«Бізге бренд іздеудің қажеті жоқ»
Иә, негізінен ертұрман жасайтын ұста зергерлік және былғары бұйымдарды, сандық пен ат әбзелдерін де әзірлейді. Қажетті желімді де, теріні бірнеше күн бойы қайнатып, қолдан жасайды. 1991 жылдан бері 2 жарым мың ер шауыпты. Оның екі мыңы көкпарға арналған, қалған бес жүзі күміспен, мельхёрмен сәнделіп істелген әртүрлі ертұрман екен. «Отыз жыл бойы жинаған өнерімді болашақ жастарға қалдырып кету мақсатында бейнетаспа түсіріп, қолымнан келгенше әрекет етіп жатырмын. Біздің елімізде ертұрман жасау туралы бір де бір кітап жазылмапты. Ол туралы мәліметтерді мұрағаттардан, кітапханалардан жинастырдым. Ер шабатын ағаштан бастап, ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелеріне дейін оқып, ертұрманға қатысты барлық мәліметтерді жиыстырдым», – дейді ұлттық бұйымдарды бойына сіңіріп, осы саланы бүге-шүгесіне дейін зерттеп жүрген шебер. 30 жыл ғұмырын қолөнерге арнаған шебер қазір ертұрман энциклопедиясын жазып бітіруге таяған. Жазып қана қоймай, қазақ тарихындағы ертұрманның 23 түрін жасау үстінде. Қазақ тарихында осындай ертұрманның болғанын елге көрсету үшін тынбай еңбек етіп келеді. Әлемде мұндай отызға тарта ердің түрлерін тек біздің қазақ ұсталары ғана жасағанын еске салған Құрбанәлі аға қазір тек 2 түрі ғана қолданыста екенін айтады. «Қазір біздің Қазақстанды Өзбекстанның панера ері мен қырғыздың қастары темірден жасалған ертұрманы басып барады. Ат әбзелдерінің көбісі өзге елден келіп жатыр. Себебі ер шабатын ұста аз. Бар-жоғы – 5-6-ауы ғана. Базарда ерге ұқсаған дүниелерден көз сүрінеді. Бірақ олар нағыз ер емес. Ер атқа жабысып тұруы тиіс», – дейді шебер. Негізінен қазақ ерінің қатарына үйсін ері, найман ері, қоңырат ері, керей ері, қыпшақ ері, әйел ер, оңтүстік, солтүстік , шығыс, батыс, орталық Қазақстан ерлері, құзқұйрық ер, шошақбас ер, қалмақбас ер, айбас ер, ежелгі ғұндар мен сақтардың ері, Атиланың (Еділдің) ері деп жалғасып кете береді. Қолөнер шебері мұның бәрінің сұлбасын жасап қойған. 13-і дайын тұр. «Қазақтың осындай өнері бар екенін, сәйгүлікке ерекше мән бергенін көрсеткім келеді. Өсіп келе жатқан жастарға таныстырғым келеді», – дейді кейіпкеріміз. «Біз бренд іздеп жүрміз. Біздің брендіміз – жылқы. Оның өнімі – қымызы мен қазы-қартасы. Жылқыны әлемде алғаш рет қолға үйреткен де, ертұрман мен үзеңгіні ойлап тапқан да біздің бабаларымыз. Әлем мойындап та қойған. Әлемнің мәдени астанасы саналатын Париждегі Эйфель мұнарасы жанындағы «Адам» музейінде французша алтын әріппен «алғаш ат қолға үйретілген жер Қазақстан аймағы» деп жазылып тұр. Ат үстінде жүрген ата-бабаларымыздың рухы мықты болған. Жылқы адамның бойына рух, күш береді. Бабаларымыз талай жаугершілік заманда ат үстінде елін аман алып қалған. Атам қазақ рухы мықты жауынгер дайындауды ұлттық ойындар арқылы-ақ жүзеге асырған. Қазақтың ұлттық ойынының басым бөлігі ат үстінде өтеді. Мәселен, көкпар қазақтың делебесін қоздырып, қанын қыздырады. Жалпы, аттың үстінде шабу – кез келген қазақтың құмары. Сол сияқты атқа құмарлық, аттың әбзелдеріне құмарлық бұл қазақта басылмайды. Мақал-мәтелдерінде де көп. Демек, жылқы малы осындай құнды болып тұрғанда ат әбзелдері де сондай сұранысқа ие. Ал ер шабу өнері бүгіндері кенжелеп мүлдем өшіп қалудың аз-ақ алдында тұр», – деп қынжылды әңгіме барысында кейіпкеріміз.