Көкшетауда мектеп ғимаратында жарылыс болды
Көкшетауда мектеп ғимаратында жарылыс болды
386
оқылды
Көкшетауда №2 орта мектепте қатты жарылыс болды. Әлеуметтік желілерде тұрғындар ойларын сан-саққа жүгіртіп жарылысты кімдер жасады деген жел сөздер де пайда болды, деп хабарлайды Aikyn,kz порталының тілшісі. Мектептің қоймасында қолдан жасалған жарылғыш затқа ұқсас құрылғының табылғаны туралы білім ордасының шаруашылық меңгерушісі 102 телефонына хабарлаған. Дереу оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері мектеп қызметкерлерін эвакуациялап, арнайы мамандар жұмысын бастаған. Білім басқармасының ақпаратынша, құрылғы муляж болып шыққан. Ал мектеп басшылығы қандай да бір пікір беруден бас тартты. Дегенмен, кешкі 20.30 шамасында қатты жарылыстың дыбысы шықты. Әлеуметтік желі қолданушылары жарылысты қызу талқыға салып жатыр. Полиция аталған оқиға бойынша түсініктеме беріп, табылған құрылғыны тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өздері жоюға шешім қабылданғанын мәлімдеді.
«№2 мектеп ғимаратынан сымдармен жалғанған темір құрылғы табылды. Полиция қызметкерлерімен аталған аумақ қоршауға алынып, азаматтар толықтай эвакуацияланды. Жарылғыш заттар техник-мамандарымен табылған құрылғы зерттелді. Қауіпсіздік мақсатында оны оқиға орнында жоюға шешім қабылданды. Осыған байланысты барлық қажетті қауіпсіздік шаралары сақтала отырып жарылыс жасалды», - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта мектепте жедел-тергеу тобы мен полиция департаментінің жарылысты зерттеу мамандары жұмыс жүргізуде. Полиция тұрғындарды дүрбелеңге салынбай, тек ресми ақпараттарға сенуге шақыруда.