Сайын Мұратбековпен көзі тірісінде екі рет кездесіп, сұхбаттасқан едік. Сабырлы, әр сөзін байыптап сөйлейтін, салмақты кісі екен.
Майра Мұратбекова: Ағамның әңгімелерінде өмір бар
278
оқылды

Бүкіл шығармасын бала кезден сүйіп оқып өскендіктен, жазушымен кездескенде кейіпкерлері туралы көп сұрақ қойғанымыз есімде. Қарапайым сөйлеммен-ақ адам жанының тұңғиығына бойлай кететін ерекше қасиеті бар қаламгердің тереңдігі таңғалдырған. Одан бері де жиырма жылдай уақыт өтіпті. Жазушының «Менің қарындасым» дейтін әңгімесі оқырман қауымға жақсы таныс. Біз бүгін Мұратбековтер отбасының кенжесі, қарындасы Майра Мұратбековамен қаламгер туралы сыр шерттік. 

«Мағрипа әпкемнің бейнесін сомдады»

– Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесі арқылы әдебиетке келгенін білеміз. Ал бүгін біз қаламгер туралы қарындасынан сыр тартқымыз келіп отыр. Сайын аға туралы еске алғанда, ойға не оралады?

– Ағаны есіме алғанда, ең алды­мен оның мейірімге толы жүзі, жылы жымиып отыратын қалпы көз алдыма келеді. Иә, ең алғашқы әңгімесі – «Менің қарындасым». Бұл шығармада «қарындасым» деп жаза отырып, жалпы қазақ қыз­дары­­ның бойындағы шынайы­лық­ты, инабаттылықты, әдептілікті, кішіпейілдікті көрсетеді. Аға жүрегі жомарт, танымы кең, байыпты, ел­жанды адам еді. Менің жадымда дәл сондай қалпында сақталып қал

– Сайын ағаның шығармалары­ның әр үзігі сізге жақсы таныс шы­ғар. Дегенмен аға туындыларын оқы­ғанда өзіңізге таныс адамдарды, туған ауылдың мінезін, бала күнгі оқиға­ларды кездестіретін сәттеріңіз бола ма? «Мынау біздің өмірімізден алын­ған ғой» деген эпизоды есіңізде ме?

– Әрине. Ағаның шығарма­ларын оқығанда, кейіпкерлерінің прототиптері өзіміздің ауылдың адамдары екенін бірден аңғарамыз. Сайын аға дүниеге келгенде, әкеміз: «Баламның атын Сайын деп қоя­мын, Ер Сайын сияқты нағыз аза­мат болсын», – деп ырымдаған екен. Сайын ағамыздың әңгіме­лерін­де ауыл өмірі, ауылдағы адамдардың көрген қиыншылық­тары мен қуаныштары, адалдық­тары, шынайы махаббаттары, өмір­ге деген құлшыныстары суреттеледі. Бұл адамдардың көпшілігі – ағаның өзі туып-өскен ауылдың адамдары. Біз де сол ауылда өстік. Кейде ағам­ның шығармаларын оқып отырып, өзім де сол ауылдың ішінде, сол адамдардың ортасында жүргендей күй кешемін. Тіпті өзімді де сол әңгімелердің бір кейіпкеріндей сезінетін кездерім болады. Мысалы, «Жусан иісіндегі» Аян, «Үшқараның басында» шығармасындағы кейіп­керлер, Зағипа және басқа да образ­дардың ар жағында бізге таныс адамдар тұр. Олардың көбі – өзіміз­бен бірге өмір сүрген, күнделікті көріп жүрген ауыл адамдары. Біз солардың ортасында өстік.

– Қаламгердің  балалық шағы қалай өтті? Білуімізше, жазушы  көп- балалы отбасында дүниеге келген. Арасында әдебиетке құмары Сайын аға ғана болды ма?

– Біз жеті ағайындымыз. Үлке­ні­міз – Сайын аға. Біздің бір-бірі­мізге деген сыйластығымыз бен бауырмалдығымыз – бала кезіміз­ден бойымызға сіңген қасиет. Отбасы­­мызда ағадан басқа жазушы да, ақын да болған жоқ. Бірақ бә­ріміз әдебиетті жас күнімізден сүйіп өс­тік. Әкеміз әдебиетке жақын адам еді. Кезінде төте (арабша) жа­зуды меңгерген, батырлар жырын, қисса­ларды жатқа айтатын, өзі де аздап өлең жазатын кісі болған. Соның әсері болар, үлкен әпкем де, мен де ҚазМУ-дың филология фа­культетін бітірдік. Сондықтан біздің үйде әдебиетке, кітапқа деген ықы­лас әрдайым ерекше болатын.

– Ағаңыз әке-шешесі туралы, бауырлары туралы шығармаларында арқау етті ме?

