Ел экономикасының дамуының негізгі драйверінің бірі ауыл шаруашылығы екені белгілі. Бұл бағытта бүгінде жанданған жобалар да, бағдарын тапқан бастамалар да аз емес. Алайда аграрлық саланы дамыта отырып, тұрғындардың тұрмысын түзеу мақсатында осыдан үш жыл бұрын Жамбылда пилоттық жобаға жан біткен болатын. Басы тәп-тәуір басталған тірліктің ертеңінен ел мол үміт күткен. Бірақ бастама сол сенім үдесінен шыға алды ма? Әлде пилоттық жоба елге пайда емес, шенділерге пиар болды ма?Үш жылда неге қол жетті?
Жасыратыны жоқ, жобаға Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов жан бітірді. Оны Үкімет те қорғап, өңірге миллиардтаған инвестиция әкелді. 10 ауданнан 11 ауылдық округ таңдап алынып, бағдарламаға «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасы» деп айдар тағылды. Жобаның негізгі бағыттары айқындалғаннан кейін 11 ауылдық округтің әкімі 25 елді мекенде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бағдарламаның тиімді тұстарын жан-жақты насихаттады. Нәтижесінде жаңадан 11 кооператив құрылып, 2478 тұрғын жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.
Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану есебінен 1 миллиард теңге болатын 11,6 мың тонна өнім алынды. 2019 жыл 627,4 миллион теңгеге теңелген 7,1 мың тонна өнім жиналса, 2021 жылы өнім көлемі 11,7 мың тоннаға дейін өсіп, одан түскен табыс 1 миллиард теңгеге жетті. Сонымен қатар жалпы көлемі 2 гектарды құрайтын 14 жылыжайдан 1000 тонна өнім алынып, 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2 454 несие алушы 6,4 миллиард теңгеге 45 мың бас мал сатып алып, пилоттық округтердегі мал басы өткен жылы 193,5 мыңға дейін артты. Соңғы 3 жылдағы төрт түліктің өсім 132 пайызды құрады.
Мал басының артуы өз кезегінде ет өндірісін өрістетуге де өз септігін тигізді. Мәселен, жоба аясында сатып алынған мал басы есебінен жалпы өндірілген өнім 8 миллиард теңгені құрады. 2021 жылы 4 351 тонна ет, 8573 тонна сүт өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда ет өндірісі 2,9 есеге, сүт өндірісі 1,5 есеге ұлғайды. Бірінші және екінші бағыттардан өндірілген өнімдердің нәтижесінде әр отбасының орташа жылдық табысы 529 мың теңгеден 880 мың теңгеге немесе 351 мың теңгеге артқан.
Жеке кәсібін ашу бағытында 11 жоба іске қосылып, жалпы екі жылда 147 миллион теңгелік 281 тоннадан астам өнім өндірілген. Оның ішінде нан, шұжық, шырын, ара балы және кондитерлік өнім сияқты тауарлар бар. Ашылған жаңа кәсіпорындардың есебінен 27 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отыр.
Жалпы, есепті жылдары пилоттық жобаның 5 бағыты бойынша 9,2 миллиард теңге несие қаражаты игерілсе, оның ішінде республикалық бюджеттен «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы 7,2 миллиард теңгеге 2,5 пайызбен 2489 өтінім қаржыландырылған. Ал жергілікті бюджет есебінен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникаларына, сондай-ақ шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға 1,2 миллиард теңге несие қаражаты 5 пайызбен беріліп, лизингке 190 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
Қай тұста саннан сүріндік?
Статистика сөйлегендей, бәрі боямасыз болса, бұл әрине үлкен қуаныш. Алайда саннан сүрінген тұстарымыз да бар. Айталық, ауыл сыртындағы жерді тиімді пайдалану мақсатында жоспарланған 10,1 мың гектар жерге сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттары сатып алынған. Нәтижесінде 2020 жылы 10,3 мың гектардан 1,1 миллиард теңгеге 20,7 мың тонна мал азығы дайындалса, 2021 жыл 7,4 мың гектардан 252 миллион теңгеге 3,2 мың тонна ғана мал азығы жиналған. Статистиканың бұлай құлдырауын сол тұста әркім әрқалай болжады. Шенділер бар мәселе қуаңшылықта десе, алайда жыл басында жауаптылардың өздері келтірген статистика біраз қызықтың бетін ашып берді. Мәселен, кооперативтерді егістік жермен қамту мақсатында аудан әкімдіктері егістік жер беру туралы міндеттемені орындамау салдарынан 2021 жылы егістік жерлердің игеру көрсеткіштері күрт төмендеген. Жоспар бойынша 10,5 мың гектар егістік жер бөлінуі қажет болса, нақты қаралған егістік жер көлемі 1395 гектарға жеткен. Жуалы ауданы – 99 гектар берсе, Меркі ауданы – 476 гектар, Талас ауданы – 276 гектар, Сарысу ауданы - 373 гектар, Шу ауданы 171 гектар бөліп берген. Қалған аудандар мүлде жер бөліп бермеген. Сондай-ақ жайылым жер беруге Жуалы, Мойынқұм және Сарысу ауданы ғана құлық танытқан. Әкімдердің жобадан бұлайша тез теріс айналуы түсініксіз. Бұған қатысты да ел арасында әңгіме көп. Біреулер облысқа келген жаңа әкім бұрынғы әкімнің жұмысын жалғағысы келмеді десе, енді екіншілер жоба өз өміршеңдігін дәлелдей алмай отыр деген болжам жасады.
