Конституциялық реформаның қазақстандық моделі бүкіл әлемге үлгі
Конституциялық реформаның қазақстандық моделі бүкіл әлемге үлгі
Фото: abai.kz
Конституция – мемлекетте заң билігін жүргізетін, халықтың құқын қорғайтын ең басты құжат. Латын тілінен аударғанда constіtutіo – бекіту деген мағынаны білдіреді. Мемлекеттің басты құндылығы мен қағидаты Ата заңда көрсетіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  АМАNAT партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезінде конституциялық реформаға қатысты: «Шын мәнінде, конституциялық реформа – тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес.  Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр. Біз Жаңа Қазақстанды құру үшін батыл өзгерістер жасауымыз керек. Бұл өзгерісті әркім өзінен бастауы қажет» деген болатын. Жаңа Қазақстанды құруға қатысты батыл қадамдар қоғамда қолдау тауып отыр. Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов саяси жүйені жүйелі түрде қайта құру үшін өте маңызды екенін айтып отыр Ол Президенттің бастамасымен 2019 жылдан бастап елімізде ауқымды саяси реформалар жүргізілгенін айтты. Осы уақытқа дейін Президент ұсынған төрт саяси реформалар пакеті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында жүзеге асырылған. «Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынған болатын. Соның нәтижесінде Конституцияға 33 өзгерту енгізу туралы бастама айтылды. Бұл өзгерістер негізінен Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік басқаруға қатысу үлесін арттыру үшін жасалуда. Сондықтан да аталмыш өзгерістерді референдум арқылы енгізу көзделіп отыр» – деді Қазбек Майгельдинов. Саясаттанушының пікірінше, мұндай референдумды өткізу – бұл Қазақстан үшін суперпрезиденттік басқарудан ықпалды парламенті бар республикаға өтудің басты қадамы деп есептеуге болады. Бұл референдум саяси жүйені жүйелі түрде қайта құру үшін өте маңызды. Өйткені аталмыш өзгерістер еліміздегі сайлау жүйесі, президент өкілеттілігін шектеу, жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға, сонымен қатар адам құқықтарын сақтау мәселелеріне бағытталған. Оның айтуынша, бұл саяси реформалар Жаңа Қазақстан – Екінші республика ұғымының негізін құрайды деуге болады. Өйткені суперпрезиденттіктен президенттік республикаға өту – бұл Бірінші республикадан Екінші республикаға өту деп қабылдануы қажет. Сондықтан Ата заңға енгізілген өзгерістер халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмысын түзеу, тың бастамаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратыны ақиқат. Себебі, әрбір елдің Конституциясы жергілікті халықтың бостандығы мен теңдігі, өмірі үшін маңызды рөл атқаратын құнды құжат болып саналады. Адамзат тарихына үңілсек, әр елдің заңы басқа болса да, халықтың құқығы мен бостандығы, теңдігі үшін қызмет ететіні ақиқат. Мәселен, ең ежелгі Конституция 1600 жылы қабылданған. Тіпті Құран кәрім Конституция рөлін атқаратын елдер де бар.

Ең ежелгі Конституция Сан-Маринода қабылданған

Ең ежелгі Конституция 1600 жылы Сан-Маринода қабылданған. Сан-Марино қаласының 1300 жылы қабылданған жарғысы негізінде құрастырылған екен. Сонымен қатар АҚШ, Норвегия, Нидерланд Конституциялары ең ескі конституция саналады.

