Нәзипа өткізген тұңғыш әдеби кеш
Нәзипа өткізген тұңғыш әдеби кеш
1,196
оқылды
Нәзипа Құлжанова – қазақтың тұңғыш журналист қызы. Қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер қызы. Ол – Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің съезіне белсене араласып, Алашорда партиясының Семей қаласындағы бөлімшесінің төралқа мүшесі болған жанның бірі. Тарихи мәліметтерде Нәзипа Құлжанованың алғашқы тегі Сегізбаева болғаны туралы деректер кездеседі. Ол 1902 жылы Қостанай орыс-қазақ гимназиясын бітіріп, сол жылы Торғайдағы 2 жылдық орыс-қазақ училищесіне мұ­ғалімнің көмекшісі болып орнығады. Орынбордағы 2 жылдық мұғалімдер мектебін бітірген. Осында жүргенінде жерлесі Нұрғали Құлжановпен кездесіп, екеуі көңіл жарастырып, кейін Семейге көшіп кетеді. Ондағы семинарияда сабақ беріп, ұстаздық қызмет ат­қарған. Тарихшы Жұмат Әнесұлы Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтардың Орыс географиялық қоғамының вестнигіне мақалаларын жиі жазып тұрғанын жазады. «Осы еңбектері үшін Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжанов Орыс географиялық қоғамына мүше болып қабылданған. Нәзипа Құлжанованың түрлі мәдени шара ұйым дастырып, еңбегімен Семейде атағы шыққаны осы кез. Семейдегі оқыған қазақ жастарының Нәзипа Құлжановадан тәлім алып, оның маңына үйіріле бастағаны осы кез. 1910 жылы Ахмет Байтұрсынұлының «Абай Құнанбайұлының қазақтың бас ақыны» мақаласы шыққаннан кейін Абайды қазақ оқи бастаған уақыт еді», – дейді тарихшы. Семей қаласында ең үлкен әдеби кеш өткізу идеясының авторы да – Нәзипа Құлжанова. Бұл 1914 жылдың қаңтары болатын. Дәл сол жылы Абай Құнанбайұлының қайтыс болғанына 10 жыл толған. Ғалым Елдос Тоқтарбайдың айтуынша, бұрын-соңды қазақ даласында мұндай әдеби кеш өтпеген. Нәзипа осындай батыл да игілікті істің негізін қалап, қоғамымызға мәдени өркениеттің дәнін сепкен. «Нәзипа Құлжанова осындай кеш жасап, Семейде тұрып жатқан зиялылардың барлығын шақырады. Одан бөлек, Семейге жер аударылып кел­ген, орыстың демократ ақын-жазушыларын да шақырған. Бұл үлкен кешке «Біржан-Сара» операсынан спектакль дайындап қояды. Біржанның рөлінде Жүсіпбек Аймауытұлы, Сараның рөлін Тұрар Қозыбағарова ойнаған болатын. Оның ішінде жанама айтыскер ақын рөлінде Қаныш Сәтбаев ойнаған. Спектакльде Мұхтар Әуезов те болған. Ыбырай Алтынсарин атамыздың ұлы сол жерде өнер көрсеткен. Абайдың ұлы Тұрағұл келіп, сөз сөйлеген. Сол кеште Алаш зиялыларының арасынан Райымжан Мәрсеков, Ахметжан Қозыбағарұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Нұрғали Құлжановтар қатысып, баға берген болатын. Орыстың Добролюбов деген революционер ақыны келіп, Абай туралы сөз сөйлеп, ұлы хакімнің шығармашылығына орыс әдебиеті өкілдерінің көзқарасын білдірген екен. Әрі бұл кештен жиналған 7 700 сом ақшаның барлығы мұқтаж, білім алуға мүмкіндігі жоқ жетім балаларға берілген. Бұл кештің соңында Абайға арнап шығарылған әндер орындаған. Кеш төрт бағытта өткізілген: Абайдың өлеңдерін оқу, екінші, шығармашылығы туралы