– Ағамның әке-шешесі туралы жазған шығармасы жоқ. Бірақ Мағрипа әпкеміз туралы жазғаны бар. Ол кісі ағадан төрт жас кіші, тетелес өскен ғой. «Менің қарын­дасым­ның» кейіпкері – сол әпкеміз. Әрине, шығармадағыдай өмірі жоқ, бірақ мінез-құлқы, сыпайы болмы­сы, кішіпейілдігі әңгіменің өн бойынан сезіліп тұрады.  

«Балаларға ерекше мейірімді еді»

– Қаламгердің әңгімелерінде ауыл­дың тіршілігі, адамдарының мінезі, табиғаты сондай бір сағыныш­пен суреттеледі. Өзі туған жерін қаншалықты аңсайтын еді? Ауылға келгенде мінезі, көңіл күйі өзгеріп сала беретін кездері болушы ма еді?

– Аға ауылға жылына екі рет, көбіне демалыс кезінде келетін. Сондайда жүзі бал-бұл жайнап, ту­ған жерін қатты сағынғаны бірден байқалатын. Оның шығарма­ларын­да да туған жердің табиғаты айрық­ша суреттеледі ғой. «Жабайы алма­да», «Жусан иісінде» Жусанды тө­бені көп жазады. Аға сол Жусанды төбеге, Ешкіөлмес тауына барғанды өте жақсы көретін. Табиғатты бала кезінен сүйіп өсті. Ауылға келгенде атқа мініп, тауға шығып, сол жақта ұзақ жүріп, тынығып қайтатын. Туған жердің табиғаты оған ерекше күш беретіндей көрінетін.

– Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», «Жабайы алма» шығарма­ларының дені балалардың өмірін суреттейді. Тіпті бала психологиясын дөп басып таниды. Өмірде де бала­лармен тез тіл табысатын, олардың көңілін түсінетін адам болды ма?

– Иә. Ағаның әңгімелерінде ауыл тіршілігі, әсіресе соғыс жыл­дарында балалардың басына түскен ауыртпалық, сол кездегі адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен адамгершілігі, жастар арасындағы таза махаббат өте шынайы сурет­теледі. Өмірде де аға балаларға ерек­ше мейірімді еді. Олармен тез тіл табысып кететін. Жымиып отырып, балалардың хал-жағдайын сұрап, сөздерін ықыласпен тыңдай­тын. Олармен үлкен адаммен сөй­лес­кендей байыппен әңгіме­лесетін. Балалар да оны жақсы кө­ретін, қасына үйір болатын.

– Жазушының сырт көзге бай­қала бермейтін қандай мінезі бар еді? Мыса­лы, қатты қуанғанда, ренжі­ген­де не­месе әзілдескенде қандай бола­тын?

– Аға біреудің дұрыс сөйле­мегенін немесе қателескенін бай­қаса, бірден тоқтатып, «олай емес» деп жөнін түсіндіретін. Білгенін айтып, дұрысын көрсетуге тырыса­тын. Ал өзінің ренжігенін ешқашан байқата бермейтін. Ішіне сақтайтын мінезі бар еді. Әзіл-қалжыңды жақ­сы көретін. Бір күліп алса, көзінен жас аққанша күлетін. Сондай сәт­терде өзі де ерекше жадырап кететін.

– Сайын аға шығарма жазып жүрген кезінде үй ішіне оны сездіретін бе? Кейіпкерін ұзақ ойлап жүруі, оңаша қалуы немесе бір оқиғадан ерекше әсерленіп келуі секілді сәттер есіңізде қалды ма?

– Аға жазуға отырмас бұрын көп ойланатын. Терең ойға шомып, кейде терезеден Алматының әдемі тауларына ұзақ қарап отыратын еді. Сондай кездерінде ойын жинақтап, жазатын дүниесін іштей пісіріп отырған шығар деп ойлайтынбыз. Біз де оның бұл қалпын жақсы түсінетінбіз. Сондықтан мазаламау­ға, кедергі келтірмеуге тырысатын едік. Жалпы, ол шығармасын бірден жаза салмайтын, әбден ой елегінен өткізіп барып қағазға түсіретін.

– Ағаның буынын әдеби ортада «бес тапал» деп атайтыны белгілі. Сіз ол кісілерді жақын танып өстіңіз бе?

– Ол кісілер ағаның үйіне жиі келетін. Әкім ағаны (Тарази), Қали­хан ағаны (Ысқақ) танып өстік. Ол кісілер біздің ауылға да келді. Бек Тоғысбаев ағаны да көрдік. Дәмеш апай (Қалихан ағаның жары) біз оқыған  университетте жұмыс істеді. 

«Ешкіөлмес тауының баурайында «Сайын бұлағы» бар»

– Ағаның қызы Райгүл де, ұлы Әлім де өмірден ерте кетті. Құралай апаймен, немерелерімен жиі ара­ласып тұрасыздар ма?

