Әскери архивтерде «қара қағаздар» әлі жатыр – Берік Әбдіғалиұлы
Әскери архивтерде «қара қағаздар» әлі жатыр – Берік Әбдіғалиұлы
1,093
оқылды
Ұлы Отан соғысы ел та­рихындағы үлкен бір ауыр кезеңнің сызаты ретінде ес­те қалды. Қазақ даласы­нан 1,5 миллионға жуық адам майданға аттанып, кес­кілескен ұрыстың орта­сы­на түсті. Оның біразы қаза тапты, із-түзсіз жоғалды. Әлі күнге табылмай жатқан­да­ры көп. Дегенмен ерлер­дің есімін ел есінде қалдыр­ғысы келіп, архив ақтарып, майданда із-түзсіз жоғал­ғандарды табуға тырысып жүр­гендер бар. Сол мақсат­та бірнеше жыл бұрын «Ұмы­тылған қаһарман» жобасы қолға алынған. Сонымен, өткен ғасырдың ең үлкен қасіреті саналған майданда қанша қазақ қаза тапты, біз біл­мейтін қандай батырлар бар, олардың ерлігі жайлы не белгілі? Біз осы мәселе бойынша біраз тер төгіп, зерттеу жүргізген Мә­жіліс депутаты, «Amanat» пар­тиясы депутаттық фракциясы­ның мүшесі Берік Әбдіғалиұлымен тілдесіп көрдік. Ешкім де, ешнәрсе де ұмыт қалмайды – Бірер жыл бұрын Ұлы Отан соғысында із-түзсіз жоғалып кет­кендерді табу мақсатында «Ұмы­тылған қаһармандар» атты жоба бастағаныңызды білеміз. Сол жо­ба арқылы майданда жоғалған қанша сарбазды анықтадыңыз­дар, нендей тың деректер шық­ты? Қазір осы істі әрі қарай жал­ғас­тырып жүрсіз бе? – Соғыста із-түзсіз жоғалып, қазірге дейін табылмаған қазақ­стандықтар әлі де жетерлік. Бір­неше жыл бұрын олардың ерлі­гіне лайықты құрмет көрсету мақ­сатында «Ұмытылған қаһар­мандар» атты жоба бастап, кітап та шығардық. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ әртүрлі себеппен осы лайық­­ты марапатқа ие болмаған май­дангерлердің есімдерін іздес­тіріп, халық жадында қалпына кел­тіруді ұйымдастыруға тырыс­тық. Көп жауынгерге қаhарман атағы қайтыс болған соң берілді. Ресей, Белоруссия, Украина және бүкіл Еуропа елдерінде мил­лиондаған белгісіз, аты сақ­тал­маған жас батырлардың сүйегі қалды. Біразын іздестіріп, атын ел есіне қайтардық. Ол кі­тапқа Қаһарман атағына ұсы­нылған 133 майдангерді енгіздік. Көпшілігі жаяу әскер. 26 артил­лерист, 14 пулеметші, 8 сапер, 5 танкист, 4 танкіге қарсы өздігінен жүретін атқыш, 5 снайпер, 4 са­нитар, 3 байланысшы, 2 кава­лерист, 3 десантшы, 1 әуе десан­ты, 1 ұшқыш, 1 инженерлік әскер және ІІХК-нің 1 қызметкері бар. Сол жоба арқылы біз ерекше ерлік көрсеткен қазақтарды тап­тық. Оның ішінде 8 азамат «Ке­ңес Одағының Батыры» атағына 2 рет ұсынылған. Екеуі бір реттен алған. Олар біз білетін Сағадат Нұрмағамбетов пен Сейітхан Темірбаев. Ал қалған 6 қазақ екі реттен ұсынылса да атақты ала ал­маған. Олардың арасында қа­тардағы сапер-жауынгер Құдай­берген Жансеріков пен аға сер­жант Мінайқұл Сағындықов, атқыштар ротасының командирі, лейтенант Қабыш Көктаев, снайпер, 248 фашисттің көзін жой­ған аға сержант Зейтін Бай­жанов, майор В.Гутов пен лейте­нант В.Гутовский бар. Әр қай­сысының да ерлігі ерен. Мысалы, Зейтін Байжанов деген мергенді алайық. Байжановты негізі бәрі­міз білуіміз керек. Біз тек мер­гендерден ең көп фашист өлтір­ген Тілеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменовті тани­мыз. Ал Байжанов фа­шист­терді көп өлтірмесе де, шә­кірт­тері көп болған. Шәкірттерімен бірге 600 фашисттің көзін жой­ған. Со­ғыста жүріп, тек 3 айдың ішінде 50 снайперді дайындап шыққан. Полк снайперлерінің бір тобы 128 фашистік жауынгер мен офицерлерді жойыпты. 