Қазақ жеріндегі мемлекеттілік тарихының 3 мың жылғы тарихы бар дегенде біз оны ең бірінші Қазақстан аумағынан табылған тарихи деректермен, оқиғалармен байланыстырып айтамыз. Сол себепті көне ескерткіштер мен жәдігерлерге тіл бітірген археология ғылымының маңызы зор. Болашағымызды бағдарлау үшін өткеннен сабақ алу қажет. Осы тұрғыдан алғанда ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының басшысы, РhD докторы Айбар Қасенәлінің айтары аз емес.
– Айбар Ерланұлы, кейінгі кездері еліміз бойынша Ұлық ұлыс тарихына қатысты зерттеулер қызу жүргізіле бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қазақ тарихының ажырамас бір бөлшегі ретінде Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы мәселе көтерді. Сіздің осы тақырыпты қаузап жүргеніңізді білеміз. Сол туралы айтып берсеңіз.
– Иә, кейінгі кезде Алтын Орда тарихына қатысты зерттеулер жандана түскені рас. Бұл зерттеулер ертерек уақытта да болған. Бірақ қазір ерекше реңк алды. Алтын Орда уақытының ескерткіштерін зерттеу кеңестік кезеңде тұралап қалған. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары да оған көп көңіл бөлінбеді десек те болады. Тек 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауға сапары барысында осы тақырыпты көтерді. Президент ұлы ханның үлкен ұлы Жошы хан кесенесінің қазақ жерінде тұрғанын тілге тиек ете тұрып, Ұлытау өңірін мәдени туризм тұрғысынан дамытуды тапсырды. Ал бұл шаралар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында жүргізілуі керек деген болатын.
Алтын Орда тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен біздің ғылыми топ он жылға жуық уақыт бұрын бастады. Оның ішінде Алтын Орда мен Қазақ хандығы уақытына жататын Ұлытау жеріндегі Жошы хан, Алаша хан, Аяққамыр, Болған ана, Талмас ата кесенелері, одан бөлек, Қорғалжын өңірінде Жәнібек кесенесі мен Бытығай кешенінде қазба жұмыстары атқарылды.
Жошы хан мен Алаша хан кесенелерін ертеректе академик Әлкей Марғұлан зерттеген еді. Біздің зерттеу жұмыстарымыз заманауи зерттеу әдістерін қолданумен ерекшеленеді. Оның ішінде радиокөміртектік сараптама, палеогенетикалық сараптама, яғни көне ДНҚ, қосымша антропологиялық зерттеулер бар. Ал Аяққамыр мен Болған ана кесенесіндегі зерттеулер алғаш рет жүргізілді. Бұлардың ішінде ең алдымен Болған ана кесенесі туралы бөле-жара атауға болады. Зерттеу жұмыстары барысында Алтын Орда уақытының рухани және мәдени өмірінен хабар беретін тың археологиялық деректер алынды. Мәселен, антропологиялық материал, көне текстиль, бағалы металдан жасалған бұйымдар, былғары етік және тағы да басқа құнды жәдігерлер. Бұл жәдігерлерді қалпына келтіру бойынша халықаралық ғылыми топ бірнеше жыл қатарынан еңбек етті. Нәтижесінде Болған ананың антропологиялық реконструкциясы жасалды. Бұл реконструкция археологиялық және антропологиялық деректерге негізделген гиперреализм әдісі қолданылған Қазақстандағы, мүмкін әлемдегі алғашқы реконструкция. Ал жібек шапан жаңғыртпасы туралы айтсақ, ол – Жошы әулетіне тиесілі жаңғыртылған жалғыз шапан дей аламыз. Қазір бұл жәдігерлер Қарағанды облысы тарихи-өлкетану музейінде арнайы экспозицияда тұр.
Жоғарыда аталған зерттеулер бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлына екі рет баяндалды. Алғашқысы 2019 жылы Қарағанды облысына ресми сапары барысында Жошы кесенесінде, одан кейінгі 2021 жылы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің ашылуында.
