Жаңаша өзгерістер қарсаңында тұрған еліміздің дамуына оның әрбір азаматы атсалысуы қажет. Ол үшін бірінші кезекте қоғамда мемлекетке ғана иек артып, соның көмегімен ғана өмір сүремін деген масылдық психологиядан арылу қажет. Мемлекет те өз тарапынан тікелей функциясы – реттеушілік пәрменін қолға алатынын мәлімдеп отыр. Ендеше, патернализмнен ада болып, мемлекеттің қамқорлығын емес, қолдауымен-ақ қатардан қалмауға болады.Патерналистік көңіл күй өте жоғары
Сонымен, мемлекет пен халық арасында әлеуметтік қатынастарды қалайша дұрыс жолға қоюға болады? Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын қалайша ажыратамыз? Қазақстанда патерналистік көңіл күй қаншалықты күшті? Осы мәселе жөнінде сарапшылардың пікірі әртүрлі. Қалай болғанда да, түйін біреу – қазақстандықтарды масылдықтан түбегейлі ажырату керек, әйтсе де мемлекеттік саясаттың әлеуметтік құрамдас бөлігін босаңсытып алуға болмайды. Өйткені қазір екеуі де өткір тұр. Бұл ретте Германияның Фридрих Эберт атындағы қоры таяуда еліміздің 14 пен 29 жас аралығындағы жастарының өмірлік құндылықтары мен не күтетіні туралы зерттеу жүргізгенін атай кеткен жөн. Орталық Азияның өзге елдерімен салыстыра зерделенген бұл зерттеуде біздің жас буынның патерналистік көңіл күйі өте жоғары болып шыққан. Олар бұрынғысынша мемлекеттен түрлі жәрдемақы, жеңілдіктер түрінде, тіпті несиелік рахымшылық сипатында көмек күтеді екен. Әсіресе, мемлекет еңбекпен қамтып, қызметке орналастырады деп күтетіндердің қатары өте көп екен. Ал зерттеуде қарастырылған жас санаты Қазақстан халқының жартысын құрайтын контингент екенін ескерсек, бұл жақсы ахуал емес.
«Қазақстандық қоғамда патерналистік және масылдық қатынастың қаншалықты терең тамыр жайып кеткендігі туралы әзірге дөп басып айту қиын. Өйткені дәл қазіргі жағдайда ел экономикасының геосаяси жағдайлардың салдарынан қандай күйге ұшырайтыны әзірге белгісіз. Әйтсе де, мұндай көңіл-күйдің өсе түскендігін зерттеулер көрсетіп отыр. Оның бір себебі Қаңтар оқиғасынан соң түрлі түйткілдер, соның ішінде әлеуметтік өткір мәселелер бойынша мемлекетке талаптың күшейе түскендігінде болуы мүмкін. Халықтың бір тобы несиені кешіру, жәрдемақыны көбейту, тегін баспанамен қамту сияқты базалық сұраныстарды талап етсе, басым бөлігі саяси-экономикалық шынайы трансформацияны күтіп отыр», – дейді Орталық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Анна Гусарова.
Әлемніңқайелінедетән
Латынның paternus деген сөзінен шыққан «патернализм» термині «әкелік қамқорлық» деген мағынаға сәйкеседі. Яки, мемлекет халыққа базалық деңгейдегі қажеттіліктерін қамтамасыз етіп береді де, соны міндетсініп көпшілік сипатта да, жеке сипатта да азаматтардың өзін қалай ұстау керек екенін талап етіп отырады. Бұл қамқоршылық-бағыныстылық моделі масылдық көңіл күйді күшейте түсетіні әлдеқашан дәлелденген. Мұндай жүйе Қазақстан қоғамына социализмді негіз еткен кеңестік өмір салтымен бірге келді. Содан бері одан арыла алмай келеміз. Әйтсе де, осынау әлеуметтік құбылыс әлемнің барлық мемлекетіне, соның ішінде дамыған елдерге де тән екен.
«Мұндай көңіл күй кез келген елде, әсіресе дағдарысты кезеңдерде, күшейе түседі. Мәселен, бұл туралы Халықаралық валюта қорының бұрынғы өкілі, экономист Дуглас Редикер былай деген: «Мемлекеттің экономикадағы рөлі анағұрлым арта түскен сайын ол өмірдің әр саласында нарықтық қатынастарға соғұрлым араласа түседі, бұл азаматтардың патерналистік көңіл күйін арттыра түседі». Ал бұл өз кезегінде тоқырауға алып келеді. Өйткені, мұндағы басты критерий – жұмыстың нәтижелілігі емес, билікке лоялдылық. Билікке қарсы шықпасаң болды, сенен еңбек өнімділігі талап етілмейді. Бұл жағдайды аргентиналық экономист Мариано Грондон: «Патерналистік сипаттағы қатынастар – дамуға емес, тұрақтылыққа негізделген мәдениеттің бір бөлшегі» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Сондықтан да билік халық үшін барлық шешімді өзі қабылдап, оларды өз өміріне жауапкершілік алудан тыс қалдыра беретін болса, сәті туғанда азаматтар өз бетінше болған жағдайдан шығудың орнына мемлекеттен жеңілдіктер мен қолдауды екі есе талап ете түсетін болады», – дейді әлеуметтанушы Шынар Сүйіншалиева.
Балықпа, қармақпа?
Сонымен, бұл тығырықтан шығар жол қандай болмақ? Абзалы, таразы басына мемлекеттік қолдау мен халықтың табыс табу мүмкіндігін қатар қойып, тең ұстау. Мәселен, мемлекет жыл сайын әлеуметтік қолдауға қарайған қаржы бөліп, критерийлер аясын кеңейтіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға, табысы аз жандарға және тағы да басқа халықтың аз қамтылған бөлігіне көмектесіп жатыр. Оның ең бір маңызды бөлігі – Атаулы әлеуметтік көмек (АСП) тағы бар. Бір мысал, 2019 жылы сәуір айынан бастап кедейлік шегі өзгертілді. Бұрын ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ы болса, осы кезден бастап 70% болды. Осылайша АСП алатындар қатары артты. Ең төменгі жалақы деңгейі де 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге көтерілді.
«Халыққа балық берме, қармақ бер» деген сөз бар. Сол сияқты, әлеуметтік межелік көрсеткіштерді өсіре отырып, мемлекет патерналистік модельден де бас тартып келеді. Өйткені, олар азаматтарға жәрдемақы, жеңілдік есебіндегі «балықтан» гөрі, еңбекпен қамтуға және бизнес ашуға көмек сияқты «қармақ» беру қажеттігін де жақсы түсініп отыр. Бұл ретте бірінші кезекте экономиканы ретке келтіріп алу керек. Мұндағы олигополиялық, монополиялық дисбалансты жойып, әділ бәсекелестік пен тең еңбекке жағдай туғызу қажет. Бұл кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді. Оған тек мемлекет емес, халық та атсалысуы тиіс», – дейді «Қазақстандағы дағдарыс орталықтарының одағы» ҚБ жетекшісі Зульфия Байсақова.
Мамандардың айтуынша, елімізде әлеуметтік масылдықтың бір себебін әлеуметтік әділеттіліктен іздеушілердің қатары көп. Бұл – қате ұғым. Өйткені елімізде жолын тапсаң табыс табудың мүмкіндігі мол. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі де кәсібін дөңгелетіп отырған мысал көп. Басты мәселе, «масыл болма, қатарыңнан қалма!» деген ұстаныммен, өзін алға сүйрер әркімнің жеке басының психологиясында жатыр.