Мәжіліс «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын мақұлдады
782
оқылды
Мәжіліс депутаттары «Өсімдіктер дүниесі туралы»  заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа заң жобасын  Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таныстырды.
«Құрметті депутаттар! Заң жобасын қабылдаудағы мақсат – республиканың бүкіл аумағында өсімдіктер дүниесін қорғау, молайту және ұтымды пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеу. Қазір өсімдіктер дүниесін пайдалануды реттеуге байланысты жекелеген нормалар   Орман, Экология, Жер, Су, Кәсіпкерлік кодекстерін, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы»  заңдарын қамтиды. Осыған байланысты «Өсімдіктер дүниесі туралы» арнайы заңды қабылдау қажеттігі бар, ол Қазақстан ратификациялаған халықаралық конвенциялардың ережелеріне де негізделген», деді министр Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе ескерілді. Өсімдіктер дүниесі туралы ұқсас заңдар Аустралия, Канада, Оңтүстік Корея және Еуропалық одақ елдерінде, Қазақстан қабылдаған халықаралық конвенцияларда, сондай-ақ Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан және Украинада бар. «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасының ережелері ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне, сондай-ақ үй маңындағы, саяжай және бау-бақша учаскелеріндегі өсімдіктерге қолданылмайды.
«Заң жобасында өсімдіктер дүниесі объектілерін түгендеу, мемлекеттік мониторинг және кадастр тәртібі айқындалады. Бұл республиканың бүкіл аумағында өсімдік ресурстарының есебін жүргізуге, олардың сандық және сапалық сипаттамаларының өзгерістеріне талдау жасауға, сондай-ақ өсімдіктер дүниесі объектілерін экономикалық бағалауға мүмкіндік береді. Ғылыми ұйымдар берген ұсыныстар негізінде аудандастырылған ағаш түрлері, бұталар, сондай-ақ шөпті өсімдіктер арқылы жасыл желектерді құру тәртібі белгіленеді», деді министр.
Сонымен қатар заң жобасында өсімдіктерді интродукциялауға және будандастыруға қойылатын талаптар, табиғи өсімдіктер қоғамдастығына қатер төндіретін өсімдіктердің бөтен түрлерін енгізуге тыйым салу белгіленеді. Одан бөлек, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар жүргізетін мемлекеттік және қоғамдық бақылау институттары енгізілуде.
«Заң жобасының негізгі жаңалығы – өсімдік әлемінің жекелеген түрлерінің айналысы саласында хабарлама жасау тәртібін белгілеу. Бұл отандық кәсіпкерлік субъектілерінің фармацевтикалық, азық-түлік және техникалық өнімдерді өндіру үшін өсімдік ресурстарын заңды негізде ұтымды пайдалану мүмкіндігіне ие болатынын білдіреді. Бұл шара шағын және орта бизнесті дамытуға, осы салаға инвестициялар тартуға, сондай-ақ бизнес субъектілерінің өсімдіктер дүниесін арнайы пайдаланғаны үшін төлемақы енгізуі арқылы мемлекеттік бюджет кірістерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жеке тұлғалар жабайы жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік шикізатты және өзге де өсімдік ресурстарын жеке және үйде пайдалану үшін өтеусіз негізде және рұқсат беру құжатынсыз жинайды», –  деді Экология министрі.
Мұндай заң жобасы өсімдіктер дүниесі саласындағы жалпы мемлекеттік міндеттерді шешуді көздейді және «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңның нормаларын толық іске асыру үшін Орман, Жер, Кәсіпкерлік, Салық кодекстеріне, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдарға түзету енгізуді  талап етеді.