ASANALI: желіні шулатқан нөмірге байланысты Ішкі істер министрлігі жауап берді
ASANALI: желіні шулатқан нөмірге байланысты Ішкі істер министрлігі жауап берді
Кешелі бері әлеуметтік желіде белгілі кино және театр актері Асанәлі Әшімовтің көлігіне тағып алған номері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бүгін бұл туралы бірнеше ақпараттық сайттарға да шығып, көлік нөміріне қатысты алып-қашпа әңгімелер тараған болатын. Бейнежазбада қара түсті жол талғамайтын көліктің мемлекеттік номерінің орнына ASANALI деген жазу ілінгені анық көрсетілген. Желі қолданушыларының пікірі әртүрлі. БАҚ өкілдерінің бірқатары әртістің аты жазылған нөмірді пайдаланып жүргеніне біраз болғанын айтса, енді біреулер сыйға тартылған «ерекше» нөмір өнер иесіне деген құрметті көрсетеді деп бағалап жатыр. Кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, кино және театр режиссері Асанәлі Әшімов биыл 85 жасқа толып жатыр. Бүгінде режиссерлікке бет бұрған Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуезов театры сахнасында «Амангелді», «Мен ішпеген у бар ма?», «Ақбілек», «Ревизор», «Фархад-Шырын», «Қаза мен жаза» және өзге де қойылымдарды қойған болатын. Сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясында «Аждаһа жылы», «Шоқан Уәлиханов», «Жусан», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмдерін түсірді. Хош, екі күннен бері елді елең еткізген бейнежазба туралы Ішкі істер министрлігінен сұрап білген едік. Министрліктің берген мәліметіне қарағанда, әртістің аты жазылған көлікті Қызылорда облысының полиция қызметкерлері Cadillac автокөлігі мемлекеттік тіркеу белгісі стандартқа сәйкес болмағандықтан тоқтатқаны расталды. «Тоқтатқан соң Асанәлі Әшімовтің 85 жасқа толуына байланысты деректі фильм түсіріліп жатқаны белгілі болды. Ескерту жасалғаннан кейін автокөлікке сол жерде тиісті мемлекеттік белгісі тағылды», – дейді министрліктің баспасөз қызметі. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бойынша, мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi оқылмайтын немесе ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін немесе белгіленген орындардан тыс жерде орнатылған, тiркелген көлiк құралын басқарғандарға бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Ал мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Сонымен бірге көлiк құралына көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн орнатқан жеке тұлғаларға – он бес, лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерi – екі жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл арқалайды. Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгісін пайдаланғандар, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрiн қолдану заңға қайшы. Бұл үшін жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.