Қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеев шығармашылық қолтаңбасы жайлы «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анам-
ның оюынан үйрендім» деп әңгімелейді.
Ал шығыстанушы, араб тілінің маманы, тіл зерттеушісі Жанна Рахметжанқызын қылқалам шеберлері мен мүсіншілер ортасына алып келген – бекзат өнерге деген шексіз құштарлық, өз халқының тарихы мен мәдениетіне қызығушылық және ұлттық салт-дәстүрлерге деген кіршіксіз құрмет пен сүйіспеншілік.
Has Sanat өнер галереясының директоры, коллекционер, мәдениеттанушы, өнер зерттеушісі Жанат Рахметжанқызы Ташкент мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінің араб тілі бөлімін бітіргеннен кейін білімін Мәскеу шығыстану институтында жалғастырады. Сол уақыттары Ресей төрінде орналасқан үздік көрме залдары мен мұражайларды жиі аралап, әлемдік деңгейдегі суретшілердің шедеврлерімен танысады. Сан қырлы бояулар сырына қанығып, таңғажайып түстерден туындаған әсер уақыт өте келе, Has Sanat – Нағыз өнер галереясының ашылуына түрткі болды.
2003 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жаңа арт орталық бой көтеріп, қоғамдық негізде қызмет атқаруға кірісті. Has Sanat өнер галереясын құрудағы мақсат қазақтың төл мәдениетін дамыту және сақтау, ұлттық бейнелеу өнерін шетелдерде насихаттап, дарынды суретшілер мен шеберлерге қолдау көрсету болып табылады. Has Sanat залында дәстүрлі классикадан бастап, қазіргі заманғы авангардқа дейінгі стильде жасалған картиналар орналасқан. Қазақстандық заманауи суретшілердің «Алтын ғасыр» халықаралық жылжымалы көрмесі орталықтың маңызды жобаларының біріне жатады. Көрме 2006 жылы алғаш рет Мәскеу қаласындағы «Манеж» көрме залында таныстырылып, ары қарай Мемлекеттік шығыс халықтары өнері музейінде, Ресейдің Орталық суретшілер үйінде зор табыспен жалғасын тапты. 2007 жылы көрме Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттер астанасына жолға шығып, 10-нан астам елді аралап қайтты. Атақты суретшілердің 100-ден астам туындысы әлемдік сыншылардың жоғары бағасын алып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Түркия, Оңтүстік Корея, Иран елдеріндегі ең үздік мұражайлар мен галереяда көпшілік назарына ұсынылды.
Ш.АТЫХАНҰЛЫ