Электронды үкімет: қазақша қызмет алу қиын
Электронды үкімет: қазақша қызмет алу қиын
© коллаж: Елдар Қаба
513
оқылды
Жақында ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттік тілде қызмет алушылардың құқығы қалай сақталып жатқанын зерт­­­теу үшін сауалнама жүргі­зілген. Сұрақ-жауапқа Facebook, Instagram және WhatsАpp әлеуметтік желі­сінің 1,5 мыңнан аса қолдану­шысы қатысыпты. Жауаптың қорытындысы бойынша қа­зақ­тілділер мемлекеттік тіл­дің коммуникациялық әлеуе­тін күшейтуге бағытталған іл­кімді істерді іс жүзінде көре алмай жүргендерін көрсетіпті. Сауалнама барысында «Мем­лекеттік мекемелерден мемлекет­тік тілде қызмет немесе ақпарат ала аласыз ба?» деген сауалға 1 524 адамның 544-і «жоқ» деп жауап берген. 520 адам өзі талап еткенде ғана, яғни күресіп жүріп мемле­кет­тік тілде қызмет не ақпарат алып жүргенін айтса, 119-ы қанша талап етсе де, өз тілінде қызмет көрсетіл­мей­тініне қынжылыс білдірген. «Мем­лекеттік тілде сөйлейтін аза­мат ретінде Қазақстанда құқыңыз қаншалықты сақталып жүр?» деген екінші сұраққа сауалнамаға қа­тысқандардың бар болғаны 19,75 пайызы ғана, яғни 290 адам Қа­зақстанда мемлекеттік тілде сөй­лей­тін азамат ретінде құқы сақта­лып жүргенін айтыпты. Қалған 80 пайыздан астамы тілдік құқы тап­­талып келе жатқанын жеткіз­ген. Атап айтсақ, «Қазақстанда мем­лекеттік тілде сөйлейтін азамат ре­тінде тілдік құқыңыз қаншалық­ты сақталып жүр?» деген сұраққа 146 адам «ешқашан», 729-ы «құ­қым сақталмайды, көбіне күресіп жүріп сақтаймын», ал 309 қатысу­шы «қанша күрессем де, тілдік құ­қым тапталады» деп жауап беріпті. Соңғы «Конституциямен бек­і­тілген Мемлекеттік тіл Қа­зақ­стан Республикасының Тәуелсіздік кепілдерінің бірі деп есептейсіз бе?» деген сұрақ берілген. Сауална­ма нәтижесі көрсеткендей, Қазақ­стандағы мемлекеттік тілде сөй­лейтін азаматтардың 90 пайыз­дан ас­тамы «қазақ тілі мен елдің еге­мен­дігі бір-бірімен тығыз бай­ла­нысты» деп санайды екен. Аударма тілінен аса алмай тұр Сауалнамаға қатысқандардың жауабы «қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп келе жатыр» деп есеп бе­ретіндердің баяндамасына қа­рағанда шындыққа жанасатын сияқты. Тіл жанашыры, заңгер Жасұлан Исаның сөзінше, қазақ тілі аударма тілінен аса алмай отыр. «Себебі Үкіметтің қолда­ныс­тағы бірінші тілі – орыс тілі. Мәсе­ле осы жерде ғой. Сондықтан қазақ тілі мемлекеттің тілі болу үшін Ми­нистрлер кабинетінің мүшелері мемлекеттің тілін мең­геріп алуы қажет», – деп санайды заңгер. Бізде барлық мемлекеттік органда азаматтардың өтінішін қабылдайтын бірыңғай E-Otinish ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Дегенмен пошталық сервистерді пайдаланбай-ақ азаматтардың арыз-шағымдарын мемлекеттік ор­гандарға жеткізу уақытын қыс­қартып, бюрократия мен жергілікті жерлердегі сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік берген портал жұ­мысы қазақтілділердің құқығын сақтамай отыр. Жүйе іске қосыл­ғалы азаматтармен өзара тиімді іс-қимыл жасау үшін жұмысы жаңа форматқа көшіріліп жатыр. Жауап­­­­тылар да азаматтар тара­пы­нан айтылған ұсыныс-тілектерге назар аударып, қажет болса, қыз­мет алушы тарапынан айтылған тиімсіздік туралы ұсыныстарымен бөлісетін бөлек сервис те қарасты­рылған. Алайда ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттік тілде қызмет ала алмай жүргендердің талап-ары­зы әлі күнге дейін ескерілмей келеді. «Тіл туралы заң» талапқа сай келмей ме? Портал қызметін жиі пайда­ла­нып жүрген заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызылов: «Ақпараттық жүйенің сол жақ бағанында «электронды өтініштер» деген жазу шығады. Талай рет жүйе арқылы мемлекеттік органдарға, Президентке дейін ұсыныс-тілектерімді айтып жүр­мін. Бірақ өтініш беру кезінде жүйе­нің тілін қазақшаға аудара алмай қиналдым. Неге дейсіз ғой. Мысалы, жүйедегі қазақ тілі «элек­тронды өтініштер» деген жазудан соң орыс тілінде жалғасады», – дей­ді. Айтуынша, электронды e-mobile бағдарламасын қолдану­шы­лардың күн сайын құқығы тап­та­лып жатыр. Мысалы, сер­вис­тер тарауының «Денсаулық пас­пор­ты» бөліміндегі ақпараттар орыс тілінде көрсетіледі. Сонда Мем­лекет басшысы қол қойған «Тіл туралы заңның» талаптары кім үшін бекітілген? «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымын іске асыратын мемлекеттік орган Денсаулық са­қтау министрлігіне де бұл мәселені өтініш