Шіркейге таланған Отырар
Шіркейге таланған Отырар
608
оқылды
Отырар ауданы тұрғындарының шегірткеге таланып жүргендеріне айға жуықтап қалды. Отырар ауданы ғана емес, Түркістан облысының Сырдария өзені мен Көксарай су қоймасының маңайында орналасқан ауыл-аймақ тұрғындарын да шегіртке әбігерге салып қойды. Тұрғындар қаптап жүрген қанатты жәндіктердің кесірінен үйлерінен шыға алмай қалған. Шықса да, бастарына торлы бас киім киюге мәжбүр. Ауыл тұрғындарының көшеде жүрген көрінісі көзге қораш көрінеді. Жасы мен кәрісіне дейін торланған бас киіммен жүр. Бәрінен бұрын жерден нәпақа тауып жүрген шаруалардың егістік алқапқа бара алмай қалғаны қиын. Жер емген халық көктем шыға қарбаласы тіршілікті бастайтыны белгілі. Ал шегірткеге таланып жүрген ауылдың шаруалары егіс алқабына бару үшін жәндіктері сәл саябырситын уақытты, яғни қас қарайғанын күтеді. Ал арасында далаға шығып серуендейтін балабақшадағы бүлдіршіндерге тіпті обал. Есік-терезені қымтап, іште отырады. Балабақша қызметкері Замира Мұсаева балаларды кешке дейін қамауда ұстап отыратынын айтып қынжылды. «Шіркей биыл жылдағыдан да көп болып тұр. Бұл бізді әбден мезі етті. Күнделікті тіршілігіміздің ережесі ауысып, еркін жүріп-тұра алмай қалдық. Дезинфекция дегенді көрмедік», – дейді ол. Зиянкестердің егінге тигізіп жатқан салдарынан бөлек қорадағы малға да зияны көп болып тұр. Жайылымға шығудан қалған төрт түліктің де жағдайы мәз емес. Отырар ауданы Сарыкөл ауылының Ерлан есімді тұрғыны көктем шығып, күн жылынғаннан ауылды шіркей басатыны жылдағы әдет екенін айтады. Өткен жылдары жаңбыр аз жауып, құрғақшылық болғандықтан шіркей де саябырсыған екен. «Биыл жерде от болып тұрған соң баяғы әдет қайта басталды. Бірақ бұрын дәрі сеуіп жанымыз қалып тұрған. Соңғы 1-2 жылда шіркей азайғандықтан дәрі себу тоқтатылған. Алайда биыл шіркейдің беті жаман. Ал дәріден хабар жоқ. Көшеге шығудан қалдық», – деп ренішін білдірді ауыл тұрғыны. Орынбасар Досов болса, әрбір күні жылға азық болар көктемнің күні бітуге таяу қалғанын, ал шаруалар болса, шіркейден тырп ете алмай отырғанын айтты. «Билік тарапынан мүлдем әрекет, қозғалу жоқ, аллергиясы бар, қан қысымы жоғары тұрғындар да қазір үйінен аттап баспай отыр», – дейді ол. Мектеп оқушылары да тор бас киіммен сабаққа барады. Ондай бас киімі жоқтар дәкемен оранып жүр. Одан қалса, қолымен шіркейді қағып жүру, денесін қасынып жүру әдетке айналған. Шіркей шағып, дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер де көбейген. Олардың басым бөлігі – балалар. Кейде бөртпелері асқынып та кеткен жағдайлар болады. шіркей Отырар Отырар ауданы әкімі аппаратының ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас инспекторы Жасұлан Қысмұратов соңғы жылдары мамыр-маусым айларының аралығында Сырдария өзені жағалауында шіркейлердің шамадан тыс көбейіп кетуі аудан тұрғындарын әбігерге салып келе жатқанын растады. «Отырар ауданы мен Арыс қаласының шекаралық аумағында орналасқан «Көксарай» су реттегіші шіркейдің таралу, яғни дернәсілдерінің жетілу ошағы болып отыр. Отырар ауданы аумағындағы қанатты жәндіктерге қарсы гидрофаунаға зияны жоқ залалсыздандыру жұмыстары соңғы рет 2020 жылы «Көксарай» су реттегішінің шлюздері арқылы Түркістан облыстық Энергетика, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жүргізілген. Шіркейдің суда өсетін фазасына экологиялық тұрғыда қауіпсіз болып табылатын биологиялық препараттар қолданыл­ған», – дейді инспектор. Шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті атқарушы органның іс-шаралар өткізу бағдарламасы есебінен қаржы қаралыпты. Бірақ арнайы ғалымдардың қатысуымен энтомологиялық зерделеу жұмыстарының қорытындысы болмауына байланысты жүргізілмей отыр екен. Шіркейлер дернәсілдерінің жетілуіне сәйкес залалсыздандыруды бір маусымда 12-18 рет қайталауды қажет етеді. Сондықтан дәріні суға жіберу мезгілі мен мөлшері, шіркейлердің имогаларына, өзендегі дернәсілдерге үзіліссіз бақылау жасауды ғылыми тұрғыда зерделеу міндетті екен. Аудан әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңға шіркей санының күрт артуын болдырмау және залалсыздандыру бағытында жүргізілетін жұмыстарға ғылыми негізде қорытынды беру үшін Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтына арнайы ұсыныс жолданған. Ғылыми негіздегі зерделеу жұмыстарының қорытындысы алынған соң жергілікті бюджет қаражаты есебінен толыққанды залалсыздандыру іс-шаралары жүргізіл­мек. Ал зиянкестерді дәрілеу жұмыстарымен айналысатын облыстық Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы болса бір жылдан бері соттасып, бұл мәселемен айналысуға уақыты болмағанын ашық айтты. «Өткен жылдан бері осы жылдың наурыз айына дейін сот рәсімдері шаруаларымен жүргендіктен биыл дәрілеу шараларына үлгермей қалдық. Біз енді дәрілеуді келесі жылға дайындаймыз. Есептерінің барлығын келесі жылдың бюджетіне енгізіп, 2023 жыл басынан жұмыс істейміз», – деді басқарманың бөлім басшысы Бақтыбек Убайдин. Сонымен, осы мәселеге тікелей жауапты басқарма мамандары ауыл тұрғындарына «биыл шіркейге талана тұрыңыздар» деп тұрған сыңайлы. Ал басқармадан үмітін үзген аудан әкімдігі болса, енді ғана әрекетке көшкен. Онда да қаралған қаржыны игере алмай ғылыми зерделеудің қорытындысын күтіп отыр. Ал мамандар қанатты жәндіктердің шілде айында азаятынын айтады. Ендеше, аудан әкімдігі күтіп отырған зерделеудің қорытындысы әбден болары болып, бояуы сіңген уақытта шілде айында келіп тұрмаса деңіз. Әл әзірге су қоймасының айналасында шоғырланған ауыл-аймақ тұрғындарына «сабыр сақтап, күте тұрыңыздар» дегеннен басқа айтарымыз жоқ...

Түркістан облысы