Түс көргені үшін 10 жылға сотталғандар болды – Хангелді Әбжан
Түс көргені үшін 10 жылға сотталғандар болды – Хангелді Әбжан
483
оқылды
ХХ ғасырда талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргіннің салқыны ұрпақ санасынан әлі де сейіл­ген жоқ. Қаншама қара шаңырақты қаңыратып, халықты бостырған зобалаң­ның анық-қанығы мен шындығы жыл сайын ашылып жатыр. Бірақ біз білмейтін деректер же­терлік. Қуғынның кесірі тимеген жер жоқтың қасы. Сонымен, қуғын-сүргін қанша жылға созыл­ған, құрбан болған адамдар саны нақты ма, оларға нендей жалған айып тағылды? Осы жөнінде тарихшы-ғалым Хангелді Әбжанмен сөйлестік. – Өткен ғасырдағы қуғын-сүргін жайын айтқанда көпшілік 1937-1938 жылдарды ғана еске алады. Яғни, осы кезеңде қазақтан шыққан зиялылардың біразы атылғанымен байланыстырады. Негізі қуғын-сүргін 1928 жылы басталып, ширек ғасырдан астам уақытқа созылды емес пе? Тіпті, оның соңын 60-жылдарға дейін ұластырып айтып жүргендер бар. Сіз қалай ойлайсыз, сол зобалаң салқыны расымен 60-жылдарға жетті ме? – Қазақ даласына қуғын-сүр­гін Ресейге бодан болуды қа­был­даумен бірге келді. Тәуелсіздігінен айырылған халықтардың бәрі тізгін кеткен соң зобалаңға ұшы­райды. Бұл – заңды құбылыс. Жат­тың өктемдігі күшейген са­йын оған қарсы наразылықтың артып, ізінше қуғынның баста­латыны анық. XVIII ғасырдағы Сырым Датұлы көтерілісінен 1916 жылғы ұлт азаттық көте­рі­лісіне дейінгі тарихымыз қуғын-сүргінмен өрілді. Патшалық Ре­сейдің зобалаңын әшкерелеп, әлемге жайып салар кез әлі келеді. Ал Кеңес заманындағы қуғынның басы 1917 жылы басталды. Ахмет Байтұрсынұлы тап басып айт­қандай, 17-жылғы Ақпан револю­циясын қазақтар қандай қуаныш­пен қарсылап алса, қазандағы дүрбелеңді сондай қорқынышпен қабылдады. Болшевиктердің би­лікке келгенін Әлихан Бөкейхан екінші Ақтабан шұбырынды, Ал­қакөл сұлама ретінде бағалаған. Көп ұзамай-ақ айтқандары айдай келді. Ресейдің байлығы мен би­лігіне ақтар мен қызылдар талас­ты, бірақ құрбаны қазақтар бол­ды. Александр Колчак та, Алек­сандр Дутов та, Ленин де, Иосиф Сталин де қазақтың мүддесіне, нені қалайтынына басын қатыр­ған жоқ. Әрқайсысы өз көздегенін жүзеге асырды. Негізінен сол бар әрекетін күш қолдану, қуғын-сүр­гінмен істеді. 1937 жылғы үлкен террор зорлық-зомбылықтың бір сәті ғана. Жалпы, қуғын Кеңес Одағы ыдырағанша жалғаса берді. 60-жылдардағы «Жас тұлпардың» тағдыры, 70-жылдары Хасен Қо­жахметтің сотталуы, 80-жылдары Қайрат Рысқұлбековтің түрмеде көз жұмуы – бәрі айтқанымыздың айғақ дәлелі. сотталғандар – Ресми деректер Қазақстан аумағында 103 мың адамның қуғынға ұшырап, 25 мыңы атыл­ғанын көрсетеді. Дегенмен бұл санға күмән келтірушілер өте көп. Мүмкін жапа шеккендер бұдан әлдеқайда көп болар? – Әзірге «құпия» белгісімен сақталған құжаттармен таныс маман ретіндегі айтарым, 103 мың адам – мұзтаудың судан шығып тұрған шағын бөлігі ғана. Қазақстан аумағында қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 1 миллионнан асып жығылады. Халық көтерілісіне қатысқан­дар­дың дені ақталмай жатыр. Соғыс тұтқындары туралы да осыны айтуға болады. Ашаршылықтан өлгендерді, босқындарды қуғын-сүргін құрбандарына жатқызатын болсақ, 6 миллион адамнан кем болмайды. 