Қазақ халқы үшін 7 мамырдың жөні бөлек. Өйткені бұл күні тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Биыл тұрақты армияның жасақталғанына 30 жыл толды. Жетістік те бар, әлі де атқарылуы тиіс істер де көп.
Әдетте тұрақты армия тәуелсіздіктің негізгі атрибуттарының бірі саналатыны бар. Тіпті, Қарулы Күштерді жасақтаудың идеологиялық астары да болады. Мәселен, соңғы жылдары Түркия өзінің құрлық әскерлерінің тарихын сонау Мөде қаған заманынан тарата бастады. Сөйтіп, Түркия ресми түрде биыл құрлық әскерлерінің құрылғанының 2131 жылдығын атап өтеді. Бірақ сол Мөде қаған күллі түркіге ортақ тұлға. Демек, қазақ та, өзбек те, түркімен де, әзербайжан да өздерінің құрлық әскерінің құрылған күнін б.з.д. 209 жылға апарып тіреуіне толық құқылы деген сөз. Алайда заманауи стандарттарға сай келетін, жасақ емес, тұрақты армия ретінде құрылған Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихы бәрібір 7 мамырдан басталады.
ҚИЫН КЕЗЕҢДЕР ТАРИХҚА АЙНАЛДЫ
Жалпы, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылу тарихы жайлы көп айтылды, аз да жазылған жоқ. Қазақстанның тұрақты, кәсіби армиясы 1992 жылғы 7 мамырда Президенттің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығымен құрылды. Содан соң армияны жасақтау, білікті офицер-кадрлар жинау, Қарулы Күштерді қару-жарақпен, ұрыс техникасымен қамтамасыз ету, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дағдарыстан шығарып, дамыту тәрізді көптеген мәселелер шешілді. Өткен ғасырдың 90- жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде бұл мәселелерді шешу оңай болған жоқ. Алайда қиындықтарға қарамастан тұрақты армия жасақтай білдік. Тіпті, қазақтың бұрын-соңды тарихында ешқашан болмаған әскери-теңіз флотын да құрдық. Бір қызығы, флот құру көне дәуірлерде де түркі баласы үшін таңсық дүние еді. Тарихта түркілердің алғашқы әскери-теңіз флотын 1081 жылы селжұқ бектерінің бірі Чака бей құрғаны айтылады. Одан соң флот тек Осман империясында ғана болды. Ал Ұлы дала халқы ешқашан флот құруға талпынған емес. Теңіз де жоқ еді. Ал 1997 жылы Қазақстан өзінің әскери теңіз күштерін құру арқылы ұлт тарихында алғаш рет тың әскери құрылым жасақтаған еді. Сөйтіп, тәуелсіз елдің мүдделерін әуеде, жерде және Каспий теңізінде де қорғау мүмкіндігі жасалған болатын.
Әрине, арада талай жылдар өтті. Ел дамуына сәйкес армияның да қуаты артып келеді. Өңірлік қолбасшылықтар құрылды, түрлі техника мен қару-жарақтар да сатып алынған. Тоқсаныншы жылдары Президент елімізде орналасқан стратегиялық бомбалаушы ұшақтарды Ресейге қайтарып, орнына ұшқыштар айдап әкеткен техниканы, оған қоса жаңа ұшақтарды алған едік. Сөйтіп, 90-жылдардың ішінде Су-27, МиГ-29, Су-25, Л-39 ұшақтарына ие болдық. Кейін, 2010 жылдан соң заманауи Су-30СМ ұшағы да армиямыз қолданатын техникалар қатарына қосылды. Тіпті, МиГ-31 ұшағына да ие болдық. Ал бүгінде Қарулы Күштерде Ресейдің ғана емес, АҚШ, Қытай, Түркия, Франция, Израиль, Беларусь, Украина қатарлы көптеген елдің техникалары, Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі зауыттарында құрастырылған жабдықтар мен қару-жарақтар бар. Әскери ынтымақтастықта да көпвекторлы бағыт қалыптасты. Бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Мәселен, 1997 жылы әскери теңіз күштері құрылғанда алғашқы бірнеше катерді Түркия сыйға тартса, қазір катерлер мен шағын кемелерді отандық зауыт құрастырады. 90-жылдары қорғаныс өнеркәсібінің 1 ғана зауыты жұмыс істеп, өзгелері банкрот болудың аз-ақ алдында қалса, қазір 24 зауыт өнім шығарады.
Бүгінде Қазақстан аспанын С-300, «Бук», «Тор» тәрізді зениттік зымыран кешендері қорғап тұрса, Отандық «Арлан» көліктері, түріктің бронды машиналары, француздармен бірлесе құрастырған «Нұр» радиолокациялық кешендер елдің қорғаныс қабілетін арттыратын құрал екені сөзсіз. Қысқасы, Қарулы Күштер 30 жыл ішінде әжептәуір жаңғырып, елдің қорғаныс қабілетін арттыруға үлес қоса білді.
