Атырау прокуратурасы аймақтағы кәсіпкерлерді тексерудің 272 заңсыз әрекетіне тосқауыл болды. Өңір прокуроры Халидулла Дәуешовтің мәліметінше, уәкілетті органдар құрылыс жұмыстарын бастау үшін табысталатын сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды бекітуден негізсіз бас тартқан.
«Жалға берілген мемлекеттік мүліктің құны заңсыз өсірілген. Атырау қаласының аумағында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер тұрғындардың әлеуметтік осал топтарын тегін тасымалдауға міндеттелген. Алайда, кәсіпкерлерге көрсетілген қызмет үшін ақы төленбеген. Қазір прокурорлық қадағалау шараларымен бұл тәжірибе тоқтатылып, тиісті мемлекеттік мекемелердің басшылары жауапқа тартылды. Кәсіпкерлік субъектілеріне артық алынған қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп, осал топ санатына кіретін тұрғындарды тасымалдауды реттеу мәселесі қарастырылып жатыр» -деп хабарлады облыс прокуроры Халидулла Дәуешов.
Оның айтуынша, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында облыстың прокуратура органдары жанынан құрылған мобильдік топтар хабарламаларға байланысты дереу шаралар қолданып отыр.
«Бүгінге мобильді топтардың сенім телефондарына 46 хабарлама түсті. Кәсіпкерлік субъектілерін қатысты 272 заңсыз тексеру тоқтатылып, 2 әкімшілік хаттама заңсыз деп танылды», -деп мәлім етті облыс прокуроры.