АҚШ Конституциясында «демократия» деген сөз бірде-бір рет кездеспейді

АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясы 1776 жылы 4 шілдеде қабылданған. Осы арқылы колониялардың Англиядан бөлінгенін және өз алдына дербес жаңа мемлекет Америка Құрама Штаттары құрылғаны  жария етілді. Ал кейін, 1787 жылы 17 қыркүйекте АҚШ-тың қазіргі қолданыстағы конституциясы қабылданды. Бір қызығы, АҚШ Конституциясында «демократия» сөзі бірде-бір рет кездеспейді. Жыл сайын 17 қыркүйекте Филадельфияда әлемдегі тұңғыш Америка Құрама Штаттары Конституциясының қабылданғанын атап өтеді.                                   Ең үлкен Конституция қай елде? 1949 жылы қабылданып, бір жылдан кейін күшіне енген, 395 баптан, 12 бөлімнен, 500 толықтыру мен түзетуден, 117 400 сөзден тұратын Үндістан Конституциясы әлемдегі ең үлкен Конституция болып есептеледі. Мұнымен қоса  күрделі тілде жазылғаны сондай, ел тұрғындарының көпшілігі оның ережелерін әлі түсіне алмайды. Конституция нормалары да мәтінде шашыраңқы жазылған. Әр бапта әртүрлі орналасқандықтан қажетті тармақты бірден табу мүмкін емес.                                   Ұлыбритания – Конституциясы жоқ ел   Ұлыбританияның бірыңғай Конституциясы жоқ. Оны ежелгі жарғылар, прецеденттік заң және белгілі бір конституциялық келісімдер алмастырады. Оның ең ежелгісі рыцарьлар кезінде қабылданған. Конституциясы жоғына қарамастан, Ұлыбритания халқы қолданыстағы заңдарды бұлжытпай орындайды. Елдегі ежелгі құжаттарға XVII ғасырда қабылданған құқықтар туралы Билл және төрт ғасыр бұрын жасалған Магна картасы жатады.                                                Франция 1958 жылдың 28 кыркүйегінде V Франция Респуб­ликасының І Конституциясы жалпыхалықтық референдум бойынша қабылданды. Бұған сайлаушылардың 79 пайызы дауыс берді. Алдымен парламенттік билікке негізделген 1946 жылғы Конституцияға қарағанда, Францияның жаңа Консти­туциясы президенттің өкілеттігімен бірге мемлекеттік биліктің негізгі органдарының құзыретіне мән берді.                                             Латын Америкасы Латын Америкасы – табиғат адамдармен тең құқыққа ие болып, қорғалған әлемдегі алғашқы ел. Мысалы, Эквадордағы конституция табиғатқа өмір сүру, даму және қалпына келу құқығын берген. Латын Америкасы елдері өздерінің қонақжайлығымен және экожүйеге деген қамқорлығымен ғана емес, сонымен қатар ата-баба дәстүріне құрметпен қарайтынымен де танымал. Мәселен, Конституцияда Бразилияда үндістердің әдет-ғұрыптарды, діндерді және олар бастапқыда иемденген жерлерді сақтау құқығын білдіретін  арнайы тармақ бар. Егде жастағы үндістер қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Бұл құқық ел Конституциясында бекітілген.                          Қай елдерде Құран кәрім Конституция рөлін атқарады? Ливия тұрғындары да дәстүрге адал. Мұнда ресми түрде Құран кәрім Конституция рөлін атқарады. Қасиетті жазба Солтүстік Африка мемлекетінің азаматтары үшін мінез-құлықтың негізгі реттеушісі саналады. Сонымен қатар Құранды құрметтеу және оны мемлекеттік деңгейде абсолютті заң дәрежесіне көтеру мұсылман әлемі үшін айтарлықтай жаңалық емес. Өйткені осындай құқықтық жүйе Ирак, Иран, Сауд Арабиясы, Пәкістан және Суданда көптеген жылдар бойы бар.                                                     Жапония Ең бейбіт Конституциялардың бірі — Мальта мен Жапонияның негізгі заңдары. Еуропалық мемлекет өзін бейбітшілікке ұмтылған бейтарап ел деп жариялайды. Конституцияда Жапонияның соғыстан бас тартуын жариялайтын тармақ бар. Мұндай шешім Екінші дүниежүзілік соғыста ел жеңілгеннен кейін қабылданған. КСРО тарағаннан кейін посткеңестік кеңістікте пайда болған тәуелсіз мемлекеттер де алдымен өздерінің конституциясын қабылдады. Өзбекстан 1991 жылы, Түрікменстан 1992 жылы, Қырғызстан және Ресей Федерациясы 1993 жылы, Беларусь, Молдова және Тәжікстан 1994, Әзербайжан, Армения және Грузия 1995 жылы, ал Украина 1996 жылы қабылдады. Бұл елдердің бәрінде мемлекеттік және қоғамдық құрылысты баршаға жария етіп, заңдастыруда конституция шешуші маңызға ие болды. Елімізде құрылымы бойынша, Конституцияның беделі Конституциялық Кеңеске байланысты. Ал кейбір елдерде бұл жүйе әртүрлі жолға қойылған. Мысалы, АҚШ, Жапония мемлекет­терінде Конституциялық заңдарды тексеру соттарға жүктелген. Гвинея, Камерун елдерінде бұл қызметті Жоғарғы сот атқарады. ГФР, Ресей, Италия елдерінде арнаулы орган – Конституциялық сот жұмыс істейді. Ал Франция, Алжир елдерінде конституциялық бақылауды сот сипатындағы емес, арнаулы орган атқарады.