– Иә, Райгүл де, Әлім де өмірден ерте өтті. Сайын ағамыз бен Мариям жеңгеміздің отбасында бір ұл, екі қыз болды. Ең үлкені – Рай­гүл, ол 1959 жылы туған. Ағамыз Райгүлді ерекше жақсы көретін. Ол Алматыдағы №12 қазақ мектебін бітіріп, Шет тілдер институтын тәмамдап, Киевте аспирантураны бітіріп, университетте сабақ беріп жүрген кезінде жолдасымен бірге Америкада жұмыс істеді. Бір ұлдары бар – Асыл. Өкінішке қарай, Райгүл инфаркт алып, 2005 жылы қайтыс болды. Бұл жағдай ағамызға өте ауыр тиді. Ауру кімді жеңбейді дейсің, Райгүл қайтыс болғаннан кейін ағам қатты қайғырды, денсау­лығы сыр берді. Ақыры сол аурудың сал­дары­нан көз жұмды. 2023 жылы екі күн ауырып, ұлы әлім де дүние­ден озды. Екеуі де жас кетті. 

Құралай қазір Алматыда тұрады. Үш немересі бар. Жақсы араласып тұрамыз. Телефон арқылы үнемі хабарласып, жағдай сұрасамыз, бір-біріміздің үйімізге барып тұрамыз. Арамыздағы туыстық байланыс үзіл­­ген емес.

– Мұратбековтер әулетінде бас көтеріп, әулетке ие болып отырған үлкендерден сіз қалдыңыз ба?

– Қазір біздің отбасымыздағы ең үлкені – әпкеміз Мағрипа, жасы 86-да. Бауырымыз Ғалым – 81 жаста. Одан кейінгісі – мен. Ағаның кітапханасы мен жеке архивінің бір бөлігі өзі тұрған үйде сақтаулы. Кезінде аға ұлы Әліммен бірге сол үйде тұрған еді. Әлім өмірден өткен­нен кейін қазір ол үйде келініміз тұрады. Ағаның кітаптары мен көп­теген дүниесі сонда сақталған. Ал құ­жаттары мен мұрасының бір бө­лігі Алматы қалалық архиві мен мұражайға тапсырылған.

– Аға туған ауылда жазушы шы­ғар­­ма­ларын насихаттап жүрген­дер бар ма? Аға есімі қалай ұлықталып жүр?

– Әрине, ағаның есімі туған жерінде жақсы ұлықталып келеді. Талдықорған қаласында Сайын Мұ­рат­беков атындағы үлкен мектеп бар, көшеге де есімі берілген. Мек­тептерде Сайын оқулары өткізіліп тұрады. Өзіміздің туған ауылымыз Қоңырда да мектепте Сайын оқу­лары ұйымдастырылады. Кітап­хана­да жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған жұмыстар жүргізіліп, кітаптары мен суреттері жинақ­талған. Жақында ауыл әкімшілігі мен ауыл ақсақалдарының ұйым­дас­тыруымен «Қаламгер мұрасы – ұрпаққа аманат» атты семинар өтті. Ағаны көзі көрген ауыл ақсақалдары естеліктерін бөлісіп, ол кісі туралы әңгімелерін айтты. Туған жері – Ешкіөлмес тауының бауырындағы аға өзі жиі барып жүрген бұлаққа «Сайын бұлағы» деген ат берілді. Бір топ жас ақын-жазушы арнайы келіп, сол жерлерді аралап, ағаны еске алды. Шығармаларынан үзін­ділер оқып, қаламгер туралы есте­лік­терімен бөлісті. Өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта да орнатылды. Осындай жұмыстар арқылы ағаның шығармашылығы кейінгі ұрпаққа кеңінен насихат­талып келеді.

Жалпы, адамды адам ететін – оның тәрбиесі, алған білімі, өскен ортасы, бойына сіңірген ұлттық құндылықтары ғой. Сайын ағаның шығармаларында ұрпақ тәрбиесіне берер тағылым өте мол. Сондықтан оның шығармалары уақыт өткен сайын өз құндылығын жоғалтпайды деп ойлаймын. Керісінше, кейінгі ұрпақтың да жүрегінен орын алып, халықпен бірге жасай береді. Ағаның әдеби мұрасы ешқашан өшпейді деп сенемін.

– Биылғы мерейтойына орай қан­дай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Биылғы мерейтойға орай мек­тептерде, кітапханаларда әртүрлі іс-шара, кездесулер, әдеби кештер өткізіліп жатыр. Республика дең­гейінде Талдықорған қаласында үлкен конференция өтеді деп жоспарланып қойды. Оған елге белгілі қаламгерлер қатысады. Ас беріледі. Жетісу облыстық драма театры «Жабайы алма» спектаклін қоймақ. Осы повесть желісінде фильм түсірілді.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС