Жалпыхалықтық референдум өтетін күн жақындаған сайын оның маңызы мен мақсатын түсіндіру бағытындағы жұмыстар да қыза түсті. Осыған орай «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы ұйымдастырылды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерту енгізу жөнінде референдум жариялаған күннен бастап оған қатысты талай жиын-жиналыстар өткізілді. Қазір жалпақ жұртшылық ол туралы әжептәуір құлақтанып қалды. Әйтсе де осынау ел үшін тағдыршешті кезеңде мәселенің мәнісін тағы бір пысықтай кетудің, жеріне жеткізіп айтудың артықшылығы жоқ. Отырыстың екі тізгінін қолына алған Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров әңгіме ауанын осы тұрғыдан өрбітті.
– Біріншіден, Конституцияның жаңадан енгізіліп жатқан баптары бойынша Президенттің белгілі бір партияның немесе саяси ұйымның мүшесі болуға қақысы жоқ. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарының барлығы жоғары мемлекеттік лауазымға немесе квазимемлекеттік секторда, әсіресе ірі мемлекеттік компанияларда басқарушы бола алмайды. Сонымен бірге Президент өзінің құзырының қомақты бөлігін Парламентке, оның ішінде Мәжіліске беріп отыр. Жаңадан құрылатын жоғары Аудиторлық палата жылына екі рет Мәжіліске есеп береді. Осы есептің нәтижесінде депутаттар бюджет қаржысының жұмсалуы мен игерілу сапасы қандай, халықтың хал-ахуалын көтерудегі рөлі қаншалықты екеніне жан-жақты сараптау жасай алады. Ең негізгі өзгеріс – Ата Заңымыздың 6-бабына «Қазақстан Республикасының жері, табиғи ресурстары және жер ресурстарының барлығы халық меншігінде» деген жаңа редакция пайда болды,– деді Ерлан Саиров.
Жаңа өзгерістер легімен бірге 1993 жылға дейін болған Конституциялық сот қайта оралатын болады. Оның маңызы сонда – Конституциялық сотқа әкімдіктің, құқық қорғау органдарының, судьялардың шешімдерімен келіспеген кез келген адам арыз-шағымын жолдай алады. Бұл біздің азаматтарымыздың құқықтық қорғалуын анағұрлым күшейте түседі.
Сондай-ақ жаңа редакцияда партиялық жүйе мен сайлау үрдісіне қатысты жаңашылдық көп. Мысалы, 2008 жылдан кейін Қазақстан біржолата пропорционалдық жүйеге көшкен. Яғни, аудандық, қалалық және облыстық деңгейде сайлаушылар өз дауыстарын партияға береді, ал оның ішінен кім депутат болады мұны партияның менеджменті шешетін. Енді алдағы өзгерістерге байланысты аудандық деңгейдегі депутаттарды халық тікелей дауыс беру арқылы өзі сайлай алады, ал облыстық деңгейде ол 50/50 мажоритарлық және пропорционалдық жүйемен, Мәжілісте тиісінше 30/70 жүйемен қалыптасатын болды. Бұл демократиялық қатынастардың ең басты принципі – сайлау және сайлану құқының рөлін арттырады.
Республикалық қоғамдық кеңестің бірінші орынбасары Қайырбек Сүлейменовтің айтуынша, Конституцияның жаңа нұсқасы қоғамды демократияландыруға, сот жүйесін реформалауға, жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменін күшейтуге, сайлау жүйесінің жаңа приницптерге көшуіне, жергілікті өкілетті органдар мен Парламенттің құзыретін арттыруға т.б. жаңашылдықтарға үндейді.
– Референдум жаңа әрі әділетті Қазақстанды құрудағы шешуші қадам болып табылады. Конституцияға енгізілетін әрбір өзгеріс әрбір қазақстандықтың өміріне әсер етеді. Өйткені референдумның күн тәртібі Мемлекет басшысының сайлауалды платформасымен тікелей байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке сайланған 2019 жылы өзінің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асырып жатыр. Әлбетте ол кезде «екінші Қазақстан», «жаңа Республика» туралы ештеңе айтқан жоқ. Бұл идеяны өмірдің өзі, саяси ағыстардың ырқы күн тәртібіне шығарды. Мұның бәрі Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістерде көрініс тапқан, – дейді Қ.Сүлейменов.
Сондай-ақ жиын барысында «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері Меруерт Қазыбекова, Бауыржан Серікбаев, Асылжан Бүркіталин, Владимир Савкин т.б. сөз сөйлеп, өз ойларын білдірді.
– Жалпыхалықтық референдум – жаңа және әділ Қазақстанды құру жолындағы үлкен қадам. Бұл – ескі мен жаңаның арасындағы жолайрық. Егер біздің балаларымыз бен немерелеріміз Әділетті Қазақстанда өмір сүрсін десек, онда 5 маусым күні оған барлығымыз дауыс беруге тиіспіз. Сол үшін де аймақтарға барып жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек, – деп сөзін түйіндеді Е.Саиров.
Қорыта айтатын болсақ, Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістердің барлығы азаматтардың өз конституциялық құқықтарын толықтай жүзеге асыруының негізін қалыптастырады. Ол моральдық-құқықтық құндылықтардың негізгі постулаттарын, саяси институттардың даму бағыттарын қамтитын классикалық еуропалық үлгіге сүйенеді. Мұнда ешкімнің тарихи рөліне баға берілмейді. Қысқа қайырғанда, Конституция ел азаматтарының ортақ мүддесін көздейді. Сондықтанда Ата Заңның жаңа редакциясына қатысты бүкілхалықтық энтузиазм байқалады, тіпті баршаға ортақ ұлттық консенсус бар деп толық айтуымызға болады.