2023 жылдан бастап ЕО аумағында электроэнергияға, қара металға, алюминийге, цемент пен тыңайтқышқа, одан әрі металдың барлық түрі мен химиялық және мұнай өнімдері импортына көміртек салығы салынады. Ал Қазақстан экспортының 41 пайызы кәрі құрлық елдеріне тиесілі екенін ескерсек, мұндай жағдайда республика тек мұнай экспорты бойынша жыл сайын 3,4 млрд доллар жоғалтуы мүмкін.
Трансшекаралық көміртегін реттеу механизмі
Бүгінде климаттың өзгеруі ғаламдық деңгейдегі аса қауіпті апаттың біріне айналды. Кейбір мемлекеттер үшін бұл тіпті басқа барлық тәуекелдерден де қауіпті болып тұр. Халықаралық экологиялық ұйымдар оның алдын алу үшін қоршаған ортаға нұқсан келтірушілерге қатаң шара қолдану керек екенін баяғыдан бері айтып келеді. Мұның ішінде атмосфераны ластаушы кәсіпорындардың көмірқышқыл газ шығарындыларына салық салу міндеттемесі де бар. Міне, енді «Трансшекаралық көміртегін реттеу механизмін»(ТКРМ), яғни көміртек салығын енгізуді бірінші болып Еуропа одағы қолдана бастады. Бұл ЕО аумағында ғана емес, одан тыс аймақтарда да парник газ шығарындыларын реттеуге бағытталған климаттық саясаттың жаңа құралына айналатын болды. Енді кәрі құрлыққа тасымалданатын барлық тауарлар бойынша парник газын шығару көлеміне байланысты баж салығы салынады. Бұл әлемдік экономиканы неғұрлым таза энергияға қарай ойыстырып, өндірісте көміртектің ізі біртіндеп кеми бермек.
Еуропа одағы түзету механизмін көміртекті өндірістің бір өңірден екінші өңірге бас сауғалап кетпеу үшін қолданысқа енгізіп отыр. Өйткені зиянды шығарындыларға талап күшейген сайын жергілікті компаниялар өзінің өнеркәсіптік қуатын экологиялық бақылауы босаңдау үшінші елдерге көшіруі мүмкін. Бұл залалды бизнестің көміртектік көлемін төмендетпеуіне, өнім бағасын қымбаттатпауына мүмкіндік береді. Яғни, мұндай жағдайда әлемде қоршаған ортаға шығарылатын парник газдарының жалпы мөлшері азаймайды.
Бүгінде көміртек салығын өркениетті елдердің бірқатары қызу қолдап әкетті. Қазір 27 мемлекет өздерінің ішкі нарықтарына көміртек салығын енгізді, оның ішінде ЕО-дан басқа, Ұлыбритания, Қытай, Канада, Аргентина, басқа да мемлекеттер бар. Бүгінде тағы ондаған ел осы шарттарды қарастырып жатыр.
Көптеген елдің, оның ішінде ТМД-ның экономикасы мұнай, газ және көмір саласына байланған. Ал олардың көміртек ізі жалпы әлемдік көрсеткіштен айтарлықтай жоғары – парник газының мөлшері жан басына шаққанда жылына – 4,7 тонна. Мәселен, ол Қазақстанда – 11,5 тонна, РФ-да – 16,9 тонна, Украинада – 6,6 тонна, Беларусьте – 5,1 тонна.
Қазақстан экспортының құрамында көміртек ізі көп
Оның шамадан тыс көп болуына байланысты салықтың бұл түрінің енгізілуі бізге зиян. Ол отандық тауардың әлемдік нарықтағы бағасын қымбаттатып, бәсекелестік қабілетін төмендетіп жібереді. Егер экспорттық көлемі ақшаға шаққанда 50 млн доллардан асатын отандық топ-12 тауар түрін саралайтын болсақ, 2023 жылы көміртек салығына тек екі өнім – ферроқорытпа мен алюминий ілігеді екен. Доллармен есептегенде, одан алюминий бойынша 4,2 млн доллар және ферроқортпа бойынша 12,7 млн доллар жоғалтуымыз мүмкін.
