Мұғалімдер күні қарсаңында Астанада таныстырылған Mugalim деректі сериясы педагог еңбегін нақты өмір оқиғалары арқылы көрсетуге бағытталған. Қазақстандық EdTech экожүйесі Bilim Group қолға алған жобаның үш бөлімінде Түркістан, Қостанай облыстары мен Сәтбаев қаласында еңбек ететін мұғалімдердің оқиғасы баяндалады. Bilim Group бас директоры Александр Савченконың айтуынша, жоба арқылы мұғалімдердің еңбегін цифрлық көрсеткіштермен ғана емес, олардың нақты оқушы өміріне әсері арқылы көрсету көзделген. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл бастама мұғалімдердің еңбегін кеңінен танытып, педагогтерді қолдауға бағытталған жаңа жобаларға негіз болмақ.
– Еліміз мұғалімдердің бейнесін көріп, үнін естісе екен деген толғаныс нәтижесінде Mugalim деректі сериясы мен «Bilim бейнесі» фотожобасы пайда болды. Біздің ұлы ойшылдарымыз бен ақын-жазушыларымыз көптеген керемет шығармасын педагогтерге арнап жазған. Жыл сайын Білім күні мен Мұғалімдер күнінде салтанатты шараларда мұғалім мамандығының маңызы, оны құрметтеу мен бағалау қажеттігі туралы сөздер айтылады. Бірақ біз оларды іспен көрсетпесек, мұның бәрі құр сөз күйінде қала береді. «Bilim бейнесі» фотожобасы – сондай нақты қадамдардың бір мысалы, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобамен жұмыс барысында педагогтердің өз қиындықтарынан гөрі оқушыларының жетістіктері мен мүмкіндіктері туралы көбірек айтатыны байқалған.
Тақтадағы тартыс, танымдағы табыс
Жобадағы кейіпкердің бірі – Түркістан облысының мұғалімі Ақсәуле Жақыпбекова. Ол Шұбарағаш шағын жинақты бастауыш мектебінде сабақ береді. Оның педагогикалық тәжірибесінде шахматтың орны бөлек. Оқу бағдарламасына «Шахмат негіздері» пәні енгізілгенде, мұғалім оны басқа сабақтармен байланыстыра отырып оқытуға кіріскен. Мұғалім шахматты жеке үйірме ретінде ғана қарастырмай, оны бастауыш сыныптағы оқу үдерісімен ұштастыруға тырысады. Шахмат ойнаған бала жүрістерді алдын ала есептеп, бірнеше нұсқаны салыстыруға мәжбүр. Мұғалім осы мүмкіндікті балалардың логикалық ойлауын дамытуға пайдаланады.

Бастапқыда мектепте шахмат тақталары мен қажетті көрнекі құралдар жеткіліксіз болған. Балалардың толыққанды жаттығуына жағдай жасау үшін мұғалім қажетті жабдықтарды өз қаражатына алып, сыныпты біртіндеп жабдықтай бастаған.
– Шахматты ақыл-ойдың ойыны дейді. Ол баланың ойлау қабілетін, ақылын өте жақсы дамытады. Оған қоса, математика мен шахмат бір-бірімен өте жақсы үйлеседі. Сондықтан оқушыларға білімді жай ғана беріп қоймай, оның ойлау қабілетін дамытуымыз керек, – дейді Ақсәуле Жақыпбекова.
Сабақ барысында оқушылар шахмат фигураларымен танысып, олардың жүрісін үйренеді, ойын арқылы есеп шығарып, логикалық тапсырмаларды орындайды. Мұғалімнің айтуынша, балалардың қызығушылығы мектеппен ғана шектелмейді. Шахматқа әуестенген оқушылар үйде де ойнап, ата-аналарын ойынға тарта бастаған. Ақсәуле өз тәжірибесімен әріптестерімен де бөлісіп, аудандық семинарларда шахматты сабақта қолдану тәсілдерін көрсетіп жүр.
Туған ауылға тұтқа болған мұғалім
Қостанай облысының Гришенка ауылында еңбек ететін Степан Галкиннің оқиғасы да мұғалім жұмысының мектеп қабырғасымен шектелмейтінін көрсетеді. Ол қалада білім алғаннан кейін туған ауылына қайта оралып, өзі оқыған мектепте физика мен математика пәндерінен сабақ береді.
Гришенкада шамамен 400 адам тұрады, ал мектепте қырыққа жуық оқушы білім алады. Шағын ауылда балалардың бос уақытын тиімді өткізу мүмкіндігі үлкен қалалармен салыстырғанда аз. Степан осы олқылықтың орнын мектептің өз ішінде толтыруға тырысады. Әріптестерімен бірге оқушыларға арналған түрлі бастамаларды қолға алған. Соның бірі – баскетбол секциясы. Оқушылар спортпен айналысып қана қоймай, түрлі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинайды. Бұл іске жергілікті фермерлер де қолдау көрсетіп, балалардың жарыстарға баруына жағдай жасайды.
