Екатерина Кузнецова: Қазақтар оқымаған, сауатсыз дегені – өтірік
Екатерина Кузнецова: Қазақтар оқымаған, сауатсыз дегені – өтірік
КАРЛАГ-та тұтқында болғандардың дені өмірден өтіп кетті. Көзі тірісі шетел асып кетсе, енді бірі сол бір зұлмат жылдарды еске алғысы келмейді. КАРЛАГ тұтқындарымен кездесіп, тілдесіп, мұражайдың ашылуына себепкер болған журналиспен сөйлескен едік. Қазір Екатерина Кузнецованың жасы 80-нен асқан. Оның «Карлаг: по обе стороны колючки», «Карлаг: меченые одной метой» және «Кровавый тридцать седьмой. Репрессированный Казахстан» деген кітабы бізде ғана емес, Қытай мен АҚШ-та да жарық көрді.  

Қараусыз қалған КАРЛАГ

– КАРЛАГ жайында бір емес, бірнеше кітап жаздыңыз. Тұтқындармен, тіпті ла­герьде жұмыс істеген қызметкерлермен кез­десіп, әңгімелестіңіз. Біраз архивті де ақ­тардыңыз. Мұның бәрі сіздің кітаптарыңызда ашық жазылды. Жалпы, ең алғаш КАРЛАГ-қа қалай жол түсті? – КАРЛАГ-қа 1988 жылы бірінші рет келдім. Көктем еді. Жерде әлі қар жатқан, айнала батпақ, аяғыңды әрең алып жүресің. Сол кезде облыс әкімінің қызметкерлері, Мәдениет басқармасының басшысы, мар­құм жазушы Жайық Бектұровтан құрылған бір топ болып, танысуға бардық. Сөйтсек, оған дейін бұл ғимарат пионер лагері бол­ған екен, грек азаматы еденіне мәрмәр са­лып, ойын-сауық үйін жасамақ болған. Ке­йін ақшасы таусылды ма, кім біледі, құ­рылысы тоқтаған. Артынан «Бригантино» балаларға арналған сауықтыру кешеніне айналған. Біз келгенде ғимарат қаңырап, бос тұр­ды. Қараусыз қалған, есік-терезелерін тақ­тайшалармен шегелеп тастаған. Сон­дықтан ішіне кірмедік, тек ғимараттың ай­наласын араладық. Сонда байқа­ға­ны­мыз, айналаны қоршаған ағаштың бәрін тұтқындар отыр­ғызған екен. Ұмытпасам, сол кезде бізге экс­­курсия жасап, алып жүр­ген Долин ке­ңесінің төрағасы Ши­ро­ков Иван Яковлевич еді. – КАРЛАГ-ты зерттеуге не түрткі болды? – Бұл тақырыпқа қатты қызықтым да, бір аптадан кейін сол жаққа қайта бардым. Автобустар ағылып жатты. Тұрып жатқан­дар көп екен. Егістік егіп, бау-бақша салып тастаған. Содан ғимаратты айналшықтап, ішіне бас сұғатын жол іздедім. Бір уақытта тақтайшалармен қағылған терезенің ара­сынан жарық жалт еткендей көрінді. Іргесі биік ғимарат қой, үстіне шығып, терезені тарсылдатып ұра бастадым. Біраз уақыттан кейін ар жақтан біреу сығалағандай болды. Тақтайшаның біреуін итеріп, бір ер адам басын шығарды. Ұлты – қазақ, жасы келіп қалған егде адам екен. Фамилиясы – Жа­манбаев, сол жердің күзетшісі көрінеді. Өзі тарих пәнінің мұғалімі екен. «Саған не керек, не іздеп жүрсің?», – деді ол. – Ішін көргім келеді, – деп едім, – Те­ре­зеден кіре алсаң, кір, – деді. Сөйтіп ғи­маратқа терезеден кірдім. Іші тас қараңғы, жарық жоқ. Бірақ күзетшінің қолында фо­нары бар, сонымен бәрін аралап, көр­сетті. Кенеттен күзетші: «Сен Назарбаевқа хат жаз, тарихи ғимараттың құрдымға кет­кенін жеткіз. Мынаны мұражай етсін», – деді. Ол кезде Министрлер кеңесінің төр­а­ғасы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Ол бұған дейін Обком партияның екінші хатшысы болған. Уақытында «Индустриалды Қара­ған­ды» газетінің насихат бөлімін басқарған­дықтан, онымен жұмыс бабымен таныс едім. Сөйтіп, Назарбаевқа хат жазып, тұт­қындардың зейнетақысын аз да болса, төлесе деген ұсыныс айттым. Содан бастап олардың зейнетақысына 50 сом төлене бастады.  

