ақ қояйық, же­ңіл өнеркәсіпті өркендетуде өз­бек­терден аларымыз көп. Өзбек­станда мақта талшықтарын сыртқа шы­ғаруға тыйым салынды. Бұл елде инвесторларға да жеңілдіктер қа­растырылды. Мысалы, 1 млн дол­лар инвестиция салған ком­пания – 3 жылға, 10 млн инвес­ти­ция салған компания – 10 жылдан астам мерзімге салықтан бо­сатылды. Көрші елдегі өндіріске ком­муналдық төлемдерге жасалған жеңілдіктер де серпін беріп отыр. Өзбекстан тарапы мұнымен тоқтап қалмай, тауарлардың бес жүзге жуық түріне кедендік салық жеңілдіктерін енгізгені белгілі. Мы­салы, Қазақстан мен Өзбек­станның тоқыма-тігін саласындағы кәсіпорындары өздеріне қажетті шикізатты Қытай, Түркия сияқты бірқатар елдерден тасымалдайды. Бірақ екі елдің кәсіпкерлері ши­кізатты ел аумағына кіргізгенде екі түрлі алым-салық төлейді. Өз­бектердің сырттан кіргізетін шикі­затқа төлейтін кедендік баж са­лығының мөлшері заттың өзіндік құнының 6 пайызы деңгейінде бол­са, қазақ кәсіпкерлері 30 па­йызға дейін кедендік баж салығын төлеп жүр. Осының өзі де отандық тауар өндірушілерге ауыр. Бүгінде Қазақстаннан өзге елдердің ішкі нарығының қауіпсіздігі қатаң сақ­талады. Ішкі нарығын қорғау мақсатында мысалы Беларусь пен Ресейде шикізат және жартылай шикізаттық өнімдердің біразы елден шығарылмайды. Сондай-ақ Өзбекстан, Қытай, Түркия елде­рі­нің ішкі нарығына ену өте қиын. Қорытындысында, қарапайым жұрттың қамын ойлаған ел эко­номикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға айрықша ба­сым­дық беруге тиіс. Саланың ең­сесін тіктейтін тетіктерді қа­рас­тыру – Үкімет алдындағы басты міндет. Себебі халықтың әлеумет­тік әлеуетін көтеруде жеңіл өнер­кәсіп басты рөл ойнайды. Айт­пақшы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзбектер тек 7 пайыз ғана мақта талшығын қайта өң­дейтін. Қазір бұл көреткіш 55 па­йыздан асқан. Ал біз әлі сол күй­деміз. Осыдан келіп Үкімет отан­дық өндірісті дамытуға құлықсыз ба деген ой келеді.