Қошқарбаевтың ерлігі неге кеш мойындалды?
Қошқарбаевтың ерлігі неге кеш мойындалды?
599
оқылды
Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстардың бірі ретінде тарихта қалған шайқастардың бірі Екінші дүниежүзілік соғыс болды. Сол соғыста ерлік көрсеткен отандастарымыз да өте көп. Бірі баласын, бірі бауырын, бірі күйеуін осы соғыста жоғалтты. Ерлік көрсеткен аталарымыздың арасында аты аңызға айналған Рақымжан Қошқарбаев та бар. Рақымжан атамыз – алғаш Рейхстагқа ту тіккен батыр ұланның бірі. Өкініштісі, қазақтың батыр ұлының бұл ерлігі ұзақ жылдар бойы ресми мойындалмай келді. Жуковтың жалған баяндамасы Қошқарбаевтың ерлігі қайтыс болғаннан кейін ғана мойындалды. Өйткені, соғыс біткен жылдардан соң біраз уақытқа дейін Жеңіс Туын Рейхстагқа Михаил Егоров пен Мелитон Кантария орнатты деп айтылып келді. Неге? Бұл туралы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі мен өмірін зерттеп жүрген тарихшы, ғалым Қайдар Алдажұманов былай дейді: «1945 жылы соғыс біткен соң маршал Жуков бас қолбасшы Сталинге жағыну мақсатында Рейхстагқа ту тіккендердің бірі орыс ұлтынан, екіншісі Бас қолбасшының бауыры, яғни грузин ұлтынан болсын деген оймен Михаил Егоров пен Мелитон Кантария орнатты деп баяндама жасайды. Осы ресми мәлімдемеден кейін Кеңес Одағы Қошқарбаев пен Болатовтың есімдерін мейлінше елемеуге тырысып бақты», –дейді профессор Қ.Алдажұманов. Болатов Қошқарбаевқа хат жазған Лейтенант Рақымжан Қошқарбаевпен бірге жасаған осы бір көзсіз ерлігінің көпе-көрнеу еленбегені Григорий Болатовтың да көңіліне ауыр тиген екен. Тіпті, Жеңіс күніне арналған кейбір әскери шерулерге де қатыспай қойған кездері болған көрінеді. Үлкен тәуекелге барып, өз қолымен жасаған ерліктерін өзге біреуге таңып жібергені қос батырдың да жанына ауыр тигені рас. Бұл сөзімізге Қошқарбаевтың жеке архивінен табылған Болатовтың жазған хаттары дәлел бола алады. Небәрі 19 жасында Рейхстагқа Жеңіс туын қадаған Григорий Болатов өзінің қанды көйлек жолдасына жазған хатында: «Мұның бәрі қалай жалған болуы мүмкін? «Рейхстагқа ту тігіп, тірі қалсаңдар, омырауларың орденге толады» деген Зинченко мен өзге офицерлердің айтқаны өтірік болғаны ма? Өлімге бас тігіп, оқ пен оттың ортасынан оралғанымыздың өтеуі осы ма?!» – деп жазады қынжылысын жасыра алмай. Батыр атағы неге берілмеді? Тағы бір қызық дерек, Бас қолбасшы Иосиф Сталин тарапынан Берлинге дейін жеткен жауынгерлердің біразына Кеңес Одағының Батыры атағы берілсін деген бұйрық болған екен. Алайда бұл ең жоғарғы атақтан жерлесіміз Қошқарбаев та, оның қасында болған Болатов та тыс қалады. Екеуін «Қызыл Ту» орденімен марапаттаумен шектеледі. «Рақымжан ағамен көзі тірісінде жақын араластым. Ол кісінің өз аузынан естігенім бойынша, Сталиннің сондай бұйрығы болса да, басқа да лауазымды әскери тұлғалар «Берлинге дейін жеткен жауынгерлер арасынан батыр атағын соғыс бастал­ған күннен бастап, яғни 1941 жыл­дан бері майданға араласып келе жатқандарға ғана берейік» деген уәж айтыпты. Ал біздің Рақымжан аға мен оның серігі Болатов та соғысқа 1944 жылдан араласқан екен. Осы бір болмашы уәжді сыныққа сылтау етіп ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен екі ерге батыр атағын қимай қалған», – дейді тарихшы. Тәшенов әділдік сұрап, Мәскеуге хат жолдаған Маршал Жуковтың Сталинге берген бұрмаланған мәліметінен кейін Рейхстагқа алғаш Жеңіс Туын тіккен Михаил Егоров пен Мелитон Кантария деген пікір қалыптасқанымен, кейін Қошқарбаев пен Болатовтың есімі көп жерлерде ашық айтыла бастады. Оған түрлі архивтерден табылған жазбалар мен соғыстың сол бір шешуші сәтінде түсірілген көне фотокарточкалардың табылуы себеп болды. Нақтырақ айтсақ, 1958 жылдардан