етіп жаздым», – дейді ол. Бірақ министрлік жүйедегі мем­лекеттік тілдің қолдану аясына қа­тысы жоғын айтқан. Сөйтіп, ақпараттық жүйе мен смартфонға арналған қосымшадағы қазақ ті­ліндегі кемшіліктер қашан рет­теле­тінін сұрап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне де хат жол­дапты. Жауаптылар әдеттегідей «Мобильдік қосымшадағы кейбір сервистердегі жолдардың мемле­кеттік тілге аударылмауына қа­тысты ескертулеріңізге байланыс­ты Денсаулық сақтау министрлі­гімен бірге жұмыстар жүргізіледі» деген дү­дәмал жауап береді. Одан бері де біраз уақыт өтті. Бірақ сер­вис тілі сол қалпы. Оң шешімі бар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, Qazaqsha Jaz қозға­лысының мүшесі Қуатбек Дүй­сенов жыл басынан бері e-tutynushy.kz және eotinish.kz тұтыну­шы­ларының құқықтарын қорғау бойынша шағымданып жүрген­дерін жеткізді. Оның айтуынша, ақпараттық жүйедегі өтініштерге байланысты хабарландырулар орысша, кейде қазақша келеді екен. Ал ақпараттық жүйеге орыс тілі мәзірінен өту арқылы тіркеледі. «Әрбір өтінішті жазған кезде жауап­тары әртүрлі келеді. Соны­мен қатар платформада әрбір өті­ніш бойынша мемлекеттік орган­дардан келетін шешімдер мен жауап­тар өтініш беру тілінде кел­мейді. Интерфейс мәзірі міндетті түрде орыс тілінде келеді. Ішіндегі жауап хаты қазақша беріледі. Кей­де мекемеге байланысты орысша да жазылады. E-Otinish арқылы хаттарға қазақша жауап келген кез­де жауаптардың сапасы сын көтер­мейді. Мысалы, шағымыма бай­ланысты келген жауаптарында заңнамалардан сілтемелер беріліп, құқықтардың тізімі жасалады. Ше­шілу жолдары бойынша нақты жауап жоқ. Бұл жүйедегі қазақ ті­ліндегі жауап тек көшіріп қоюмен шектелетінін көрсетеді», – дейді тіл маманы. Қуатбек Дүйсенов жүйедегі олқы­лықтың орнын толтыруға бо­ла­тынын айтады. Ол үшін IT ма­ман­дарды қазақша сервистерді жасақтауға міндеттеу керек. Екін­ші, IT мамандарының жұмыс стан­дарттарын жетілдіріп, мемлекеттік қызметкерлерді және А, Б корпу­сы­­на үміткерлерді Қазтест жүйесі ар­қылы мемлекеттік тілді білу дең­­гейі бойынша сынақтан тұрақ­ты түрде өтуін міндеттеу қажет. Сон­­дай-ақ қазақтілді тұтынушы­лардың құқығын қорғау бойынша заңна­маны жетілдіру де кезек күттір­меген абзал. Жауаптылар жалтарып жүр Әйткенмен, тіл маманы айтып отыр­ған істі жүзеге асыруға жауап­тылар асықпайтын секілді. Өйт­кені біз де осы материалды жазу барысында E-Otinish ақпараттық жүйесіне жауапты «Ұлттық ақ­параттық технологиялар» АҚ-на рес­ми хат жолдаған едік. Хаты­мызда қазақ тіліндегі аудармасы ақсап тұрған ақпараттық жүйенің кемшілігі қашан түзелетінін және мобильді қосымшасындағы мем­лекеттік тілдегі сервистерге қанша қаражат жұмсалғанын білгіміз келетінін көрсеттік. Бірақ «БАҚ туралы» заңның талабын өрескел бұза отырып, бір ай дегенде, оның өзінде екі қайтара сұратып алған жауаптың сиқы мынау: «eGov mobile» мобильді қосымшасы PlayMarket және AppStore-да 2019 жыл­дың қазан айында жария­лан­ды. Қазақстан Республикасы Кә­сіп­керлік кодексінің 28-бабының 3-тармағына сәйкес ақ­паратты қолжетімділік санат­та­рына жат­қызу тәртібін, комме­рция­­лық құ­пияны құрайтын ақпаратты сақтау және пайдалану шарттарын кә­сіпкерлік субъектісі айқын­дайды. Осыған байланысты қо­сымшадағы сервистік қызмет көр­сету тілін мем­лекеттік тілге ау­даруға қанша қара­жат жұмса­латыны туралы ақ­парат коммер­циялық құпия болып саналады. Қосымшадағы қызмет көрсету түрлері толығымен мем­лекеттік тілге аударылу мәселесіне қатысты eGov Mobile жобасының коман­дасы пайдаланушылардың ес­кертулеріне, оның ішінде әлеу­мет­­тік желілердегі аудармадағы қателерді анықтауға қатысты ес­кертулерге белсенді әрекет ететінін және қажетті жұмыстарды жүр­гізетінін хабарлаймыз». Айтпақшы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов «Бұрын бізде азамат­тар­дың өтініштерін қарау үшін бірың­ғай жүйе болған жоқ, сондықтан біз деректерді талдай алмадық және өтініштерді қарау процесін бақылай алмадық. Бұл ақпаратсыз өтініш берушілердің портретін жасау және мемлекеттік орган жұ­мысының сапасын бағалау қиын болды. EOtinish электронды өті­ніш­тер жүйесін енгізу осы мәсе­лелерді шешуге мүмкіндік береді» деп еді. Азаматтардың өтінішін қараудың ашықтығын арттырамыз дегендердің өзі сауалымызға жүр­дім-бардым жауап бергеніне қа­рап-ақ мемлекеттік тілде қызмет алудың алыс екенін аңғарасың.