баяндама-пікірлер, үшінші, «Біржан-Сара» операсы, төртінші, сол жердегі қазақ жастарының өнері. Осының барлығын ұйымдастырған Нәзипа Құлжанова», – дейді ғалым. Әдеби жиын 1914 жылдың 26 қаңтарында Семей қаласындағы «Халық үйі» ғимаратында өткен. Нәзипа Құлжанованы зерттеушілер оның абайтануға қосқан тағы бір үлесі «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін орыс тіліне аударып, «Сибирский студент» журналына жариялауы екенін айтады. Алаш ұстазы Мұстақым Малдыбайұлы: «Бұл ойынды ойнауды шығарған да, басқарған да Назифа ханымға қанша рет рақмет айтсақ та аз емес. Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды осы Назифа ханым болып шежіреде жазыларға тиіс» деген екен. Ғалым Елдос Тоқтарбай: «Кеште Абай туралы ғылыми баяндама жасалған. Бұған дейін ғылыми баяндама жасалған кеш өтпеген. Сол күні Абайдың әндері де шырқалған. Ол әндерді Абайдың немересі Ақыш орындаған. Одан бөлек, ұлы Тұрағұл да әкесінің әндерін айтса, Көкбай ұлы хакімнің әзілдерін, өмірін әңгімелеп берген. Кейін әдеби кештің өткені туралы «Айқап» журналына мақала жариялаған. Оны жазған Мұстақым Малдыбайұлы. Ол «М.М» және «Тілші» деген бүркеншік есіммен беріп отырған. Әдеби кеш туралы төрт мақала жарық көрген. Одан кейін бұл кеш 1924 жылы Абай өмірден өткенінің 20 жылдығында өткізілген. Содан бері әдеби кеш өткізу Нәзипа Құлжанова бастаған үрдіспен жалғасып келе жатқанын айтуға болады», – дейді. Төрт мақала жазылған демекші, расында 1914 жылдың 23 шілдесінде «Қазақ» газетінде әдеби кеш туралы мақала басылады. Оның авторы белгілі Алаш қайраткері Міржақып Дулатов еді. Онда: «.. Ол кеш бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кеші болып һәм бірінші қазақ әйелінің Нәзипа ханым Құлжанова жамағаты майданға түсіп берген өнері еді. Біз бүгін ардақты ақынымыз, марқұм Абайдың рухына дұға қылып, қараңғы заманда шырақ жаққан басшысымыздың есімі, құрметі, терең мағыналы өзі атадан балаға, немереден шөбереге үзілмей сақталуын тілейміз» деп жазған екен. Ғалымдар Нәзипа Құлжанованың кейін де Семей қаласында Абай шығармашылығына арнап, әдеби кеш өткізгенін айтады. Семей өңірінде Құлжанованың есімі жарқырай көрініп, барша жұртқа атақ-даңқы мәшһүр болған. Қазақтың қайраткер қызы туралы Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин өлең жолдарын арнапты. Журналист қыздың мақалалары «Қазақ» газетінде жиі жарияланып отырған. Ол 1922 жылы іргесі қаланған «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық коллегиясының мүшесі болды. Ол журналист қана емес, шебер аудармашы еді. Л.Толс­тойдың, М.Горькийдің шы­ғармаларын аударып, қазақ оқырманына таныстырған. Қазақтың тарихындағы ең алғашқы әдеби кештің де шымылдығы Абай кешімен ашылуының өзі көп сырды аңғартса керек. Біз Абайдан алшақ кете алмаймыз. Абай – біздің іліміміз. «Абай – ақылдың ақыны». Асқар Сүлейменовтің «Келер қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай» деуі тегін емес. Расында, бүгінгі қазақтың да, келер қазақтың да ішетін уы мен балы Абай болып қала бермек.

Айым БЕКТҰР