Жасыл желек – жанға сая
Жасыл желек – жанға сая
545
оқылды
Ақтау қаласын көгалдандыру ісі енді алдағы 5 жыл қа­та­рынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүргізіледі. Осыған дейін шөлейтті облыс орталығын жасыл желекке орап, оны суарумен айналысатын мекеме жыл сайын анықталатын. Бұл жұмыстың сапасына кері әсерін тигізді. Сондықтан қала әкімдігі келісім мерзімін 5 жылға ұзартты. Жеңімпаз мекеме – GreenCityAktau ЖШС. Жоба аясында Ақтау қала­сын көгалдандыру, ағаш, бұта­, гүл отырғызу және жа­сыл желек пен ағаш­тарды кү­тіп-баптау жұ­мыстары жүргізіледі. Бес жылға бағытталған жоба аясында жапырақты ағаштардан 20 905 дана, қылқанжапырақты ағаштардан 11 750 дана, сәндік бұталардан 1 460 дана, бұталардан 20 000 метр, көгалдардан 5 000 шаршы метр, гүлзарлардан 652 500 дана, раушан гүлдерінен 18 000 дана егу жоспарланған,– деді Ақтау қалалық тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әнуар Туляков. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс іс­тей­тін мекеме анықталғанға дейін жыл басынан бері «Ақбота» МКК көгалданды­рушы­лары жасыл желекті күтіп-ұстау, сон­дай-ақ жаңа ағаш кө­шеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізген. Олар ақпан айынан бастап 4 650 түп ағаш отырғызды. Оның 2 650 данасы – қылқанжа­пырақты (қа­рағай, биота) 2000 данасы жа­пырақты ағаштар (айлант, клен, ясень, килитерия). – Сонымен қатар қаланың 9, 11, 14-шағынаудандарын бірік­тіретін айналма жолдың ор­та­сына 112 000 дана біржылдық пе­тунья гүлі, 12-шағынаудандағы Тобанияз ескерткішінің алдына раушан гүлдері егілді. Отыр­ғы­зыл­ған көшеттердің барлығы Ақтау қаласында өсірілген. Яғни, барлық ағаш пен көгал – Маң­ғыс­тау облысының құрғақ кли­ма­ты­на төзімді жасыл желек, – деді Әнуар Туляков. Ал жасыл желекті суару жұ­мыстары биыл Ақтауда алғаш рет су құбыры арқылы жүргізіле бастады. Жылдар бойы теңізге кетіп жатқан жерасты тұщы суларын тиімді пайдалану үшін қаланың орталық бөліктеріне, саябақтар мен алаңдарға ұзын­дығы 55 шақырымды құрайтын құбыр тартылды (қажеттілік ­тәу­лігіне 1 700 м3). Қазір аталған құбырлардың 45 шақырымы іске қосылған. Қалған 10 шақыры­мы­на жөндеу жұмыс­тары жүр­гізіліп жатыр. Маусым айының соңына дейін толықтай іске қосылмақ. Бұдан бөлек, шағынаудан бойындағы жасыл желекті суару үшін GreenCityAktau ЖШС жыл соңына дейін тағы 40 шақырым су құбырын іске қоспақшы. Қазір оның 13 шақырымы 1, 2, 3, 3а, 3б, 4-шағынаудандарына жүргізіліп, іске қосылды. – Шағынаудан ішіндегі жа­сыл желекті суару үшін қазір мүлік иелерінің бірлестігі және тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекемелермен келіс­сөздер жүр­гізіліп, келісімшартқа отыруға жұ­мыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ қосымша 30 дана арнайы су тасушы көлік қаланың жасыл желегін суарып отыр. Бірі жер астында, екіншісі жер үс­тін­де орналасқан 60 текшеметрлік қос резервуар бар. Оператор күн сайын таңғы сағат 6-да келіп, сорғыларды қосады. 7.30-дан бастап, көліктер келіп, су тол­ты­рып алады. Бірінші ауысымда сағат 8:00 - 16:00 дейін 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Осы уа­қыт аралығында көше бойын­дағы ағаштарды суарады. Жасыл желекті, газондарды қырқады. Екінші ауысым сағат 16.00-де басталады, 20 адам шағынау­дан­ды суарады. Бір шағынауданға шамамен 10 күнде қайтып келеді, – деді Әнуар Туляков. Қазір GreenSityAktau ЖШС мекемесі талды улау (дезин­фе­к­ция) жұмыстарын да жүргізіп жа­тыр. «БИ-58» және «Карате» деп ата­латын у түрлері қолданып ке­ле­ді. Қала аумағында 40 мыңға жуық жасыл желек улаудан өтті. Аталған жұмыстар әлі де жалғаса бермек.