Шұбарлықтар бекерге шуламайды
Шұбарлықтар бекерге шуламайды
559
оқылды
Шымкент қаласынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Шұбар ауылының шаруасы шатқаяқтап тұр. Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты ауылдағы әлеуметтік мәселелер қордалана түскен. Шұбарлықтар мегаполиске қол созым жерде тұрып, өркениеттен сырт қалғанына наразы. Атакәсіппен күнелтіп отырған ауыл тұрғындары бүгінде төрт түлік малын сатуға мәжбүр. Себебі жа­йылым жер жоқ. Барының өзі жеке­нің меншігінде. Содан мал қолға қарап қалған. Малдың көкке ілігер сәтінде қорада ұстап, жем-шөпті сатып алып беретін шаруаның жайы түсінікті. Ал жері барлар егін салмақ тү­гілі ауласына жеміс-жидек, көкөніс еге алмайды. Оған ағын су жоқ. Арыс, Шұбар өзендері таяқ тастам жерде ағып жатса да шұбарлықтар ағын суды былай қойғанда, ауызсуға да жарымай отыр. Жарық сөнсе, су да тоқтайды Ауыл тұрғыны Жамихан Бай­па­қова ауызсу берудің үнемі тоқта­ты­луынан зәрезап болғанын айтады. «Ауызсу бір күн берілсе, бір күн тоқтайды. Жел тұрып, жаңбыр жау­са, жарық сөнсе жарықпен қоса су да жоғалады. Суға жауаптыларға ха­барлассақ, олар сусорғының істен шыққанын сылтау етеді. Кей күн­дері су 2-3 күннен соң беріледі. Біз сияқты үйде отыратын үлкен кісі­лер осындай жағдайлар жиі қай­та­лана берген соң алдын ала қам­данып бөшкеге су толтырып алатын болдық. Ал күндіз жұмыста болатын жастарға қиын. Сусыз қалады», – дейді ол. Ауызсу мен жарық мәселесінен әбден мезі болған бір топ қауым бізді ауылға су жіберетін мұнараға алып барды. Су айдайтын сусор­ғы 2012 жылы орнатылған екен. Алайда әу баста 700 абонентті сумен қамтиды деп жоспарланған мұнара қазір 1 400 абонентке тіршілік нәрін жеткізеді. Сондықтан күші жетпей­ді. Бұл туралы сол жердегі «Таза су» мекемесінің операторы Ақтай Еркінхан айтты. «24 сағат бойы су береміз. Алай­да жарық сөнген соң су да тоқтайды. Одан бөлек, ескірген 160 вольттық трансформатордың да қуаты жет­пейді. Кейде трансформатордың түтіні шығып өртенуге сәл қалады. Бірде-бір рет күрделі жөндеу көр­меген. Электриктер мұны ауыс­тыр­маса болмайтынын да ескерткен. Негізі 3 құдық бар. Бұрын 100 метр­дей қазылып, іске аспай тұрған тағы бір құдықты тазалаттық. Енді 100 метрлік құбыр алып қойдық. Қо­сымша тағы бір сусорғы қоямыз. Қысымды көбейтетін орталық­тан­дырылған сусорғы жөнделіп жатыр. Осыдан соң су үздіксіз беріледі. Бі­рақ ол үшін трансформатордың қуатын 250 вольтқа ауыстырмаса болмайды», – дейді оператор. Ал Ордабасы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық бөлімінің басшылығы транс­форматорды ауыстыру үшін «Таза су» мекемесіне тапсырма бе­рілгенін айтады. Олардың айтуын­ша, келесі айда ауыл толық сумен қамтылады. Ал Ордабасы ауданы әкімінің орын­басары Ержан Ис­май­лов был­тыр ауызсу мәселесі бұдан да күр­делі болғанын атап өтті. Биыл бұл бағытта біраз жұмыс ат­қарылып, тағы да бір құдық іске қо­сылған екен. Аудан әкімінің орын­басары сусорғы стансасының ескіріп, тозығы жеткенін растап отыр. «Шұбар ауылын электр жары­ғымен «Оңтүстік Жарық» мекемесі қамтиды. Иә, бағаналар ескірген. Біз «Оңтүстік Жарық» мекемесі бас­шылығымен кездесіп бұл мә­селені жеткіздік. Олар электр жүйе­лерін кезең-кезеңімен жаңарту жоспарына сай Шұбар ауылының мәселесін 2023 жылы шешуді жос­парлап қойыпты. Бұл мәселе де ше­шімін табатын күн алыс емес», – дейді Ержан Исмайлов. Сонымен қатар биыл ауылдағы орталық көшелер жарықтан­ды­рылады