Орамал – тәрбиенің кепілі емес – Аягүл Миразова
Орамал – тәрбиенің кепілі емес – Аягүл Миразова
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің хиджаб киетін оқу­шыларға қатысты пікірі қызу талқыланып жатыр. Қақ жарылған қоғамдық пікірдің бір жағында оқу­шы қыздардың мектепке орамал тағуына рұқсат беруді құптайтындар тұр. Сондай-ақ баласын білім­нен шеттеткен ата-ананы жауапқа тарту қажеттігін айтатындар да бар. Бұған қатысты ардагер ұстаз, Қа­зақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразованың пікі­рін білген едік.  – Қазір қоғамда мектеп формасын өзгертуге қатысты қызу талқы жүріп жатыр. Мектепте қыз­дардың орамал тағу-тақпау мә­се­лесін қолдайтындар да, қолдамайтындар да көп. Сіз не ойлайсыз? – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің мектептерде бекітілген арнайы форма болған жоқ. Оқу­шылар еркін үлгіде киінді. Ол кезде бақуатты отбасылардың бармайтын жері, алмайтын дүниесі жоқ еді. Олар балаларын үлде мен бүлдеге орайтын. Ал тұрмысы төмен отбасылар баласына шамасы жеткенін әперетін. Оқушылар білімге көңіл бөлуден қалды, бір-бірінің сырт киімін аңдып, бірі барына малданып, ал енді бірі жоғына қынжылды. Бұл балалар арасында теңсіздік тудырды. Ол уақтта мектеп директоры болдым. Сонда өзім куә болғанмын. Кейіннен мектеп формасы бекітіліп, бұл мәселе шешімін тапқан еді. Білім және ғылым министрінің мектеп формасына байланысты 2016 жылғы бұйрығы бар. Сол бұйрыққа сәйкес, әрбір өңір, әр мектеп ата-аналармен ақылдаса отырып, мектеп формасының үлгісін таңдай алады. Кешелі бері оқушы қыздардың орамал тағу-тақпау мәселесі қоғамда қызу талқы­ланып жатыр. Қазақ қай заманнан бері қызына орамал тағып, бетін бүркеді? Қазақтың қай шығарма-дастанын оқысаңыз, қыздары бұрымды болған, тақия киіп, үкі таққан. Ата-бабамыз қазақ қызына ерекше көңіл бөлген, терең тәлім-тәрбие берген. Орамал таққан қыздың сана-сезімі бөлек, иманды, тәрбиелі бола қалады дегенге сенбеймін. Ұстаз ретінде оқушы қыздың орамал тағуына қарсымын. Мектеп оқу­шы­ларына ортақ тәртіп бар, ата-ана мен оқушы қай дінді ұстанса да, тіптен дінсіз болса да, сол ережеге бағынуы керек. Әрбір ата-ананың қалауын сұрап, ығына жығыла беретін болсақ, мұндай мәселелер туындай бермек. Жалпы, қазақтан асқан еліктегіш халық жоқ шығар. Қазір жүріс-тұрысымыз, киім киісіміз, сөз саптауымыз, өмірге, болашаққа көзқарасымыз, бәрі-бәрі шұбарланып, таза қазақ болудан қалдық. – Министр Асхат Аймағамбетов хиджаб киетін оқушылардың көрші мемлекеттердің онлайн мектебінде оқып жатқанын, ал кейбірі мүлдем білім алмай жүргенін айтты. Осы мәселені шешудің қандай жолдары бар? – Ата-ана баласының білім алуына тікелей жауапты. Егер мектепке орамалсыз жібергісі келмей, қызын білімсіз қалдырып жатса, ол ата-ана заң алдында жауап беруі тиіс. Министр айтқандай, біздің мектептерден баласының құжатын алып, көрші елге көшпек болған, бірақ шекара аспай, тек онлайн мектепте оқытып жатқан немесе қызын мүлдем білімсіз қалдырған ата-аналарды құзыретті мекемелер тексеруі тиіс, анықталған жағдайда жауапқа тарту қажет деп есептеймін. Кем дегенде 9-сыныпты бітіруіне мүмкіндік жасасын, мектептен кейінгі білім ордаларына орамалмен-ақ барсын. Тіпті болмаса, баласын медресеге берсін. Ал қызының болашағына бейжай қарап, оны білім алудан шеттететін ата-аналар жауапқа тартылуы тиіс. Орамалсыз жүрген оқушы қыздар әдепсіз де, оранғандардың бәрі тәрбиелі дегенді кім айтты? Орамал ештеңе шешпейді. Баланың болашағы ойыншық емес. Ал осыны түсінбей, ойына келгенін істейтін ата-ана заң алдында жауап беруі тиіс. – Зайырлы мемлекетте мектеп формасы қандай үлгіде болу керек деп ойлайсыз? – Оқушының білім алуына ыңғайлы, аяқ-қолын еркін созып-бүгуіне қолайлы, классикалық үлгідегі форма болуы керек. Білім және ғылым министрінің мектеп формасына байланысты 2016 жылғы бұйрығында ұсынылған форма стандартқа толық сай деуге болады. Қыз өзіне сай жинақы киінуі тиіс. Жейдесінің мойын ойығы төмен болмауы керек. Шалбар киюге әуестенбей, көйлек, белдемше кисе игі. Бұл жерде де тәрбие бар. «Бітімін бойжеткеннің шолпы сақтар» деген дана қазақ. Бағзыда шолпы жас қыздардың жүрісі мен өзін ұстау мәнерін қалыптастырған. Қыздың биязы болуына киім киісі тікелей әсер етеді. Ал ер баланың костюм-шалбары мен ақ жейдесі болса жеткілікті.

Дайындаған Асыл ТҰМАР