Степанның тағы бір қызығушылығы – астрономия. Ол жұлдызды аспанды бақылауды тек жеке хоббиі ретінде қалдырмай, оны ауыл тұрғындарымен бөліседі. Мектеп оқушылары, ата-аналар және ауылдың басқа тұрғындары үшін аспанды бірге бақылауға арналған кештер ұйымдастырады.
Дәлелді сөзге баулыған
Деректі серияның үшінші кейіпкері – Сәтбаев қаласының мұғалімі Дана Абельдинова. Оның жұмысының негізгі бағытының бірі – дебат. Педагог оқушыларға пікірталас мәдениетін үйрету арқылы тілдік дағдыларын жетілдіруге, сыни ойлауын дамытуға және өз ойын дәлелмен жеткізуіне жағдай жасап келеді. Дебат кезінде оқушы белгілі бір мәселе бойынша өз ұстанымын қалыптастырып қана қоймай, қарсы пікірді тыңдап, оған жауап беруге, ақпаратты саралауға және дәлел іздеуге үйренеді. Сондықтан дебат клубы мектептегі кезекті үйірмеден гөрі, баланың күнделікті өмірде қажет болатын коммуникативтік дағдыларын қалыптастыратын орта ретінде көрінеді. Жоба кейіпкері Дана Абельдинова мұғалімнің міндеті тек білім берумен шектелмейтінін атап өтті.
– Бүгінде балалардың терең әрі жан-жақты ойлау қабілетін дамыту – мен үшін өте маңызды. Ой-өрісі кең, ойлау деңгейі жоғары, тығырықтан шығу жолын таба білетін және өз позициясын дәлелдей алатын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Өйткені ертең дәл осы балалар еліміздің болашағын құрайды. Біз білім беру процесінде тек мұғалім оқушыға білім береді деген түсінікпен шектелмеуіміз керек. Мұғалімнің де өз оқушыларынан және басқа адамдардан үйренері бар. Сондықтан біз өзіміз де үнемі дамып отыруымыз қажет, – деді ол.
Дана Абельдинова үшін мұндай жұмыстың түпкі мақсаты – оқушының дайын жауапты жаттап алуынан гөрі, өздігінен ойлай білуі. Оның пайымынша, қазіргі білім беру жүйесінде баланың білім көлемімен бірге ойлау қабілетіне де көңіл бөлу маңызды.
Ұстаз еңбегін ұлықтаған жоба
Үш мұғалімнің әдісі үш түрлі болғанымен, олардың жұмысынан ортақ бір бағыт байқалады. Олар оқушыға дайын мүмкіндік күтпей, сол мүмкіндікті өздері жасауға тырысады. Бірі шахмат арқылы баланың логикалық ойлауын дамытса, екіншісі ауыл мектебінде спорт пен астрономияға жол ашады, үшіншісі дебат арқылы оқушыларды өз ойын дәлелдеуге және пікірталас мәдениетіне үйретеді. Mugalim жобасының ерекшелігі де осында. Деректі серия мұғалім мамандығы туралы жалпылама әңгімемен шектелмей, педагогтің күнделікті жұмысын, өз мектебіндегі нақты бастамасын және сол істің балаларға әсерін көрсетеді.

Bilim Group өзінің 15 жылдығына орай назарды цифрлық өнімдер мен көрсеткіштерге емес, сол жүйенің негізінде тұрған адамдарға аударуды жөн көрген. Өйткені білім беру саласындағы кез келген технологияның артында оны қолданатын мұғалім бар.
Деректі серияның таныстырылымында осы тақырыпқа арналған public talk та өтті. «Өзгеріс мұғалімнен басталады: бастамашыл педагогтерді қалай қолдау керек» атты пікірталаста мұғалімдердің жеке бастамаларын дамытуға қажетті жағдайлар, педагогтердің тәжірибесін тарату және білім беру саласындағы өзгерістерге ұстаздардың ықпалы талқыланды. Бұл мәселе Қазақстандағы мұғалім тапшылығы туралы деректер аясында да өзекті. Бұған дейін ел мектептерінде бес мыңнан астам педагог жетіспейтіні хабарланған. Оның ішінде бос орындардың 51,9 пайызы қалалық жерлерге, 48,1 пайызы ауылдық жерлерге тиесілі болған. Демек, педагог мәселесі тек маман санымен шектелмейді. Әсіресе өңірлердегі мектептердің тұрақты дамуы үшін сол жердің ерекшелігін білетін, оқушылармен бірге ұзақмерзімді жұмыс істеуге дайын ұстаздардың болуы маңызды.
Жоба аясындағы бастама деректі фильмдермен ғана аяқталмайды. Шара барысында 1 қазанда «Bilim бейнесі» ұлттық фотожобасының басталатыны жарияланды. Оның мақсаты – Қазақстанның әр өңіріндегі мұғалімдердің кәсіби портретін жинақтап, цифрлық галерея қалыптастыру. Фотожобаға қатысатын педагогтер өздерінің суретімен бірге мамандығы, кәсіби құндылықтары және ұстаздық жолының өздері үшін мәні туралы қысқа әңгімесін ұсынады. Яғни мұғалімнің бейнесі сырттан сипатталмай, оның өз сөзі арқылы беріледі.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