Мұражайға қалай айналды?

– Сонымен, ғимарат қай кезде КАРЛАГ-тың мұражайына айналды? – Ол кезде тұтқындардың бәрі тірі. Тұтқынға өрімдей жастар түсті ғой, алды 50-де еді. Бәрі Долинкада тұратын. Олардың басқа жаққа кетуіне мүмкіндік бермеген. Кейінірек біздің топқа Ермұхамет Ертісбаев қосылды. Мамандығы бойынша тарихшы, медициналық училищеде жұмыс істеді. Ар­тынан Архитекторлар одағы, Суретшілер одағы, Жайық Бектұровтың басшылық еткен Жазушылар одағының мүшелері қа­тарымызға қосылды. Алматыда «Әділет» қо­ғамын құрдық. Бастапқыда «Қазақстан ме­мориалы» деп атағанбыз. Сөйтіп, 90-жыл­дардың басында музей ашу мақса­тында ғимараттың жөндеу жұмыстары басталды. КАРЛАГ – КАРЛАГ қандай болған екен? – Долинкада бірінші және екінші ла­герьдің екі бөлімі болды. Онда ер-азаматтар мен әйелдер отырды. Әуелде ауыл шаруа­шылығына бағытталған лагерь болды. 1931 жылы партияның Орталық Комитеті Қарағандыдан ірі көмір бассейнін салу туралы шешім шығарған. Ал оған білікті мамандарды тартудың жолын Сталин тез тапты. Донецк шахтерлері секілді өзге жақ­тан мамандарды қамауға алып, бірте-бірте КАРЛАГ-қа әкеле бастады. Сөйтіп, олар құл секілді шахтаға жұмысқа салынды. Оның үстіне, жұт заманы. Жер құрғап, егістік шықпады, мал қырылды. Ашар­шы­лық басталды. Сол кезде Қарағандыда шах­та ашылып, онда жұмыс барын естіген халық осында ағылды. Жұмыс болса, аш қалмайтыны белгілі еді. КАРЛАГ қанатын кеңге жайды. Бастапқыда жеті бөлімнен тұратын лагерь 21 бөлімге көбейді. Құра­мына Жезқазған кірген. Степлаг кейін 1949 жылы құрылды. Ресми мәлімет бойынша, КАРЛАГ арқылы миллионға жуық тұтқын өзге лагерьлерге өткізілген. Салдарынан КАРЛАГ тұтқындар, қара жұмысшылар, жер аударғандар мекеніне айналды.  

