Секундына 24 метр жылдамдықпен соққан желдің кесірінен облыстағы 4 мектеп, 1 колледж және әкімдік пен мәдениет клубы ғимараттарының шатырынан түк қалмаған. Табиғаттың тосын мінезінен, әсіресе Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы мемлекеттік нысандар бүлінген.
«Экспрес К» сайты қатты жел Шиелі ауданындағы 4 білім ұясы мен 1 колледждің шатырларын жұлып әкеткенін жазды. Ал Жаңақорғанда Төменарық ауыл әкімдігі мен Жаманбай ауылындағы мәдени клуб ғимараты шатырсыз қалды.
Тіпті, осы екі ауданда электр сымдары үзіліп, бірқатар ауылдар жарықсыз қалды.
«Зардап шеккен азаматтар жоқ. Нысандарда кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында. Қазіргі таңда қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді ТЖ департаментіндегілер.