1920 жылы кеңестік Қазақстанда 6 миллион қазақ тұрған екен. Бұл статистиканы сол тұста Қазақ атқару комите­тінің төрағасы Сейітқали Меңде­шев айтқан. Ал 1939 жылы өткен халық санағы нәтижесіне көз жүгіртсек, ауылдағы қазақтар саны 1 млн 900 мың ғана, қалада­ғыларының саны жарты мил­лион­ға да жетпеген. 19 жылда бір ұрпақ өсіп шығуы керек қой. Олар қайда? Қырылып қалған! Осы апаттың қырсығынан далада мал қалмады, ауылдар қатары сиреді. Орталық Қазақстанға бара қалсаңыз, елді мекендердің арасы 100-150 шақырым екенін көресіз. Кезінде іркес-тіркес ауылдар орналасқан еді ғой. – Қуғын-сүргінге толықтай баға бермегеніміз анық. Шын­ды­ғында ол кезең көптің жадындағы жара болып қалды. Аштық қолдан жасалды дейміз, бірақ осындай дүрбелеңдер үшін бұрынғы қандай құрылымды кінәлай аламыз. Ақта­ған жөн, алайда қуғын көргендердің ұрпақтары алдында жауапкершілік бар секілді. Бәлкім, сол ұрпақ­та­рына компенсация төлеген жөн шығар? – Баға бермегеніміз жайлы дұрыс айтасыз. Егер «Кім кінәлі?» деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, 1917-1991 жылдар аралы­ғын­дағы қуғын-сүргінге басты айып­ты Мәскеу билігі, қостау­шысы Қазақстан билігі кінәлі. Қытайда, Парижде, АҚШ-та оты­рып, қазаққа қастандық жаса­ған, арандатқан күштер болған емес. Болшевиктердің социалис­тік қоғам құру ілімі, артта қалған елдердің соған өтуі күш қол­да­нумен жүзеге асырылғандықтан жұртты коммунистік идеядан жатсындырып алды. Бұл – бір. Екіншіден, капиталистік елдердің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономикалық өсуі мен әлеуметтік саясаттағы табыстары, КСРО-ның шекарада темір перде орнатуы әлем елдерін ойлантпай тұрмады. Үшіншіден, социалистік лагерьге жататын КСРО, Қытай, Солтүстік Корея сияқты елдердегі кереғарлықтар, оның ішінде қу­ғын-сүргін де ғылыми комму­низмді утопиялық социализмге айналдырды. ескерткіш Ал компенсация мәселесіне келер болсақ, Қазақстанның әле­уеті қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына компенсация тө­леуге жетпейді. Ел ішінен кезінде қуғынға ұшырамаған отбасын таба алмайсыз. Менің ойымша, дұрысы Қазақстандағы социалис­тік құрылыс, қуғын, ашаршылық, Алаш қозғалысы жайлы саяси бағдарламалық ресми құжат қа­былдау керек. Біз әлі күнге дейін екіұдай сөйлеп жүрміз. Бірде социализмді мақтаймыз, бірде даттаймыз. Осының аражігін ашу керек. Филипп Голощекинді, Ле­вон Мирзоянды қара тақтаға жаз­дық. Сол қатардағы Ораз Исаев­ты, Жұмабай Шаяхметовті ұлт мақтанышына айналдырдық. 