1943 жылдың 25 маусымында Бай­жанов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ тек «Қы­зыл Жұлдыз» орденімен мара­патталды. Бұл да бір тың дерек. Біз шетелдік соғыс кино­ларын қызығып қараймыз ғой, ал бұлардың ерлігі сол тек кино­дан көретін ерліктен де артық. Аты аңызға айналған ұшқыш Байтұрсын Есіркеповті көбі біл­мейді. 1945 жылы 7 маусымда Ба­тыр атағына ұсынылған. Ма­ра­пат­тау парағында «Гвардия ка­питаны Есіркепов 1941 жыл­дың шілде айынан 1945 жылдың мамыр айына дейін Отан соғы­сына қатысып, 174 рет ұшқан. Ол 76 жауынгерлік ұшуын бөлім жетекшісі ретінде жүргізді, 52 рет 9-дық құрамында және 46 жауын­герлік ұшуын жау әскерін бар­лау үшін жалғыз экипажымен жүр­гізді. Отан соғысының май­дандарындағы шайқастарға қа­тысып, гвардия капитаны Есір­кепов жауынгерлік миссияларды орындауда ерекше ерлік, батыл­дық пен ержүректік көрсетті» деп жазылған. 1941-1942 жылдары Минск, Гомель, Брянск үшін со­ғысқанда күніне 5-6 рет ұшқан екен. 1944 жылы 25 маусымда неміс жаяу әскер дивизиясының штабын, жанар-жағармай қой­ма­сын жойған. Бұл жай бір күнгі ғана ерлігі. Ұшқыш әр күн сайын осындай нысандарды атқылап отырған. Сол үшін Есіркеповті «ең жоғарғы мемлекеттік марапат Кеңес Одағының Батыры ата­ғына лайық» делінген. Бірақ «Қызыл Ту» орденін алған. Айтжан Батырбеков атты са­нитар өткен. Соғыс кезінде са­ни­тарларға майдан шебінен жа­ралы сарбаздарды алып шығу міндеттеліпті. Оларға да орден тағып, марапат береді. Ал сани­тар жаралы сарбазды майдан шебінен қару-жарағымен бірге алып шықса, оларға ерекше мән берген. Батырбековтің ерлігіне қарап, тіптен таңғаласыз. Өрте­ніп жатқан танкті сөндіріп, іші­нен 4 танкисті алып шыққан. Сөйтіп ол қару-жарақ пен танкті де, 4 сарбазды да аман алып қал­ған. Забожеондегі ұрыста бір өзі жаралы болса да автоматпен 8 неміс жауынгері мен офицерінің көзін жойған. Нағыз ерлік сол болатын. Алматының тумасы Мінайқұл Сағындықов атты сапердің де ер­лігі ерен. 1944 жылдың 1 тамы­зында толассыз атылған оққа қарамай қайықпен қарсыластың лагері орналасқан жағаға бірінші болып жүзіп өткен. Бір түнде де­сантпен бірге өзеннің арғы жаға­сына жеті рет барып келген. 1922 жылы туған Қабыш Көк­таев есімді гвардия лейтенанты, 1033 атқыштар полкінің 5 ат­қыш­тар ротасының командирін білмейтіндер бар. Батыр атағына алғаш рет 1944 жылы 9 тамызда Висла өзенін кесіп өткені үшін ұсынылған. Ұрыс даласында жа­зыл­ған сирек жазбаларда Көктаев­тың өз ротасымен бірге Висла өзенінің батыс жағасына бірінші болып өткенін айтады. Қарсылас­тың қайта шабуылы ке­зінде бекініп алып, неміс әс­кер­лерінің 100-ге жуық жауын­гері мен офицерін жойған, осы­лай Висла өзенінің батыс жаға­лауын­дағы плацдармның сәтті орналасуына септескен. 1945 жылы сәуірде Польшада қайтыс болды. Қазақтан шыққан атты әс­керлердің ерліктері де тамсан­ды­рады. Дәулет Ағыбаев атты сер­жантты 1940 жылы Балқаш әс­кери комиссариатында майданға аттанып, 112 кавалерия дивизия­сының 294 кавалериялық полкі­нің 1 эскадрондық бөлімшесінің командирі. Оның марапаттау па­рағында «30 кеңес жауын­герінің, оның ішінде сержант Д.