Бірақ бұл бастамасы ғана. Көміртек салығының алғашқы кезеңінде мұнай өнімдері үшін алым алу қарастырылмаған, алайда оған қуанудың еш реті жоқ. Мұнайға мұндай шектеу қою 3-5 жылға кейінгешегерілген. Ал ел экспортының 60 пайызы мұнайға байланғанын ескерсек, міне нақ сол кезде экспорттық табысымыздың айтарлықтай бөлігінен айырылып қалатынымыз анық.
ЕО жоспары бойынша, 2023-2025 жылдар аралық кезең болып саналады. Бұл кезеңде ЕО-ға тауар енгізушілер көміртек шығарылымдарының көлемі мен төлемі туралы тоқсан сайын есеп беріп тұруға міндеттелген. Көміртек салығына іліккен барлық өнімдер бойынша кедендік баж салығы 2026 жылдан бастап толығымен алына бастайды. Осы жылы трансшекаралық көміртектік реттеу механизмі күшіне енеді.
Аталған жүйе қолданысқа енгізілгеннен кейін ЕО-ға тауар экспорттаушылар көміртек сертификатын сатып алуға мәжбүр болады. Оның құны көмірқышқыл газының бір тоннасы үшін Еуропа аукционында бір аптаға белгіленген квота бағасы бойынша есептеледі. Қазір ЕО-да оның бір тоннасы орташа бағамен алғанда 50 еуро болса, бізде бір тоннасы 1 еуро шамасында. Ал көміртек салығы импортты қымбаттатып, сырттан тасымалданатын тауар мен Еуропаның өзінде өндірілетін тауар бағасының теңестірілуін көздейді. Яғни, ТКРМ Еуропа аумағында бизнестің бәсекелестігін арттырып, басқа мемлекеттердің де өз өндірісінің экологиялық тұрғыдан неғұрлым таза болуына күш салуына итермелейді.
Осыған орай ел Үкіметі өнеркәсіп секторын модернизациялау, көмірқышқыл газ шығарындылары көлемін азайту, экспортты жаңа нарықтарға бағыттау сияқты шараларды қарастыра бастады. Сол себепті ең алдымен энергетикалық кәсіпорындарды көмірден газға және жаңғыртылатын отынға (жел, су, күн энергетикасы) көшіру мәселесі туындайды. Ал ол оңай шаруа емес. Өйткені бұл салада көмір генерациясының үлесі 70 пайызды құрайды. Сондықтан ел энергетикасының көмірге мұншалықты тәуелділігінен жақын жылдары арыла қоюымыз екіталай.
Экономист Талғат Темірхановтың айтуынша, төмен көміртекті экономикаға жеделдетіп көшу үшін ауқымды инвестиция салынуы тиіс. Мәселен, тек энергетика секторын модернизациялау үшін 160 млрд доллар қажет көрінеді. Ел экономикасы пандемияның салдарынан әлі арыла алмай жатқанда, оның үстіне жаппай қымбатшылық заманында отандық өнеркәсіпке мұнша қаржы құю ондаған жылдарға созылатыны түсінікті.
«Қазақстанда парник газдардың көлемі квота арқылы реттеледі. Жоспар бойынша, 2030 жылға қарай сыртқа шығарылатын парник газдардың мөлшері 1990 жылмен салыстырғанда 15 пайызға кемуі тиіс. Бірақ бұл деңгей қазірдің өзінде мөлшерленген межеден асып кеткен. Мысалы, 2018 жылы қоршаған ортаға жіберілген парник газдың көлемі 401,9 млн тоннаны құраған, ол 90-жылмен салыстырғанда 4 пайызға көп»,– деді экономист.
Ұлттық жоспар бойынша, 2021 жылы парник газдардың шығарылымы үшін бөлінген жиынтық квота 169,2 млн тоннаны құрады.
