Арманға жетуге ешқандай кедергі жоқ
Арманға жетуге ешқандай кедергі жоқ
437
оқылды
Шетелде білім алуды армандамайтын оқушы жоқ. Алайда тек дарынды балаларға арналған мектептің түлектерінің ғана емес, қарапайым мектеп оқушыларының да шетелде оқуға мүмкіндігі бар. Бүгінгі кейіпкеріміз Егор Бобров – Шымкент қаласындағы М.Дулати атындағы №8 гимназия мектебінің түлегі. Ол Литвадағы LCC Халықаралық университетіне оқуға түскен. Егор Бобровтың айтуынша, шетелге оқуға түсу кез келген оқушының қолынан келеді. Тек уақытылы дайындалса болғаны. – Орта мектепте білім алып, әлемдік деңгейдегі университетке жолдама алудың сыры неде? Дайындалуға қанша уақыт кетті? – Негізі оның қандай да бір құпиясы жоқ, бәрі қарапайым. Егер бос уақытың көп болса, өзіңе керек дүниемен айналысуға болады. Яғни, нақты керек пәндерді оқу керек. Сонда барлығы өз ретімен келеді. Дайындыққа келер болсам, шамамен 1 жылдай уақытым кетті. Мен дайындық тесттерді алып, арнайы орталықтан дайындалдым. Маған 1-2 сағат қана уақыт беретін. Қарап тұрсам, аз ғана уақыт. Бірақ пайдасы тиді. Кейде дайындыққа барғым келмейтін кездер де болатын. Ондай кезде өзіме мотивация беріп, қалайда болсын сабақтан қалмауға тырысатынмын. Соңында бәрібір нәтижесін көреді екенсің. – Көп адам тек НЗМ, БИЛ сияқты арнайы мектептерде оқымасаң, шетелге оқуға түсе алмайды деп ойлайды. Бұл қалыптасқан ойды қалай өзгертуге болады? – Менің ойымша, барлығы адамның өзіне байланысты. Оқитын жерің маңызды емес. Көбінің ойынша, қарапайым мектепте оқығандар әлемдік университетке түспейді. Өйткені сондай стереотип қалыптасып қалған. Оны өзгерту керек. Егер адамның мақсаты болса, қалаған оқу орнына түсе алады. Тіпті, Гарвард университетіне де. Бастысы, еңбекқор болсаң болды. – Не себепті LCC Халықаралық универ­ситетін таңдадыңыз? Артықшылық­тары қандай? – Біріншіден, университеттің корпус­тары, ұстаздардың сабақ беру тәсілдері ұнады. Екіншіден, оқу орнының атмос­ферасы және қаланың өзі де көңілімнен шықты. Ерекшелігі – теңіз жағасында орналасқаны. Көпұлтты университетте әртүрлі елден жастар келіп оқиды. Бұл жаңа таныстық, жаңа орта табуға үлкен мүмкіндік. Маркетологтарды дайындауға арналған оқу бағдарламалары өте жақсы жасалған. Ал артықшылығы – студенттердің білім қабі­лет­терін қарап, арнайы сынақтан өткізеді. Сынақ бойынша, деңгейіңізді анықтайды. Бұл америкалық оқу бағдарламасының екінші артықшылығы дер едім. Үшіншіден, ерекше жерде орналасқан. – Таңдаған мамандығыңыз туралы айтып өтсеңіз. – Мен халықаралық маркетинг маман­дығын таңдадам. Бұл мамандық кәсіп­орынның сауда жасау қызметін зерттеп қана қоймай, тауарларды тікелей өндірушіден тұтынушыға жеткізуге ықпал етеді. Таңдаған салам қазіргі ең сұранысқа ие мамандық деп ойлаймын. Болашақта жұмысқа бірден орналасуға мүмкіндік көп. Осы мамандық арқылы мені жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенемін. – Шетелде ағылшын тілін білу маңызды. Ал сізге тіл үйрену қиындық тудырды ма? – Әрине, бастапқы уақытта қиын болды. Бірақ уақыт өте келе үйренесің. Себебі сабақ уақытында оқу арқылы, жеңілірек болды. Тілді үйрену үшін де дайындалу керек. Үйренуге құлшынысың болса, бірден оңай бола түседі. – Хоббиіңіз қандай? – Маған поэзия оқыған ұнайды. Әр­дайым өлеңдерді жаттап, айтып жүремін. Тіпті, кей кезде өлең шығарамын. Шығармашылыққа да жақынмын. Бұрын программамен айналысатын едім. Уақыт өте келе қызығы кетті. Ал қазір кітап оқимын. Бос уақытымда компьютерде отырамын. Түрлі ойындар ойнаймын. «Спорт – денсаулық кепілі» демекші, спортпен де айналысамын. – Өмірлік ұстанымыңыз қандай? – Әрбір істің бір қайыры бар. Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Сәтсіз жағдай­лар да болады. Бірақ мұның бәрі уақытша. Кейде бір қиындыққа тап болғанда, артында бір жақсылық күтіп тұрғанын білемін. – Шетелге оқуға түскісі келетін оқушы­ларға қандай кеңес бересіз? – Арманға жетуге ешқандай кедергі жоқ. Алға қойған мақсатыңның әр бөлігіне дейін ойлап, әрекет ету қажет. Мысалы, мен де өз мақсаттарым жайлы әркез ойлап жүремін. Екіншіден, қаржы жағында ойлаңдар. Шетелде оқу қымбат. Университеттің өзі көп мүмкіндіктер береді. Сондықтан оқып жүріп, қосымша жұмыс істеген де дұрыс. Өйткені оқу әр адам баласына керек. Әрдайым ізденіс үстінде жүруіміз қажет. Бір орында тұруға болмайды. Қазір әлем тез өзгеріп жатыр. Сондықан заман ағымына сай жүріңдер едім. Жаңа технологияларды да меңгеру артық етпейді. Жан-жақты болу керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Фатима МЫРЗАБЕК