Ағыбаевтың әскери тапсыр­ма­сы болды: биіктікке шығып, қор­ғаныстарды иемденіп, орын­ды қайтсе де ұстап қалу. Барлық топ мүшелері маңызды шабуыл операциясының сәттілігі олар­дың қабілеттеріне, батыл­дық­тарына, табандылығына байла­ныс­ты екенін анық білді. Сарбаз­дар тез арада немістер алынбайды деп бағалаған биіктікті алған соң «Бұл жолдан тек танк емес, бір­де-бір тышқан өте алмасын» деген жауынгерлік тапсырма алды. Бұйрық орындалды» деп жазылған. 1943 жылдың 21-22 қаңтарында қатарында Ағыбаев бар 30 жауынгер 2 күнде 300 немісті, 3 танкті және брондалған автокөлікті жойыпты. «Кеңес Одағының Батыры атағына лайық» делінген. Бірақ I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапат­талған екен. Міне, осындай тың деректер жетерлік. Қоғам осы тұлғаларды білуі керек. Мен бірнешеуін ғана атап отырмын, әйтпесе бірінің ерлігі бірінен өткен қазақтар өте көп. Барлығы ең жоғарғы мара­пат­қа лайық болған. Сол себепті кеше ғана Төлеу­ғали Әбдібеков, Ыбы­райым Сүлейменов пен Алексан­др Несмяновқа Халық қаһар­маны атағы берілді. Қалғандарын кейін де қолдап, есімдері ұлық­тала беретіні айқын. Кезінде кітаптағы тізімді өңір­­лерге таратып, батырлардың ұрпақтарын іздедік. Өкініштісі сол, бұлар соғыстан елге оралды ма әлде келмеді ме, оны да біл­мейміз. Өңірлердегі жұмыстарға көңілім толмады. Әйтпесе әкім­діктерге жібердік. Бұл жобаны қазір Білім инновация лицей­лерінің оқушыларына бердік. Әкімдіктер таба алмады, әскери бөлімшелерден қайыр болмады, мүмкін оқушылар табар деген үміт бар. – Кей деректерде Қазақ­стан­нан аттанған 101 кавалерия диви­зиясы Харьков түбінде түгел қы­рылып қалғаны жайлы айтылады. Жалпы алғанда, осыған ұқсас оқиғалар майданда көп болған ба? Онда қаза тапқандардың саны біз ойлағаннан артық тәрізді. – Ржев түбінде 101 бригада соғысты. Сол бригадада Мәншүк Мәметова, Ыбрайым Сүлей­менов болды. Ал Харьковте ка­валерия дивизиясы шайқасты. Шын мәнінде олар үлкен соқ­қыға ұрынды. Харьковке барып, теміржол бекетінен түспей жа­тып қоршауға түсіп қалған. Сол кезде бәрі жан-жаққа қа­шып, біразы партизан болып, жо­ғалып кеткен. Әрине, көпші­лі­гі қаза тапты. Қанша пайызы өлгенін айта алмаймын. Қағаз жүзінде дивизия жойылды. Кей­бірі ше­гініп, басқа отрядтарға қо­сылды. Өте көп адам тұтқынға түсті. Бұл жерде әскери басшы­лардың диви­зияны басқарудағы қателігі бол­ған. Ол туралы мен Жамбыл­дағы бір ақсақалдан естігенмін. «Вокзалдан түскен беті қоршауда қалдық, үлкен жиын болды, сол жиында бір командир сөйлеп тұрып өз-өзін атып тастады» деп айтқан. Бұл әңгімені ол ақсақал­дан 1987 жылы естідім. Біз ол кез­де ондай қорқынышты тарих­ты білмейміз, бізге «бәрі керемет, жеңдік» деп айтып келген. Сол ақсақал «қару-жарақ жоғын, сарбаздар­дың қылышпен танкіге қарсы шап­қанын» айтатын. Сарбаздар қолы­на снаряд ұстап, жау танкі­лерінің астына жатып, өз-өзін жара­тын кездер болған. 