екен. Бұл да ауыл тұрғын­дарының жанына батқан мәселенің бірі болған еді. Шұңқырдан шыққан шу Шұбарлық Жүсіп Ахметов қария қордаланған мәселелерді ауыл әкіміне айтып жүргеніне бірнеше ай болса да еш нәтиже шықпағанына күйінеді. «Балалар шомылатын жер жоқ. Барын байлар қоршап алды. Шомылатын өзен аумағы да, жайылым жер де қалтасы қалыңдарға берілген. Қара халық қайда барады? Ата бабамыздан келе жатқан жерге иелік ете алмайтын болдық. Қазір жайылым жеріміздің топалаңын, шаңын шығарып бір­нәрселер салып жатыр. Жастар кеш­ке көшеде машина жарыс­ты­рады. Енді не істесін? Ауылда жас­тардың бос уақытын тиімді пай­далануды ұйымдастыратын бірде-бір орын жоқ», – деп ашынды қария. Онымен қоймай ауылдағы әр жерде қазылып, ашық-шашық күйі қалдырылған шұңқырлар да шұбар­лықтардың бас ауруына айналған. «Ауылдағы барлық көшеге газ құбыры үшін деп қазылған шұңқыр сол күйі жатыр. Оған мал да, адам да түсіп кетеді. Одан бөлек, орталық көшелерге салынып жатқан аяқ жол мен ирригациялық арықтардың сапасына көңіліміз толмайды» – дейді Рүстем Маханов. Осылайша, сапасыз салынып жатыр деп шу шығарған ауыл тұр­ғындары ирригациялық арық са­лып жатқан құрылысшылардың жұмысын тоқтатыпты. Өйткені арық­тардың бетон жабындысы бірден топырақтың үстіне төселген екен. Оның үстіне бетондардың арасы да біріктірілмеген. Бұл жұ­мыстар былтыр басталған. Ордабасы аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Асқар Балабиевтің айтуынша, газ құбы­рын тарту жұмыстары 3 жылға со­зылады. Өтпелі нысанға газ кіргізу үшін республикалық бюджеттен 656 миллион теңге қаралған. Өткен жылы оның 80 миллион теңгесі ғана бөлінген. Бұл қаржы шұңқыр қазу және құбыр тарту жұмыстарына жұмсалады. «Биыл 250 миллион теңге бөлінеді. Біз мердігер компа­нияға барлық жұмысты жиып қо­йып, ең алдымен осы шұңқырды бітеуді міндеттеп отырмыз. Биыл біраз жұмыс атқарылады», – деді бөлім басшысының орынбасары. Ирригациялық жүйелердің сапа­сына көңілі толмаған тұрғындардың жанайқайын тыңдауға жуырда аудан әкімінің орынбасары Ержан Исмайлов келіп кеткен екен. Ол мердігерге құрылысты қайта қал­пы­на келтіруге тапсырма берген. Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық бөлімінің сектор меңгеру­шісі Берік Омаров тұрғындардың талабы орынды екенін жеткізді. Шұбар ауы­лының орталығындағы Қазақ­стан көшесіндегі осынау жұ­мыстар үшін республикалық бюд­жеттен жалпы 130 миллион теңге қаралып­ты. 2 жылға өтпелі болған жұ­мыстар биыл қабылданып алы­на­ды. Біз бұл мәселе бойынша ау­дан әкімінің орынбасары Ержан Исмайловтың өзімен де тілдестік. «Жоба бойынша ол жерде әлі біраз жұмыс бар. Біз әлі қабылдап алған жоқпыз. Ертең қабылдап алғанда барлығын сме­та­лық құжатта көр­сетілгендей тексе­ріп аламыз. Әри­не, мен ол жерде құрылысшыларға біраз ескерту айтып, тапсырма бе­ріп кеттім. Тұр­ғындарға да арала­ры­ңыздан осы саладан хабары бар екі адамды комиссияға қосуды, олқылықты ескертуді ұсындым», – деді ол. Бұдан бөлек, шұбарлықтарды ауылдағы моншаның жабылып қа­луы, көшеге қоқыс тастайтын жәшіктердің қойылмауы сияқты мәселелер алаңдатады. Қалай болғанда да, барлық істі үйлестіріп, ауыл тұрғындарына жағ­дай жасау – ең алдымен ауыл әкімінің шаруасы. Бірақ мұнда тұрғындармен тілдесіп, көп істің тігісін табуға міндетті ауыл әкі­мінің жұмысы мүлдем көрінбеді. Әйтпесе шұбарлықтардың бірне­ше күннен бері көшеге шығып, шырылдап жүрген жанайқайын естір еді.

Түркістан облысы