Еліміздегі жайылым, егістік жерлерін ғарыштан бақылау жүйесінің жұмысы соңғы жылдары қоғамда қызу талқыланып жатқаны белгілі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында жауапты министрліктер мен космомониторинг операторлары тарапынан жіберілген кемшіліктерді ашық түсіндірді.
«Былтыр «Қолдау» ақпараттық порталы 22 млн гектар жер игерілмей жатыр деп шығарды. «Қазғарыш сапары» болса 20 млн гектар жер игерілмей жатқаны туралы хабарлады. Алайда бұл 42 млн га жер игерілмеді деген сөз емес. Себебі, бір азаматтың жері «Қазғарыштың» да, «Қолдаудың да» базасында тұрып, екі компания бір жерді айтып отырған болуы мүмкін. Не болмаса «Қазғарыш» ескермеген мәселені «Қолдау» ескерген болуы да ықтимал. Сол себепті нақты қанша гектар екенін айту қиын. Осыдан келіп бірнеше проблема шығады. Ауруын жасырған өледі, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да, Цифрлық даму министрлігі тарапынан да кеткен проблемалар бар екенін айтуымыз керек. Мысалы, «Қолдауда» тіркелген бір ЖШС-ның 50 мың гектар жері игерілмей жатыр десек, ол ЖШС-да 200-ге жуық пай үлескерлері болуы мүмкін. Енді аталған ЖШС-ға пай үлескерлері мал тіркейін десе, кепілге қойып жібере ме деп қорқады. Шын мәнінде пай үлескерлерінің бәрінде жер бар. Соны «Қазғарыш» немесе «Қолдау» игерілмей жатыр деп көрсетеді. Ауыл шаруашылығы жануарларын біркелкілендіру базасында бұл мәселе ескерілмей қалған. Себебі кезіндегі шаруа қожалықтарына біріктірілген пай үлескерлерінің ақпаратының электронды нұсқасы жоқ, тек қағаз жүзінде. Сол себепті қазір жеке тұлғаға тіркелген малды ЖШС-ның атына интеграция жасаумен айналысып жатырмыз. Сол кезде нақты картинаны көре аламыз. 1 шілдеден кей аймақтарда пилоттық жоба ретінде енгізіп, жыл соңына дейін толық шешу жоспарда бар», – деп түсіндірді вице-министр.
Вице-министр космомониторинг бойынша өңірлерде кездесіп жатқан проблемалардан да мысал келтірді.
«2020 жылы біз Жамбыл облысында 35 мың гектар жер игерілмей жатыр деген ақпарат алдық. Кейін тексерсек игерілмей жатқаны 17 мың гектар ғана екен. Яғни, дәлдік 50%-ға жеткен жоқ. Ғарыштық бақылау жаңадан егілген арпа, бидай алқабын анықтайды да, көпжылдық жоңышқа сияқты мәдениеттерді анықтай алмайды. Ол жерде арам шөп жатыр деп жалпылама қорытынды бере салады. Ал біз барған жерлерде көп жылдық екпелер анықталды. Одан кейін жергілікті атқарушы органдарға қатысты жер балансы мәселесі бар. Осы бойынша да қай жер егістік, қай жер шабындық екенін дұрыс көрсетпейтін жағдайлар болып, сәйкессіздік туындайды. Егер де біз осындай әрбір сәйкессіздіктерге шара қолданып, жерді қайтарып ала беретін болсақ, қаншама мыңдаған азаматтардың құқығы бұзылады. Сөзсіз, космомониторинг керек. Себебі ол жұмысты оңтайландыратын фактор, көмек құралы. Бірақ бұл жұмыстарды жүйелі түрде реттеу керек. Министрлік тарапынан жоғарыда айтылған барлық мәселелер толық зерделеніп, барлық факторларды ескере отырып, ағымдағы жылдың соңына дейін нақты бір жүйеге келтіреміз деп ойлаймыз», – дейді Ә.Тамабек.