Талғат Темірхановтың айтуынша, өндірісті көміртексіздендірудің алдында экономиканың басым бағыттарын анықтап алу қажет.
«Негізгі әр саладағы компанияларға қатысты көміртексіздендіру саясатын жүргізгенде, оны энергиялық тиімділік, индустриализация, электр энергетикасын дамыту саясатымен бірге үйлестіріп жүзеге асырған жөн. Сондай-ақ экономиканың секторларына нақты қолдау шараларын белгілеу қажет. Одан бөлек, парник газдарының шығарылымы үшін квотаға төленетін қаражатты өндірісті модернизациялауға пайдалана алатындай механизмді қарастырған дұрыс. Бұл бизнеске қосымша көмек болады»,– дейді экономист.
Өндірісті сауықтырудың жаңаша қадамдары қолға алынды
Қазақстан көмірқышқыл газы шығарындыларының ЖІӨ-ге шаққандағы көрсеткішінің жоғарылығы бойынша әлемдегі ең ластанған бес мемлекеттің ішіне кіреді. Бұл туралы былтыр ECOIER I халықаралық форумында сол кезде Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарған Ахметжан Пірімқұлов айтқан болатын.
«Отандық өндірісте көміртек ізінің шамадан тыс көптігі бізде көмір генерациясының өте кең таралғанымен және 1960-1970 жылдары құрылған кәсіпорындардың әлі сол ескі жабдықтармен жұмыс істеп келе жатқанымен түсіндіріледі. Қалыптасқан ахуалды жақсарту үшін жаңа Экологиялық кодекс енгізілді. Онда Қазақстан өнеркәсібін экологиялық тұрғыдан тазартудың негізгі бағыттары көрсетілген»,– деген еді кейін істі болған А.Пірімқұлов.
Жаңа Экологиялық кодекстің негізгі тұжырымдамалық мәні кәсіпорындардың 2025 жылға дейін неғұрлым қолжетімді технологияға (НҚТ) көшуін және автоматтандырылған мониторинг жүйесінің датчиктерін орнатуды көздейді. НҚТ ауысу мерзімі – 10 жыл.
Егер кәсіпорындар осы уақыт ішінде неғұрлым қолжетімді технологияға көшпесе, онда 2025 жылдан кейін қоршаған ортаның эмиссиясы әр үш жыл сайын ұлғайып отыратын болады: алғашында 2 есеге, сосын 4 есеге, кейін 8 есеге. Жалпы, НҚТ – бұл халықаралық тәжірибе. ЕО елдері осы жүйені енгізу арқылы атмосфераны ластаушы элементтерді 90 пайызға дейін қысқартты.
Жасыратыны жоқ, біздің елімізде экологиялық айыппұлдардың мөлшері төмен болғандықтан, көптеген кәсіпорынға өндірісті модернизациялаудан гөрі, аз-маз айыппұлды төлей салу қолайлы. Сондықтан оның мөлшерін ұлғайту қарастырылып отыр.
Айтпақшы, Қазақстан Париж келісімі бойынша 2030 жылға дейін парник газдарын 15 пайызға азайтуға міндеттеме алды. Осыған орай былтыр Ұлттық парник газдар шығарындыларының жоспарын бекітті. Сол бойынша жыл сайын атмосфераны ластаушы қалдықтарды бөлуді 2 пайызға кеміту көзделген. Бұл көлем жыл сайын арта беретін болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Климаттық саммитте Қазақстан 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізетінін мәлімдеді. Осыған байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі төмен көміртекті дамудың тұжырымдамасын әзірледі. Мұнда парник газдар шығарындыларын азайту бойынша атқарылатын іс-шаралардың негізгі механизмдері шоғырланған. Егер мұнда көрсетілген шаралардың бәрі кешенді түрде жүзеге асырылатын болса, онда межелі мерзімге қарай Қазақстанның өнеркәсібі экологиялық тұрғыдан таза елдердің біріне айналғанын көретін күнге де жетерміз.