Үздік үштікке Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Алматы облысы кірді.
Елімізде білім беру саласында қызмет ететіндер саны 2021 жылы 1,12 млн болған. Ranking-тің хабарлауынша, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1% көп.
Сонымен қатар бір жыл ішінде қалалық жерлерде білім саласы қызметкерлерінің саны 570 мыңға дейін өскен. Ал ауылдарда керісінше 549 мың адамға азайған.
Білім беру саласы бойынша ең көп қызметкерлер саны келесідей өңірлерге тиесілі:
Түркістан облысы – 141,9 мың;
Алматы облысы – 128,8 мың;
Алматы қаласы – 95,5 мың.
Былтырғы жылдың IV тоқсанында білім беру саласындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 219,2 мың теңге болды. Ол 2020 жылмен салыстырғанда 24,2%-ке көп. Білім беру деңгейлері бойынша жалақы мөлшері төмендегідей:
ЖОО қызметкерлерінің номиналды жалақысы – 299 мың теңге;
орта білім – 246,9 мың теңге;
қосалқы білім беру қызметтері – 203,7 мың теңге;
бастауыш білім – 180 мың теңге;
мектепке дейінгі білім беру – 112,6 мың теңге.
Ең жоғары жалақы алатын қызметкерлер Нұр-Сұлтан қаласында – 344,5 мың теңге. Одан бөлек үздік үштікке Алматы қаласы мен Алматы облысы кірді. Ал ел бойынша ең аз жалақыны Батыс Қазақстан облысының қызметкерлері алады – 181,7 мың теңге.
Хабар24 мәліметінше, мұғалім жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында ұстаздар жетіспейді.