30-жылдардағы қазақ билігінің ақсақалы Ұзақбай Құлымбетовті Ақтөбе өңірі ғана ұлықтайды. Ал Ырғыздың тумасы Темірбек Жүр­геновті одан он есе артық ұлық­тайтын болдық. Әділдік қайда? Ұмытылғандар тізімі өте ұзын. Ұлттық тарихымыздың күрмеуі күрделі мәселелері бойынша бе­делді комиссия құрып, нақты тұжырымдама қабылдау керек шығар. Мен тарихи бірізділікті құптап отырған жоқпын, тарихи санамыз ақиқат пен әділдік тұғы­рында қалыптасқанын қалаймын. – Қуғын көріп атылғаны бар, қамалғаны бар, былай да болмашы айыппен сотталғаны бар, бәрі КСРО-ның қылмыстық баптары бойынша кетті. Яғни, қазір ол жат, бөлек, бұрынғы бір кезеңдегі басқа елдің тергеу жүйесі саналады. Қалай ойлайсыз, сонда біз әлі күнге КСРО баптарын жиі ескеріп жүрген жоқпыз ба? – Қазақстанның қазіргі қыл­мыстық кодексі Кеңестік жыл­дардағы қылмыстық кодекспен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Кеңестік кодекс 1922 жылы қа­былданған екен. Ондағы 58-бап тармаққа бөлінбеген. Ал арада 4 жыл өткенде осы 58-баптың жиыр­маға жуық тармақшасы бол­ды. Және бәрі ең ауыр жазаға жол ашқан. Мынандай парадокс бар. «Егер жауапқа тартылған адам­ның қылмысы дәлелденбесе, ол адамды 6 айға абақтыға жабуға болады» дейді. Көрдіңіз бе, адам­ның ешқандай құқы жоқ, бір рет күдікке ілікті ме, болды, қамала береді. Әркім болмашы айыппен сотталды. Мына бір факт еске түседі. Семей өңірінде тұратын қарапайым қазақ түс көріпті. Тү­сінде көп жылан көрген. Ерте­ңінде түсін жұмыстағыларға айтқан екен, тыңдаған біреуі «жы­лан суық жәндік қой, биыл қыс жылы болатын шығар» деп жориды. Екіншісі сол әңгіменің тонын айналдырып, «Кеңес елін жыланға теңеді, көп ұзамай құ­лайды» деген мағынада сөз айтты деп, тиісті мекемеге жет­кізеді. Сөйтіп түс көрген адам 10 жыл арқалап кете беріпті. Кремль басшылары қуғын-сүргінді әмбе­бап амал ретінде түсінді. Өздерін ешқашан кінәлі санаған емес. Мәселен, 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың ең шарықтаған тұсы 1932 жыл еді. Сол жылы 17 қыркүйекте Орталық комитет «Қазақстанның ауыл шаруашы­лығы туралы, оның ішінде мал шаруашылығы туралы» қаулы қабылдады. Құжаттың аты айтып тұр. Кремльге қымбаты адам емес, бағалысы мал ғана екен. Тура сол 1932 жылы қарашада Иосиф Сталин мен Вячеслав Мо­лотов қол қойған телеграмма Қа­зақстанның басшылығына келіп түсті. Онда былай айтылған: «егер астық тапсыру жоспарын орындамасаңыздар, сіздерге қу­ғын-сүргін шараларын қолда­намыз». Сонда қуғын-сүргінге сүйенгендік шеттен шыққаны сонша, басқаша ойлаудан да қалған екен ғой. Әрине, КСРО-ның 58, 59-баптарын қазір ешкім басшылыққа алып жұмыс істе­мейді. Бірақ сол «рухтан» алыс­тамаған заңгерлер бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасымен құрбандарды ақтау жүріп жатыр. Осы жұмыс бастал­ғаннан бері жекелеген заңгерлер ең алдымен қуғын-сүргінге бай­ланысты қабылданған, астыққа байланысты қаулы мен заңдардың күшін жою керек дейді. Құдай-ау, ол заңдар түгілі қазір мемлекеттің өзі жоқ қой. Жоқ мемлекеттің ке­зінде күші жойылмаған заңда­рын «жойдық» деп жариялап оты­ру кімге керек? Біз сонда кім­нен қорқып, кімге жалтақтап отырмыз? Кететін билік кетті. Енді олардың «мұрасына» жал­тақ­тамай, өз заңымызбен қуғын-сүргіннің мәселесін шешуіміз керек. Бір