Кәсіптік пән ретінде енуі тиіс
Құрбанәлі Арыстанбекұлы ер шабу өнерінің жайы қатты мазалап жүргенін жеткізді. Жасы ұлғайған сайын онсызда еліміздегі 5-6 ғана ер шабатын ұстаның қатары кеміп бара жатқанына қынжылады. Қолөнер шеберлеріне қолдау қажеттігін айтқан ол бар ойы мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсіптік колледждерге пән ретінде енсе дейді. «Ең алдымен ұлттық өнерімізге бүгінгі жастарды қызықтыра білу керек. Ата-бабамыздан қалған өнерді өшірмей, жастарға үйретіп, болашақ ұрпаққа жеткізіп кету үшін әрбір аймақта қолөнер мектебі ашылуы тиіс. Дәл қазір Жаңа Қазақстанды құру жолында ел арасында жұмыссыздықты азайтқымыз келсе, ұлттық кәсіпке баулитын өнер мектебі ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Менің ойымша, әрбір ата-ана өз баласын бұл мектепке беруге қуана келісер еді. Ұлттық өнер мектептерінен жылына жүздеген шәкірт білім алып шықса, сонша жұмыссыздық та азаяды. Мен тіпті тегін сабақ берер едім», – дейді қолөнер шебері. Әрбір ұлт өзінің өнерімен ғана өшпейтінін, дамуға бет алатынын ашына жеткізді тағы да ол. «Экономика қанша дамыса да, ұлттық өнерсіз бізді әлем мойындамайды. Ащы да болса шындық, өнер жағынан көрші мемлекеттерден артта қалып келеміз», – дейді. Ердің атқа жайлы, адамға ыңғайлы болуына, мықтылығына назар аударатын шебер біреуін істесең де сапалы етіп жаса деген ұранмен жұмыс істейді. Өзі тәрбиелеген он шақты шәкіртінің құлағына да осы сөзді құйып отырған. Ұстаның бойындағы өнер нағашы жұртынан дарыса керек. «Менің туған нағашым Әлімбай Садықов Мойынқұм ауданында тұратын еді. Өзі он саусағынан өнер тамған шебер болған. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары көрші облыстың Мойынқұм ауданының орталығы Фурмановка ауылында ертұрман жасайтын өнеркәсіп комбинаты ашылған болатын. Сол жерге менің атақты ұстазым Әзімбай Нұрбековті Кентау қаласынан алдырып үй беріп, барша тұрмыстық қажеттіліктерін жасап береді. Ол жергілікті ұсталарға ер шабу әдістерін үйретеді. Бұл өнеркәсіп комбинатынан шыққан ер тұрмандарды Моңғолияға өткізіп, ол жақтан отар-отар қой алып келетін болған. Бұл кәсіпорын 1993 жылға дейін жұмысын тоқтатқан жоқ», – дейді қолөнер шебері. Айтқандай, ҚР Шеберлер одағының мүшесі Құрбанәлі Ағаділовтің соққан зергерлік бұйымдарын бүгінге дейін 7 шет мемлекеттің өнер шеберлері мойындап, жоғары бағасын берген. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы президенттеріне сыйлаған ат әбзелдерінің де ерін шапқан білікті шебер.Түркістан облысы