Былтыр Ұлытау жеріндегі Талмас ата кесенесінде зерттеу жұмыстары жүргізілді. Құнды тарихи жәдігерлер табылды. Қазір бұл жұмыстардың тек алғашқы сатысы ғана жүргізілген, яғни әлі толық аяқталған жоқ. Ол жерде археологиялық жұмыстардан бөлек, консервациялық және реставрациялық жұмыстар, музейлендіру жұмыстары жүргізілуі керек.
– Алтын Орда тарихынан бөлек, Қазақ хандығының ескерткіштерін де зерттеп жүргеніңізді білеміз. Соның ішінде елорданың іргесіндегі Қорғалжын өңірінде қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған Жәнібек хан жатыр деген әңгіме бар, осы сөз қаншалықты рас?
– Қазақ хандығы кезеңі археологиясы деген – өте қиын тақырыптардың бірі. Елімізде кенжелеп қалған бағыттардың бірі десек те болады. Көп жағдайда Қазақ хандығы дегенде біз тек Қазақстанның оңтүстігіндегі үлкен-үлкен ортағасырлық қалалардың атымен, ол жердегі зерттеулермен ғана шектеліп қаламыз. Ал далалық аймақтағы зерттеулерге келгенде өкінішке қарай мардымды зерттеулерді айта алмаймыз. Кезінде археолог Кемел Ақышев бұл кезең ескерткіштерін зерттеп, бірқатар еңбек жариялаған болатын. Солардың қатарында Бозоқ қалашығын айтуға болады. Ендігі бір ескерткіштер, ол – Жәнібек кесенесі. Бұл ескерткіш 2009 жылы табылып, сол жылы К.Ақышев атындағы Археология институты қызметкерлері зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жетекшісі – белгілі ғалым Марал Хабдулина. Зерттеу 2010 жылы да жалғасын тапты. Тек 2020 жылы Ақмола облысы әкімдігі қолдауы арқасында ол қайтадан жалғасып, аяқталды десек болады. Зерттеу барысында бірнеше жерлеу орны ашылды. Антропологиялық деректермен қоса, нумизматикалық коллекция шықты. Зерттеу жұмыстарының толық спектрі жүзеге асты. Халықаралық зертханаларда сараптамалар жасалды. Ескерткіштің уақыты анықталды, антропологиясы зерттелді, реконструкциясы жасалды.
Ендігі кезекте бұл кесенеде кім жерленген деген заңды сұрақ туындайды. ХХ ғасырдың басындағы карталарды бұл жер «м. Жанибек» деп көрсетілген, яғни «могила» немесе «мавзолей» деген сөз. Карта жасалған уақытта өмір сүрген адамдар бұл кесененің Жәнібекке арнап салынғанын білген. Өкінішке қарай, ауылшаруашылық жұмыстардың қарқынды жүргізілуіне байланысты бұл ескерткіштер бүлінген. Тек қана қабырғалары ғана қалған. Бұл біздің тарихымызға жасалған үлкен қастандық деп бағалар едім. Бірақ аман қалған архитектуралық және кесектердің декор ерекшеліктеріне қарап бұл кесене сол замандағы белгілі тұлғаға арнап салынған деуге болады.
Ғалымдардың пайымдауынша, қазақ тарихында хандық еткен Жәнібек есімді 3 адам болған. Алғашқысы Алтын Орданың ханы болған, ол Сарайшықта жерленген. Тағы бір Жәнібек Есім ханның үлкен ұлы. XVII ғасырда жоңғарлармен соғыста қаза тапқан. Ендігі бір Жәнібек, ол – Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек хан. Алтын Орда мен Қазақ хандығының хандары Дешті Қыпшақ даласын мекен еткен. Одан бөлек Қорғалжын өңірінің тарихи топографиялық жер-су атауларына да мән берсек қызық деректерді табамыз. Ол жерде Сұлтангелді, Абылай, Керей деген атауларды да кездестіреміз.
Біздің археологиялық зерттеулеріміз Қорғалжын өңірінде орналасқан кесенені Жәнібек ханға тиесілі деген тұжырымды қуаттайды.