бастап Жеңіс туын алғаш тіккендердің кім екенін ел-жұрт біле бастаған. Артынан Қазақстан басшылығы да Қошқарбаевтай батырдың ресми іздеушісі ретінде әрекет етіп көрген. Қайдар Алдажұмановтың айтуынша, осындай нақты деректер табыла бастаған соң, 1959 жылы сол кездегі Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Жұмабай Тәшенов Мәскеуге, КСРО Жоғарғы кеңесінің төрағасы маршал Ворошиловтың атына Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі лайықты бағаланбағанын айта келіп, оған «Кеңес Одағының Батыры» атағын беруді сұрап хат жазады. Мәскеулік төраға ол хаттағы келтірілген дәйектерді таразылап, «ресми жауап берілсін» деп КСРО Қорғаныс министрлігіне сілтейді. Олар болса, Қошқарбаев пен Болатовқа Берлинді алуға қатысқан ерлігі үшін «Қызыл Ту» ордені берілгенін алға тартады. Сол себепті екеуінің ерлігі лайықты бағаланды деп санайтындарын айтып, жауап береді. Сол күйі бұл тақырып Кеңес Одағы ыдырағанға дейін жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Қошқарбаев Момышұлына мұңын шаққан Арада 13 жыл өткеннен кейін Рақымжан Қошқарбаев әйгілі батыр Бауыржан Момышұлымен кездеседі. Сол жүздесуде Рақымжан атамыз батыр Баукеңе өз басынан өткен барлық мән-жайды айтып береді. Оның Берлинде жасаған ерлігі туралы өз аузынан ес­ті­ген Бауыржан Момышұлы танымал журналист Кәкімжан Қазыбаевқа қоңырау шалып, Рақымжан Қошқарбаев жайлы мақала жазуды тапсырады. Одан кейін де Одақ көлемінде түрлі баспасөз беттерінде Қошқарбаев пен Болатовтың қайталанбас ерлігі жайлы жазылып жатты. Солай бола тұра, КСРО билігі оған «Кеңес Одағының Батыры» атағын бере қоймады. Тек Қазақстан өз алдына тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, яғни 1999 жылы Президент Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаев Қазақстандағы ең жоғары марапат – «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. Ресей билігі ресми мойындады Биыл 9 мамыр дәстүрлі Жеңіс күні мейрамына санаулы күндер қалғанда Ресейдің Сыртқы істер министрлігі өзінің Instagram парақшасында Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов туралы жазба жариялады. Онда қос батыр қызмет еткен 150-ші дивизияның жазба журналы архивтен табылғанын, ол жерде Рейхстагқа алғаш болып кімнің кіргені анық жазылғанын алға тартады. «Рейхстагқа бірінші болып кірген жауынгерлердің арасында жиырма жастағы лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен 19-ға енді толған Григорий Болатов болды. Сарбаздар қызыл жалауды өздерімен бірге ала кірген еді. 150-ші дивизияның журналындағы жазбада сағат 14.30-ға таман Қошқарбаев пен Болатов ғимараттың орталық жағына өтіп, кіреберіс жерге Жеңіс Туын орнатқаны айтылған», – деп жазды Ресейдің сырқы саясатына жауапты ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшасында. «Бұл мәселені соңғы жиырма жылда Ресей және басқа да шет елдерде өткен ғылыми конференцияларда жиі айтып жүрмін. Жақында, яғни 29 сәуір күні Новосібір қаласында «Қазақстан мен Сібір Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында» деген үлкен ғылыми конференция өтті. Сол жиынға Қазақстан атынан онлайн режимде қатыстым. Сол жерде де 150-дивизияның журналында келтірілген Қошқарбаев пен Болатовтың ерлігі туралы деректі алға тарттық. Одан басқа да деректер жетерлік. Мәселен, Мәскеудің қасындағы Подольск деген қалада кезіндегі Кеңес Одағының әскери архиві бар. Өзім сол архивте неше мәрте болдым. Сол жерден Қошқарбаев пен Болатовтың ту тіккенін дәлелдейтін бірнеше деректерді өз көзіммен көргенмін», – деді профессор. Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі кеш те болса мойындалып жатқаны қуантады. Ерлік ешқашан ұмытылмайтынының дәлелі осы болса керек.

Алматы