1987 жылы бұндай оқиғалар бол­ғанын ешкім айтпайтын еді. Тыйым болды. Сол ақсақал бәрін маған айтатын. Соғыс шығынсыз болмайды – Фашизмге қарсы күреске 1,3 миллионнан астам қазақстандық қатысқаны айтылады. Олардың жар­тысына жуығы, дәлірек айт­қан­да 602 мыңнан астамы майдан­нан оралмаған екен. Мен осы тұс­та қазақтарға жеке тоқталғым келеді. Түрлі дереккөздерде 1941-1945 жылғы соғыста 130 мың қа­зақ қаза тапқаны айтылады. Бұл тым аз емес пе? Себебі бұл дерекке күмәнмен қараушылар көп. – Мені осы мәселе көптен бері мазалап жүр. Соғыста қаза тапқан қазақтардың саны 130 мыңнан астам деп көрсетілген. Неге 130 мың? Мен кезінде талай сұрау салдым. Сөйтсем, соғысқа қатысты «Боздақтар» деген кітап шықты, сонда жазылған екен. Ста­тистика қайдан шықты де­сем, әскери бөлімшелердің бұ­рын­ғы «қаза тапты» деген тізімі­нен алы­ныпты. Менің ойымша, 130 мың деген аз. Ал деректе «қа­зақтар бар­лық қаза тапқан кеңес әске­рінің 1,5 пайызын құра­ды» деп жазылған. Ең көп әс­кер жоғалт­қан орыстар (66,4%), украиндар (15,8%), белорустар (2,9%), татарлар (2,1%) және еврейлер (1,6%) екен. Ал­дағы уақытта осы мәсе­леге қайта ден қойып, зерт­тегім келіп жүр. Жоғарыда айтыл­ған ста­тистикаға күмәнданамын. 3-4 жыл бұрын Жамбыл облысына бар­дым. Сонда архивтегі маман­дар әскери бөлімшелердің архив­тегі жұмыстармен айналыс­пай­ты­нын айтты. Бірақ бұл дүние олар­дың тікелей жұмысы емес еке­ні анық. Онсыз да әскери қыз­мет­пен әлек болып жүреді. Ма­ман­дар әскери бөлімшенің архивіне кірген кезде қаптаған құжаттарды, тіпті, соғыс кезінде тара­тылмаған бір қап-қара қағаз­дарды көрген. Сондықтан біз де­рек­терді қайта тексеруіміз ке­рек. Архивтің мамандары маған тізімге қосылмағандардың әлі де көп екенін, соғыста қаза тапқан­дар­дың артып жатқанын жеткіз­ді. Яғни, бүкіл облыстың әскери бөлімшелеріндегі архивті тек­серту қажет болып тұр. Соғыста көз жұмғандардың тізімін қайта қарастырған абзал. 130 мыңнан әлде­қайда көп екені анық. Қазір із-түзсіз жоғалғандар ақырындап табылып жатыр. «Боздақтар» деген кітапты қарайсыз, аты-жөні тұрады, жанына «із-түссіз жо­ғалған» деп жазылған, алайда ол соғыс біткенде елге оралған болып шығады. – Соғыста көз жұмған жауын­герлердің сүйегін іздеп жүретін бел­гілі топтар бар. Кейде тың де­рек­терді ашып жатады. Сол іздеу­ші топтар мемлекет тарапы­нан қолдау тауып жүр ме? – Көрші Ресейдің Қорғаныс ми­нистрлігі қазір бүкіл құжаттар­ды сайтқа салып жатыр. Ірілі-ұсақ­ты іздеуші топтары бар, үл­кен жұмыстар атқарып жүр. Қа­зақстанда да ондай ерікті іздеу­шілер өте көп. Әсіресе, әлеу­мет­тік желіде сұрау салып, бел­сен­ділік танытады. Ол да бір қуантар­лық жағдай. Із-түзсіз жо­ғал­ғандар жайлы біздегі Прези­дент архи­вінде база жасақтап жатыр. Бізде іздеуші топтарға мемлекеттік деп айтуға келмес, грант беру арқылы қолдау бар. Бірақ ерікті жастар, студенттер, оқушылар барады. Мысалы, Ресейде, Украинада, Белорус­сия­да барғанымда көр­генім, олар­да осы соғыс тақыры­бы­мен ай­налысу үшін министр­ліктер ішінен басқармалар құ­рыл­ған. Әр әскери бөлімде соғыс құр­бан­дарын зерттейтін бір маман бар. Сол елдерде жүріп көп бейітті көр­дім. Аттары жазылма­ған. Қағаз жүзінде ғана бар, біра­зына атын жаздырдық. Ресейдің Ржев қаласында болдым. Онда да бейіт көп. Кезінде сол қаланың түбінде соғысып, қаза тапқан қазақ бри­га­­даларының есімдері жазыл­ма­ған. Тарихтың ақтаңдақ тұстары – Германия жағында тұтқында болған, азаптаудан жан тапсырған жауынгерлер де. Бірақ олардың да саны жайлы нақты дерек жоқ. Олар жөнінде не айта аласыз? – Қазір бізде де тұтқында болғандарға қатысты арнайы зерттеу жүріп жатыр. Бір қиыны, тұтқында болып, жау қолында қаза