Тағы бір статистикаға назар салсақ, «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы 2,7 миллиард теңге несие қайтарылып, 115 борышкер берешегін мерзімінен бұрын өтеген. Кері қайтарылған қаражат есебінен жобаны ары қарай жалғастыру мақсатында облыс бойынша 3 ауылдық округ таңдалынып алынған. Сондай-ақ кері қайтарылған 850 миллион теңге «Тараз» ӘКК» АҚ тарапынан облыстық қазынаға құйылғанымен оны өзге ауылдық округтердің тұрғындарын несиелендіруге сол бойы кері қарастырылмаған.
Бұл аз десеңіз, құрылған кооперативтерге 356,1 миллион теңге айналым қаражаттары берілсе, олар осы қаржының 124,5 миллион теңгесін ғана кері қайтара алған. Құрғақшылықты желеу еткен кооперативтер қалған 231,6 миллион теңгені қайтару үшін тағы 2 жыл сұрап отыр.
Өткен жетіде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, Байзақ ауданында пилоттық жобаға таңдалып алған ауылдарда болды. Үкімет басшысының орынбасары Жамбыл облысының тәжірибесін үйрену үшін өзге өңір әкімдерінің орынбасарларын да ерте келіп, бірқатар шаруа қожалықтарына ат ізін салды.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов жобаны жүзеге асырудың арқасында Қостөбе ауылдық округінде бір отбасының табысы 4 есеге артқанын, мал басының саны 53,8 пайызға өскенін, 256 тұрғын жеке кәсібін ашқанын, 123 жаңа жұмыс орны құрылғанын және АӘК алушылар саны 86 пайызға азайғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ аймақ басшысы кооперативтерді құру арқылы техниканың, жұмыс қолдарының және жерді өңдеуге, егін жинауға арналған құралдардың жетіспеушілігі мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Өз кезегінде Ералы Тоғжанов жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы кооперативтеріне толық қолдау көрсетуді тапсырып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жанданған жоба ең алдымен халықтың табысын арттыруға қызмет жасауы қажеттігін айтты.
«Халықтың табысын арттыру бағдарламасының» негізгі мақсаты – қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыру. Ол үшін халықты жұмыспен қамтуды реттеу жөніндегі жүйелі шараларды қабылдау маңызды. Бұл бағытта ауылдағы кәсіпорындар үлкен рөл атқарады.
Негізгі міндеттің бірі – импортты алмастыру. Сондай-ақ біз осы жобалардың барлығы тұрғындарға қандай пайда әкелетінін ойлауымыз керек. 2025 жылға дейін ішкі нарықты қанттан басқасын өз өнімдерімізбен жүз пайыз қамтамасыз ету жоспарда бар», – деді Е. Тоғжанов.
Әрине, Премьер-Министрдің орынбасары Үкімет пилоттық жобадан көп үміт күтіп отырғанын анық аңғартты. Алайда Ералы Тоғжанов пилоттық жобаның екінші кезеңіне қазынадан қаржы қарау, бағдарламаларға кіретін елді мекендердің санын арттыру жайын қозғамады. Жоба бойынша бастапқыда жылда әр ауданнан бір ауылдық округ бағдарламаға енеді деп жоспарланған болатын. Алайда соңғы екі жылда жобаға тек 3 ауыл ғана қосылған. Осының өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай.
Негізі Жамбылда жанданған жоба уақыт келе барлық өңірде жүзеге аспақ. Ералы Тоғжанов облысқа келген жұмыс сапарында жобаны «Ауыл аманаты» деп атап, өзге облыстарда да жүзеге асыруды ұсынды. Алайда пилоттық жобаның пайдасынан гөрі, әзірге пиары көп болып тұр. Егер жобаны Жамбыл жерінде жүйелі жүзеге асыра алмасақ, оны басқа облыстарда қолдану туралы айтудың өзі артық шығар.