МОБИЛЬДІ АРМИЯ ЖАСАҚТАУ – БАСТЫ МАҚСАТ
Жалпы, Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихына үңілген адам миемлекеттік армияны заманауи, жедел әрекет етуге қауқарлы құрылым ретінде жасақтауға ұмтылғанын байқайды. Әрі кәсіби әскер жасақтау да ешқашан назардан тыс қалған емес. Айталық, 1992 жылы Қазақстан аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметшілер саны 200 мыңнан асса, қазір Қарулы Күштер мен өзге де күштік құрылымдардың жеке құрамы 110-125 мың шамасындағы сарбаздан құралған. Алғаш рет 1995 жылы келісімшарт негізінде әскери қызмет өтеу жүйесі сынақтан өтіп, кейін тұтас енгізілді. Бүгінде Қарулы Күштер жеке құрамының 75 пайызы келісімшартпен қызмет ететін сарбаздар мен офицерлерден құралған. Қазақ сарбаздары дүниенің түрлі аймағында бітімгершілік операцияларға қатысып келеді. 1992-1995 жылдары ТМД сыртқы шекарасын қорғау мақсатында Тәжікстанға жіберілген әскери бөлімдердің сарбаздары ерен ерліктің үлгісін көрсеткені де тарихта қалды. 2000 жылдардың басында Иракқа жіберілген әскерлеріміздің аталған ел аумағын миналар мен жарылғыш заттардан тазалауға атсалысып, онда де ерлік жасаған азаматтардың болғаны есте қалыпты. Одан бөлек БҰҰ аясында түрлі бітімгерлік іс-шараларға офицерлеріміз ұдайы қатысып келеді.
Жалпы, Қарулы Күштер үнемі реформаланып, жетілдіріліп отырады. Аумақтық қолбасшылықтар, бригада үлгісінде жасақталған әскери құрылым, арнайы мақсаттағы күштер дейсіз бе, қазақ армиясында ХХІ ғасыр талаптарына сәйкес келетін өзгеріс көп. Былтырдан бері Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен шабуылдаушы-барлау топтарының да қатары өсті. Тұтқиылдан төнуі мүмкін қатерге қарсы тұруға даяр болу мақсатында жыл сайын әскери жаттығулар өтетіні бар. Тек 2021 жылдың өзінде ел ішіндегі жаттығуларды айтпағанда қазақ сарбаздары 20 халықаралық оқу-жаттығуға қатысқан. Ал қорғаныс саласына жауапты мамандар 450 халықаралық шараға барған. Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін Қарулы Күштерді одан әрмен реформалау, арнаулы жасақтар санын өсіру, армияның мобилділігін арттыру негізгі мақсатқа айналды. Транспорттық авиация, жедел әрекет ету күштерін дамыту басты назарда. Әрине, әскерилер жаңа техникалар жайлы сыр ашпағанымен, қару-жарақты Түркия, Қытай тәрізді елдерден сатып алу бағыттары да пысықталып жатқанға ұқсайды. Былтырдан бері Қорғаныс министрлігі өкілдерінің Қытай, Пәкістан, Түркия, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Канада қатарлы көптеген елдермен арадағы әріптестікті нығайтуға ұмтылып жатқаны байқалады. Демек, әскерилер жаһандық сын-қатерлерді естен шығармаған сыңайлы. Былтыр Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама «әуе-ғарыштық және зымыран шабуылына қарсы қорғаныстың тиімді жүйесінің элементтерін қалыптастыру жоспары» бар екені айтылған. Ал мұндай жүйенің стратегиялық түрлері арман біз үшін. Өйткені стратегиялық ЗҚҚ тек АҚШ пен Ресейде бар. Сондықтан оны армандамаймыз да. Демек тактикалық ЗҚҚ жүйесін құру көзделеді деген сөз. Мұның өзі Қарулы күштерде тың бағыттар қолға алынғанын көрсетсе керек.
РЕЙТИНГ ДЕГЕНІҢІЗ – ШАРТТЫ ДҮНИЕ
Негізі, жаһандағы елдердің әскери әлеуетіне баға беретін түрлі зерттеу орталықтары бар. Соның ішінде көпшілікке жақсы танысы – Global Fire Power рейтингі. 2022 жылғы соңғы рейтинг бойынша Қазақстан 142 мемлекеттің ішінен 64 орынға тұрақтапты. Шетелдік сарапшылар 50-ден астам бағытты ескереді екен. Дегенмен мұндай рейтингтің шартты болатыны анық. Өйткені ел қорғау ісі статистика немесе рейтингпен өлшенбесе керек. Оған Украинадағы соғыс айқын мысал бола алады.
Жалпы, армияның қуатын арттыру – жан-жақты іс. Әрі Қарулы Күштерде түйіні шешілмеген мәселе жоқ деуге тағы болмайды. Өкінішке қарай, 30 жыл ішінде әскердегі әлімжеттікті түбегейлі жоя алмадық. Оны генерал, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев та Aiqyn газетіне берген сұхбатында айтқаны бар. Одан бөлек оқ-дәрі қоймаларын күтіп ұстау, ескірген қару-жарақты жою, жаңа қоймалар салу қатарлы түрлі мәселелер бар. 2019 жылы Арыста, 2021 жылы Жамбыл облысында оқ-дәрі қоймасының жарылуы осы олқылықтың көрінісі. Дегенмен Жоғарғы Бас қолбасшы Қ.Тоқаев та, Қорғаныс министрлігі де армиядағы осынау олқылықтардың жойылуы үшін тиісті тапсырмалар берген. Біздің пайымдауымызша, әскерилер кемшіліктерді түзетуге ерекше көңіл бөліп отырса керек. Әйтеуір, көңілде сондай үміт бар.