тапқандар да із-түзсіз жоғал­ғандар қатарына еніп кеткен. Сол жағы белгісіз. Жоғалған­дардың қайсысы тұтқында бол­ды, қаза тапты ма әлде басқалай жолмен кетті ме, беймәлім. Сон­дықтан Германия жерінде тұт­қында болғандардың толық ті­зі­мі бар деп айта алмаймын. Еуро­па­дағы архивтер енді ашы­лып жа­тыр, мамандармен байланыс орна­тып, жұмыс жүргізіп жатыр­мыз. Алдағы уақытта тың дерек­тер табылып қалар деген үміт бар. – Қазақстанда 1941-1945 жыл­­­дардағы соғысты жалпылама Ұлы Отан соғысы деп атайды. Соң­ғы уақытта көп азаматтар осы атау­­ға байланысты түрлі пікір ай­тып жүр. Біреулер «совет-герман со­­ғысы» деп атаса, келесілер «Екін­­­­ші дү­ниежүзілік соғыс» еке­нін алға тар­тады? Соғыстың ата­уы­­на бай­ла­нысты көзқара­сыңыз қандай? – «Ұлы Отан соғысы» деп идео­логиялық тұрғыдан айтыл­ған. Академиялық ғылым жағы­нан қарағанда «Екінші дүние­жүзілік соғыс» болып есептеледі. Бүкіл әлем елдерінде Екінші дү­ниежүзілік соғыс ретінде атала­ды. Иә, «Ұлы Отан соғысы» де­ген атаудан кейбіреулер бас тар­тып жатыр. Бұл мәселе әр мем­лекеттің идеологиялық ұста­ны­мына байланысты. Елімізде ресми түрде екі атау да бірге жү­реді. Бір жағынан «Ұлы Отан со­ғысы» деген атауға әбден үйре­ніп қалғанымыз да рас. – Енді тақырыптан сәл ауыт­қысақ. Сізді көпшілік тарихшы ретінде жақсы таниды. Біз Ұлы Отан соғысын сөз еттік, оның ал­дында да небір майдандар өтке­нін білеміз. Мәселен, жа­пон-қытай соғысындағы қазақ­тар­­дың рөлі назардан тыс қала­тын секілді? Өткен ғасырдың 30-40-жылдары Қытай жерінде көп­теген майдан бол­ды. Шың­жаң түбіндегі қарсы­лықта қазақ­тар қырылды. – Бұл тақырыптың расымен де Ұлы Отан соғысына қатысы жоқ. Ол кезеңде Кеңес әскері Шығыс Түркістанға байланысты операция жасаған. Оған аза­маттық киіммен қазақ полкі жіберіледі. Кейін олар майданға да кетеді. Өкінішке қарай, ол туралы бізде де көп айтпайды. Барлығы ішінде қазақ, ұйғыр ұлтының өкілдері бар мұсылман көтерілісіне байланысты болған. Бір жағынан біздікілер көмек бергісі келген. Бірақ кейіннен Қытай бәрін қайтарып, көте­ріліске қатысқандарды қудалап, жазаға тартады. – Мектептерде Қазақстан тарихы пәні оқытылады. Дегенмен онда ауған, иран, теріскейдегі Астрахань мен Омбы қазақтары­ның тарихы айтылмай қалатын сияқ­ты. Тарихқа қатысты оқу­лық­тарға өзгеріс енгізу қажет деп ойлайсыз ба? – Қазір Білім және ғылым министрлігі тарихты толығырақ қамтуды мақсат етіп, бұл мәсе­леге шындап кірісті. Сонымен қатар Қазақстан тарихының көптомдығы дайындалып жа­тыр. Бірнеше жиын өтті. Әуелде 7 том­дық болады деп жоспарлан­ған. Енді одан да асып кетті. Сол жерде Қазақстан тарихын, қазақ тарихын кеңінен қамтып, жаңа деректерді қосу көзделіп отыр. Әрине, шетелдегі қазақтардың тарихы қамтылуы керек. Олар­дың біразы Ауғанстан, Иран, Өзбекстан, Моңғолия секілді шет жерлерге көшіп кеткен. Кей­бірі ата-бабамыз мекен ет­кен жер болған. Ашаршы­лық­тың да әсері бар. Қазақстан тарихы пә­нінде бұл мәселелер қамтыл­май­ды демеймін. Қа­зақстан тари­хы­ның 80 пайызы айналып келгенде қазақ тарихы ғой. Арнайы бөлім­дер арқылы оқытылады. Жалпы, елімізде қандастарға байланысты сая­саттың қарқыны жақсы. Олар­ды көшіріп алып келу жұ­мыс­тары іске асып жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!