Тұтқындарға көмектескен лагерь басшысы

– Естеліктерді қалай жинадыңыз, әрқай­сысымен жекелеп кездестіңіз бе? – Алғашында әрқайсысын өзім іздеп, үйлеріне барып, айтып беруін өтінетінмін. Олар бұған дейін ешкімге ештеңе айтпаған. Өйткені лагерьден шығарда көрген-білге­нін, бастан кешкені жайында айтпауға қол­хат толтырған. Алда-жалда айтса, қайта 25 жылға қамалатын болған. Сондықтан КАРЛАГ-тан шыққандардың ешбірі тіс жармады. Тек 1956 жылы Хрущев биліктен кеткенде, тұтқындар ақтала бастады. Ке­йін­гі жылдары өздері редакцияға келіп, ай­татын болды. Соның ішінде тек қазақ­тардан беріге дейін үн шықпады. Өздерін қалай қинағанын, қандай режиммен өмір сүргенін айтқанда, шашың тік тұрады. Аш тұтқындар тамақты күл-қо­қыстың ішінен іздеп, қалған сүйек-саяқты жеген. Бірде оларды бұзылған балықпен тамақтандырып, бүкіл ауыл уланып, біразы қырылған. Түрме қызметкерлеріне азық-түлік жіберілгенімен, кейбірі ұрланған. Содан тұтқындарды қалған-құтқанмен та­мақтандырған. Тұтқындарға ботқаны ма­лға берілетін, тазаланбаған арпадан да­йындаған. Тұтқындар оны «коңыр көздер» деп атаған. Артынан көгерген картоп пен орамжапырақты қуырып берген. Сөйтіп аяусыз жұмысқа салынған. Бәрінің айтқаны – лагерьдің іші өте суық болған, дұрыс тамақтандырмаған. Бір сөзбен айтқанда, өлместің күнін көрген. Жұмыс күші болғандықтан оларды өлтір­меуге тырысқан, бірақ аштықта ұстаған. – КАРЛАГ-та тұтқындарды бақылаған күзетшілермен, лагерь басшыларымен кез­дестіңіз бе? Олар не айтты? – Ең қызығы, лагерь қызметкерінің бә­рі Долинкада тұрды. Олардың барар жері, басар тауы болмады. Оған қоса, тұтқын­дарды қинап, азаптағаны үшін жауапқа тартыламыз деп қорықты. Заманында олар – лагерьдің патшасы, тұтқынға не істесе де ерікті. Бақылаушы мен күзет қана емес, сарбаздар мен офицерлердің көбі оқымаған еді. Әртүрлі адамдар болған соң, олардың арасында да 58-баппен «халық жауы» деп тұтқындалғандардың бәрі бірдей кінәсіз екенін білді. Тіпті, кейбір лагерь басшылары олардың түрмедегі өмірін жеңілдетуге тырысқан. Мәселен, АЛЖИР лагерінің басшысы Сергей Василиевич Бариновпен кездесу үшін Ақмола облысындағы Малиновкаға бардым. Кезінде АЛЖИР КАРЛАГ-тың 26-бөлімі болған. Қартайып қалған зейнет­кер еді. Ұнағаны – тұтқындарды жаманда­мады. Кезінде қоластында болған тұтқын­дардың есімін тізіп берді. Сөзінің рас-өті­­рі­гін білу үшін сол тұтқындарды іздеп таптым. Көбі Ресей асып кеткен. Солармен хат алы­сып, сөйлестім. Олар да соның сөзін растады. КАРЛАГ мұражай Заманында тұтқындарға жылына бір рет қана ағайын-туғандарына хат жазуға рұқсат етілген. Одан басқа тілдесуге мүмкіндік бе­­рілмеген. Міне, соны біле тұра лагерь бас­шысы тұтқындарға көмектескен. «Мәс­кеуге іссапарға бара жатырмын, не бере­сіңдер?» деп, олардан тірі екенін білдіретін қолдан жасалған дүниелерін, орамалын мекенжай бойынша жеткізген. Онда да есікті қағып, ашқан бойда ештеңе айтпастан затты ұстатып кетеді екен.  

Карлаг балаларын күзетшілер бауырына басқан

– Карлагта туған балаларды таба ал­дыңыз ба? – Қарағандының маңайындағы КАРЛАГ-тың бірінші және екінші бөлімі қала ішіндегі орталық лагерьге іргелес еді. Кейін ол жер Қарағанды совхозына ай­налды. Онда тек әйелдер жұмыс істеді. Сол жерде перзентхана, балабақша болды. Ер-азаматтар мен әйелдерді қанша бөлсе де, олар кездесті, сәбилі болды. Міне, осы ба­лалардың тағдыры қызық. Кезінде Вик­тор Гарецкий деген кісі КАРЛАГ-та туған балалардың тізімін жасап, олардың туыс-туғандарын іздеп жинақтаған. Өзі ақпарат­тық орталықтың басшысы еді. Кез келген адам өзінің өткенін іздеп, еркін қарайтын. Соның арқасында қаншама жан өткенімен танысты, туысын тапты. Кейін орталық облыстық прокуратураға өтісімен, оған жол жабылды. Бірақ КАРЛАГ-та туған балалардың бәріне ен салынған. Яғни, туу куәлігінде ту­ған жері дегенге «Долинка ауылы» деп жаз­ған. Ал тегіне әкесі көрсетілмеген. Тек сәбидің анасының аты-жөні жазылған. Сон­дықтан балалардың талайы ата-ана­сынан қол үзіп, табылмады. Алматыда До­лин­ский деген азамат табылды. Ол осы жердің тумасы болуы мүмкін. Негізі 90-жыл­дардың басында өзінің кім екенін тауып беруін сұраған талай балалардан хат келді. – Зиялылардың балаларын лагерь қыз­меткерлері асырап алды дегені рас па? – Осыны маған Николай Попов деген КАРЛАГ-тағы арнайы бөлімнің басшысы айтты. Тұтқындардың тағдырын солар ше­шетін. Яғни, бұл бөлімді өз ішінде «Гестапо» немесе «Чекистский отдел» деп атады. Зей­нетке шыққаннан кейін, ол Долинкадағы Речная көшесінде тұрды. Үйіне барғанымда өзі дәлізде отырды. Ал кіреберісінде кеудесі орденге толы портреті ілулі тұрды. Сөйтсем, өзі төрт жыл соғыста болған, кейін КАРЛАГ-қа жіберілген. Әңгімесінің бәрі лагерьдегі қылмыскерлер жайында, сөзін бөлмедім. Артынан «маған қылмыскерлерді емес, халық жаулары жайында бар шындықты айтсаңыз» деп едім, үн-түнсіз қалды. Сол кезде түпкі бөлмеден бір әйел шы­ғып, «Сайтан алғыр, баланы алдап, өтірікті судай ағызба! Оларды қалай қинағаныңды айт» деп айқай салды. Сөйтсем, ол – оның әйелі, өзі де кезінде әйелдер бөлімін бас­қарған. Екеуміз түн ортасына дейін әңгі­мелестік. Соңында «КАРЛАГ-та туған ба­лаларға не болды?» дегенімде, «Біз оларды негізі балалар үйіне тапсыратынбыз. Екі жасқа дейін Долинкадағы балалар үйінде болатын. Одан кейін басқа балалар үйіне жі­беріліп, мектепке дейін сонда тұрды. Ар­тынан облыс аумағы бойынша орналасқан балалар үйіне тапсырылатын. Негізі көп балаларды лагерь жұмысшылары өздері асырап алған. Әсіресе, «қатерсіз балалар» деп қылмыскердің емес, зиялынікін бауы­рына басқан. Өз атына жазып алған соң, оларды артынан таппай қалатын», – деді ол.  