қызығы, 1993 жылы қабылданған «Қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау туралы» заңда «қолына қару алып кеңес үкіме­тіне қарсы күрескендер ақтал­майды» делінген. Осы заң әлі жұмыс істеп тұр. Сонда қолына қару алудан басқа амалы қалмаған адамдарды біз қарулы күреске барды деп ақтай алмасақ, қандай әділеттілікке жол ашамыз? Осын­дай парадокс әлі тірі, құтылатын уақытымыз әлдеқашан өтіп кет­кен. Бағана Иосиф Сталин мен Вячеслав Молотовтың теле­грам­масын айттық қой, сол зілді бұйрық келгеннен кейін тура 3 күнде қазақ билігі Мәскеудің бұй­рығын орындау үшін мынандай шаралар белгілейді: біріншіден, қара тізімге кірген ұжымшарларға несие беру тоқтатылсын, бұрын берілген несиелерді мерзімінен бұрын қайтарсын. Екіншіден, астық даярлауға қарсы шыққан­дарды арнайы органдар құзырына алу. Үшіншіден, оларды солтүстік облыстарға жер аударуды қарас­тыру. Мінеки, Мәскеудің ақ деге­ні де, қара дегені де әділдіктің, ақиқаттың соңғы үлгісіндей қа­былданды. Олар адам тағдырына басын қатырған жоқ, Қазақстан­дағы «жаппарқұлдары» да алысқа бармады. Бізде Левон Мирзоянды ашаршылыққа қарсы күресте келе сала көп іс атқарды деп жа­тады. Мұны жоққа шығаруға болмас, дегенмен Мирзоянның өзі 1933-жылдың басында, қаң­тарда келді, ал ашаршылыққа байланысты партияның пленумы 6 айдан кейін шақырылды. Жарты жыл бойы ашаршылыққа баға да берілмеді, кезек күттірмейтін ша­ралары да атқарылмады. Қазақ даласын билеп отырғандар Мәс­кеуден үлгі алып, соның құзы­рынан шыға алмай, ең сұмдық апатпен күресуде не табандылық, не кемелдік көрсетпеді. Біз тарих­ты ашығымен айтсақ, тарихи сана да дұрыс қалыптасар еді. атылғандар – Ал Қазақстанның аумағынан тыс жерлерде қуғын көрген қа­зақтардың жайы ұмыт қалғандай. Мәселен, өткен ғасырдың 70-жыл­дарына дейін Қытайда, әріге барсаңыз Моңғолия жерінде қуғын көрген қандастар көп болды. Оларға да тарихи баға берудің қа­жеті бар шығар? – Бұл – өте қиын мәселе. Өйткені оларды жазалаған ел – тәуелсіз ел, өзінің заңы бар, конс­титуциясы бар, біз оған «мына заңың қате, ана заң дұрыс» деп айта алмаймыз. Егер қуғынмен адам құқы тапталып жатса, сол заманда наразылық білдіру керек еді. Енді арада жарты ғасыр ша­масындай уақыт өтіп кеткеннен кейін біздің баға бергеніміз сол елдің ішкі ісіне араласумен пара-пар. Біреудің ішкі мәселесіне ара­ласуға хақымыз жоқ. Бірақ зерт­теулерде, жекелеген еңбек­тер­де бұл мәселе айтылып жатса, мысалдар келтіріліп жатса, ешкім қарсы болмайды. Нәбижан М­ұ­хамедханұлы атты тарихшымыз бар. Қытай тілін біледі, дерегін оқи алады. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Қытайға өтіп кеткен қазақтардың ауыр хәлі туралы қытай деректерін сөйлете отырып еңбек жазды. Міне, бұл – құптауға тұратын шаруа. Қандастарымыз, бауырларымыз туралы айтқанда жекелеген адамдар дауысын кө­терсе болады. Мемлекеттік дең­гейде бұрынғыны бұлдау пәтуалы бола бермейді. Тарихшылар өз міндетін сапалы орындаса жаман болмас еді. – Әңгімеңізге рақмет!