Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин мектепте оқитын балалардың денсаулығы туралы айтты, – деп жазады Informburo.kz.
Оқушылар мектепте тегін тамақтанып, тегін форма киюі қажет деген Аружан Саин дұрыс тамақтануға да көңіл бөлу өзекті мәселе екеніне тоқталды.
«Өкінішке қарай, барлық отбасының өзі мен балаларына пайдалы тамақ алып беруге шамасы келмейді. Көкөніс пен жеміс-жидекті есептемегенде барлық отбасы қажетті мөлшерде ет жей алып отыр ма? Бұлай кете берсе, келесі ұрпақ әлсіз, аурушаң болады. Осы аурушаң ұрпақтың баласы өте әлсіз болады. Жалпы бізде дұрыс тамақтану мәдениеті мен білімі аз. Балалар түрлі зиянды тамақтарды жеп жүр», – дейді ол.
Ал Қазақстанда балалардың денсаулығын қадағалау үшін жыл сайын жүйелі тексеру өткізіледі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, биыл МӘМС-те скрининг пен профилактикалық тексеру жүргізуге 39,7 млрд теңге қарастырылған.
Оның ішінде, аудиологиялық скринингке – 5,1 млрд теңге, 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруге – шамамен 11,7 млрд теңге, мектеп медицинасы шеңберінде профилактикалық тексеруге 22,9 млрд-тан астам теңге бөлінді.