«Халық жауы» деген атасын ақтап алған немере

– Сөз арасында қазақтар беріге дейін КАРЛАГ жайында айтпады деп қалдыңыз. Шындықтың беті ашылған оқиға бар ма? – Қазақтардың жақындарын іздеп, ашық айта бастағаны 93-жылдардан бас­талды. Байқағаным, сол кезде қазақтардың түрмеге түскені негізінен өрімдей жастар еді. Арасында қариялар да болды. Сол қарт­тар кезінде 1918 жылдардағы революцияның көзін көрген 20 мен 30 аралығындағы жас­тар екен. Соны ұмыттыру үшін олардың көзін құртқан. Сөйтіп «қазақтар оқымаған, сауатсыз, жазу-сызуды білмеген, олардың көзін ашқан «Кеңес үкіметі» дегенді санаға сіңірген. Оның бәрі – өтірік. Салт-дәстүр, мәдениет, интеллигенция – қазақтың қа­нында бар дүние. Сол кездің адамдары сен­гіш келген ғой. Кеңес үкіметі айтты, соны орындайды деп сенген олар. 1930-1932 жылдары Қарағанды қалалық кеңесінің бірінші төрағасы болған Кәрібоз Шектібаев Солтүстік Қазақстанда жауапты қызметте жүргенде қуғын-сүргінге ұшыра­ған. Контрреволюциялық әрекеті үшін айып­талған. Сондағысы Қарағандыда ашар­шылық жылында шахтерларды, қара жұмысшыларды аман алып қалу үшін қолындағы малды сойған. Ол болмағанда шахтадағылар аштан өлетін еді. Бірақ бұл әрекеті бірден Кеңес үкіметінің бақылуына түсіп, оны бірден соттап жіберген. Үкімді жария ете салысымен санаулы сағатта Ал­м­аты түбінде атып тастаған. Бұл 1938 жыл­дың 9 наурызы еді. Ал үй ішіне «екіжақты өкпе қабынуынан көз жұмды» деп 1944 жылы хабар берген. Оның ісі 1934-те басталып, 1937 жылы жабылған. Бар-жоғы іс он үш беттен тұрған. Кәрібоз Шектібаевтың шөбересі Әнуар маған хат жазбағанда оның анық-қанығын білмес едік. Араға 70 жыл салып, Кәрібоз Шектібаевтың халық жауы емес екені анық­талды. Соның арқасында шындықтың беті ашылды. Осы жазбаның бәрі архивте сақталған. Әкесінің кінәсіз екеніне сенген ұлы Өрікбай осы күнге дейін оның паль­тосын көзінің қарашығындай сақтап кел­ген. Міне, осындай қаншама боздақтарымыз қыршынынан қиылды емес пе?! – Әңгімеңізге рақмет!